28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Аталған мерекеге орай аудандық әкімдікте аудан аумағындағы ірі ұйымдардың жұмыс берушілерімен кездесу өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоғжанов, ауданымыздың прокуроры Нұрлыбек Мұсағалиев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақсай басқармасы бастығы Марат Мухтубаев, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Жаслан Абдушев, КПО б.в. компаниясының өкілдері мен аудан кәсіпорындарының басшылары қатысты.
- 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны баршамызға мәлім. Яғни, қоғамда адал еңбек, адал азамат құндылықтарын сіңіру жолындағы жүйелі істер атқарыла бастады. Сонымен қатар, жыл сайын 28 сәуірде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Бұл күнді өткізудің басты мақсаты – қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелеріне назар аудару, олардың әлеуметтік қорғалуын және еңбек қауіпсіздігін арттыру болып табылады. Қазақстан кәсіпорындарында жыл сайын 1400-ден астам өндірістік жазатайым оқиға тіркеледі, оның шамамен 200-і қайғылы жағдаймен аяқталады. Сондықтан әрбір жұмыс беруші зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын айтарлықтай қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін алға қоюы қажет. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеру бағытында жүйелі шараларды жалғастырып келеміз. Өз ісінің мамандарының арқасында еліміздің жаңа сапасы қалыптасуда. Сондықтан қызметкерлерге қолайлы және қауіпсіз еңбек, тұрмыс жағдайларын жасау, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру – біздің негізгі міндетіміз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Алтай Серғазыұлы.
Жиын барысында қауіпсіздік, ұжымдық шарт, республикалық байқаулар туралы ақпараттар айтылды. Атап өтсек, КПО б.в. компаниясының «Көшбасшылық және қауіпсіздік мәдениеті» бағдарламасы бөлімінің бастығы Жанслу Наурызбаева ҚПО б.в. компаниясындағы «Көшбасшылық және қауіпсіздік мәдениеті» бағдарламасын іске асыру нәтижелері, «Ақсайгазсервис» АҚ жергілікті жұмысшылар кәсіподағының» төрағасы Жәнібек Сауяев «Жұмысшыларды әлеуметтік қорғау және еңбек қауіпсіздігі. «Ақсайгазсервис» АҚ кәсіподақ ұйымының қызметі» туралы баяндамаларын жасады. Сонымен қатар Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының инспекторы Еламан Сиражев «Өндірістік жарақаттардың алдын алу және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс берушілердің міндеттері», аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Басимова «Парыз», «Еңбек жолы» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша жыл сайынғы республикалық байқауға дайындық, ал аудандық Мансап орталығының директоры Айнұр Серікова Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы баяндамаларын оқып, сұрақтарға жауап берді.
Жақында Астана қаласында «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталықтың ұйымдастыруымен «ҚР Үздік Еңбек адамы», «ҚР Үздік Ұжым басшысы» аталымдары бойынша республикалық байқау өткен болатын. Аталған байқаудың мақсаты Жұмысшы мамандықтар жылына орай еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеріп, Президентіміздің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтарды қоғамға кеңінен насихаттау. Бұл байқауда ісіне адал, кәсіби шеберлігімен және үлгілі қызметімен көзге түскен, еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. Биыл аталған конкурсқа ауданымыздан 43 адам қатысқан болатын. Атап айтсақ, «Қазбургаз» АҚ - 3, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі -1, КПО б.в. – 39 қызметкер қатысып, олардың 17-сі марапатталды. Атап айтар болсақ, «ҚР Үздік Еңбек адамы» аталымы бойынша Амантай Байсариев, Ерлан Бақтыгереев, Табиғат Майтаков, Арман Малтүгелов, Болат Нарешов, Жасқайрат Сыйқов, Жеңіс Төлегенов, Мақсат Ермағамбетов, ал «ҚР Үздік Ұжым басшысы» аталымында Ольга Басимовалар марапатталды.
- Мен КПО б.в. компаниясында техник-механик, газдан құтқарушы болып жұмыс жасаймын. Осы салада 45 жыл еңбек етіп келемін. Соның ішінде мұнай-газ саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 31 жыл. Екі айдан кейін зейнет демалысына шығамын. Осы жақында Астана қаласында өткен «ҚР Үздік Еңбек адамы» деген конкурсқа қатысып, марапатталдым. Бұл тек менің ғана емес, менімен бірге жұмыс істеп келе жатқан компаниядағы әріптестерімнің де еңбегі деп білемін. Бұл марапат арқылы біздің еңбегімізді бағалап жатыр деп есептеймін, - дейді КПО б.в. компаниясының техник-механигі Жасқайрат Сыйқов.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы