1.04.2021, 16:23
Оқылды: 69

Еңбек еткен таусылмас ырысқа кенеледі

Жаңа заман. Жаңа дәуір. Жаңа талап. Осының бәрі ауыл-елдімекен тұрғындарын жаңа қағидаларға сәйкес еңбек етуге талпындырады, жаңа өмірге, жақсылыққа құлшындырады, мемлекет ұсынған барлық қолдаудың игілігін көруге ынталандырады. Біз сапарлап қайтқан Мерген ауылында өздерін қамшылаған үстіне қамшылап, ұпайын осылайша түгендеген іскер жандар баршылық. Олар нарықтың бар амалына төтеп беріп, өмірлерін жақсартуға мейлінше ұмтылуда. Осындай жандар туралы оқырманға жариялап отыратын әдетімізден танбай бүгін де қаймағы бұзылмаған ауылдың азаматтарының еңбек үлгісін мақаламызға арқау еттік.

A842B430-7401-4DEF-B468-5C5051018E98

Алтын бесік ауылынан тамыр үзбеген жерлестерінің қатарында мергендіктер Данияр Дауаховтың есімін ерекше атайды. Жас та болса, талпынып, өзіне кәсіп қылған  ісімен туған ауылының өркендеуіне үлес қосып жүрген ол ауылдастарына шамасы келгенше көмегін аямайтын жан.

Мектепті тәмамдаған жігіт ертең қалай өмір сүретінін, қай соқпақпен жүретінін таңдау керек. Оқуға түсіп, өзгелер секілді білімнің артынан қумаған Данияр ауылын қимаса да, жастайынан қара жұмысқа араласып, еңбекпен көзін ашқан ол жыраққа қызметке кетеді. «Әрқайсымыз жоғары білім алып, кеңседе жұмыс жасасақ, ауылдың шаруасын кім атқарады?! Ақылы болса да, оқуға түсіп, өз болашағымды басқаша қалыптастыруға болар еді. Дегенмен ата-анама салмақ салмай, өз саламды өзге жолдан табайын дедім. Уақыттың өзі қолынан іс келетін адамның жерде қалмайтынын көрсетіп жатқан жоқ па?», – дейді ол.

Вахталық жұмыста біраз жыл қызмет еткен ауыл азаматы кейіннен жанұялы болып, ауылға оралады.

«Ер адам – түзде мырза, үйде құл» демей ме, ауылға келген соң  ұзақ жылдар темір тұлпарды тізгіндеген әкесінің жолымен тракторшы боп көпке қызмет ұсынады. Жеке тұрғындардың күші жетпеген жерлерде тракторымен келіп, түскен ұсынысқа сай жұмыс атқарған Даниярға елдің ризашылығы зор. Жоғарыда айтқанымыздай, жерлестерінен көмегін аямаған жігіт ауа райы қолайсыз кездері ауыл іргесіне келіп, ішке ене алмаған, ми балшықты езгілеп, батып қалған талай көлікті тіркеп әкелуге күн демей түн демей барыпты. Ормандағы алапат өртті сөндіруге қажет суды тасуда да осы жігіттің техникасы бастан-аяқ жүрген. Тап бір  ауылдың «Төтенше жағдай министрі» атағына лайық азамат.

2D947FC7-6AF9-4E52-9723-EEBBC08EA5CD

Ортақ іске ақы алмайтыны және бар. Бірінен соң бірі дүниеге келген үш ұл мен бір қызы барын білетіндер ұсынған азын-аулақ ақшаны алғанымен артынан ұялатын едім дейді өзі.

Бірде тегін қызмет жасап, бірде кішкентайларына аздаған нәпақа тауып жүргенде, Данияр  мемлекеттің «Өрлеу» атты бағдарламасы жөнінде естіп, құжаттарын тапсырады. «Еңбекқор жанға мемлекетіміздің қолдауы зор, алғаш 2017 жылы осы бағдарламаның қаражатына 12 бас қой алдым. Айналдырған 4 жылдың ішінде олардың саны 60 қа жетті. Бастысы – ерінбеу, түскен пайданы шашпай, үнеммен пайдалана білу. Ебін тапсаң, қай жұмысты да ширатуға болады», - дейді шаруа иесі.

Данияр өзін маңдайынан бақ сүйген жанмын деп есептейді. Онысы да дұрыс шығар, елгезек, шаруасына епті азамат былтыр нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша жеңілдікпен 2,8 млн теңге көлемінде несие алды. Қойын өсіріп, пайдасын көрген шаруа енді  8 бас аналық сиыр сатып алған.

«Менің өмірімде алдымнан кездескен жақсы адамдар көп болды. Бірі ақыл-кеңесімен демесе, енді біреулері жол көрсетіп, жақсы күнге сендірді. Біздің ауылдық округ әкімшілігіндегі қай маманды алмаңыз, әрдайым көмекке дайын. Осы несиені алуға да құжаты, барысын түсіндіріп,  бас маман  София Алмешова  бағыттады. Тіпті аудан орталығына екі мәрте бірге келіп, құжаттарын рәсімдеуге көмегін тигізді. Сөйтіп бастапқыда 6 пайызбен берілетін несие біз секілді көп балалы отбасыға одан да төмен пайызбен ұсынылды», - деп алғысын білдірді Данияр.

Біз келгенде, қорадағы сиырлардың сиырлардың екеуі бұзаулап тұр екен. Балалар ішетін сүт өздерінен, сонымен қатар мал басының көбейгеніне де шаруа иесі қуанышты. Бүгінде ол «Азиза» жеке кәсіпкерлігін ашып, тіркелген. Әрине, уақ жандықтай емес, ірі қара баққанда шаруа еселеп артылары анық. Бірақ оның бірде-біреуінен қаймықпаған азамат алдағы уақытта мал басын көбейтіп, балаларының болашағын қамтамасыз ететін тірлікті жасаймын деп сенеді. Қандай жағдай болмасын, өзіне, өзінің күшіне ғана сенген Данияр қорадағы малына жем-шөпті ешкімге иек артпай, өзі дайындап алады. Үйдің айналасынан байқағанымыз – жып жинақы ретпен трактор  мен тіркеме, шөп шалғылар қаз-қатар тізіліп тұр екен. Осы техникасының жауапты сәттерде істен шықпауы – Даниярдың темір-терсектің қыр-сырын жақсы меңгергенінің арқасы.

Данияр қашан да сол қора маңындағы тірліктің басында. Қорасында жылқы да көрінеді, әзірге бір-екі бас болғанымен, шаруасын дөңгелеткен еңбеккер олардың санын алдағы уақыттарда арттыруды көздеп отыр.

Аталған бағдарламаның игілігін көрген тағы бір азаматМерген округіне қарасты Жолап ауылында тұратын Жәнібек Қаленов. Күрес спортында аты шыққан жаттықтырушы талай жыл Орал қаласында болып қызмет атқарып, жеке шаруашылықты осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана қолға алған.

Шаруашылықтың іргесін қалаған уақытта өз қаржысына сатып алған «Ангус» тұқымды 15 бас сиыры бүгінде 70 ке жеткен. Бұл да тынбас еңбектің нәтижесі. Шаруашылығына керекті техникаларын да сайлап алып, шабындықта өзі жүреді. Көмекшілері жиендері. Жәнібек ағамыз да «Еңбек» бағдарламасы арқылы қолдаудың бар екендігі жайында округ әкімшілігінен құлағдар болыпты. «Ұрыста тұрыс бар ма?» деген, шаруасын одан әрі дамытуға зор мүмкіндік туып тұрғанда, қай жанның да кетәрі болмасы анық. Жәнібек те құжаттар тапсырып, 4,0 млн теңге несие алып, 11 бас аналық сиырды қожалық қорасына кіргізді. Қаладағы тұрмысты біржолата ысырған ол Жолаптан үй алып, шаруашылыққа ден қойды. «Жаз шанасын, қыс арбасын сайлаған» мұқият қыр адамы күзде жиған жем-шөбінің  жетеріне де сенімді. Шөп бітік шықпай, өзіне тиесілі жайылымнан жеткілікті мөлшерде мал азығын жинай алмаған ол көрші аудандардан шөп сатып алып, былтырдан қалған шөп қорын шашау шығармай сақтаған екен.

Заман өзгерді, бұрынғыдай үкіметтің жұмысын көксегендер біртіндеп азайып келеді. Ауылда ата кәсіппен айналысып, кәсіпкерліктің өрісін кеңейткен осындай жандар көбейсе, ешкім ешкімге алақан жаймасы анық.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале