16.04.2021, 11:39
Оқылды: 296

Еңбек кітапшасы – «Шұғыла»

Жәнібек аудандық «Шұғыла» газеті туралы сөз қозғалса, жұртшылық бірінші Асқар Құсайыновты айтады. Әрине, аудан апталығына қалтқысыз қызмет еткендер, олардың ізін жалғар жас тілшілер жетерлік. Бірақ та қырық жылға жуық бір газетте қалам тербегендер, саусақпен санарлық. Шығармашылығы «Шұғыламен» жымдасқан Асқар ағайды бала кезімнен білемін. Әдебиет сабағын сүйіп оқығандықтан аудандық әдеби шараларға жиі қатысатынмын. Асқар ағайды алғаш рет әділқазылар алқасының қатарынан көрдім. Жазу өнеріне таласы бар оқушыға тілшілер қауымы қызығушылық тудыратыны белгілі. Шашын бір жаққа қайырған, классикалық үлгіде киінген ағайды ойлы жазушыға ұқсатқаным рас. Араға сан жылдар тастап, ағаймен әріптес болдық. Баяғы сол қалпы, ешқандай өзгеріс жоқ. Сабырлы мінезі оның қартаюына жол бермепті.

47F21B5A-3997-4B05-BADA-B3649275B736

Бұрынғы Орда ауданының Орда ауылында дүниеге келген Асқар Құсайынов әкесі Орынғали мен анасы Өтеғанымның тұла бойы тұңғышы. Өзінің артынан ерген сегіз іні-қарындасына қамқор болып өседі. Асқар ағай да сол дәуірдің балалары сияқты көркем шығармалар, газет-журналдарды көп оқиды. М.Горький атындағы Орда орта мектебін бітірген соң кеңшарда жұмысшы болып істепті. Көп ұзамай азаматтық борышын өтеуге шақырылып, КСРО Әскери-теңіз флотында, Мурманск облысының Североморск қаласында атом сүңгуір қайықтарының флотилиясында үш жыл радист болып қызмет етті. Әскерден келгесін Орда аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында автокөлік жүргізуші боп жұмыс жасайды. Бірде оған аудандық «Орда жұлдызы» газетінде қызмет істейтін құрдасы Сәрсенбай Қуаншәлиев хабарласады. Корректор қызметінен тілшілікке ауысып жатқанын жеткізген ол, өз орнына, яғни корректор болуға шақырады. Газеттің сол кездегі редакторы, Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Хамит Сүлейменов Асқар ағайды ойланбастан жұмысқа алады. Корректор боп жүріп ол алғашқы тырнақалды мақалаларын жаза бастайды. Ағай 1981 жылы өзі оқыған М.Горький атындағы орта мектептің 140 жылдығына арнап «Алтын ұя - мектебім» тақырыбында жазған ең алғашқы мақаласын әлі күнге ұмытпапты. 1983 жылы Жәнібек ауданындағы «Октябрь туы» газетіне ауысып, әдеби қызметкер болып істейді. Сол кездері редактор болған Қайырғали Қуанәлиев, редактордың орынбасары, Едіге Өтебалиев, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Мұхтар Жұмағалиев, хат бөлімінің меңгерушісі Серік Ихсанғалиев, жауапты шығарушы Сатыбалды Ашығалиевтер, жас тілші Дәулеткерей Құсайынов, секретарь-машинистка Әсима Есетоваларды ерекше бір жылылықпен еске алады. 1983 жылы Асқар ағай баспаханада қызмет еткен Меңсұлу есімді арумен отбасын құрады. Бүгінде жұбайы екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі аяқтанып, еңбек етуде. Оның аудандық газетте қызмет еткеніне биыл 38 жыл толады. Сөйтіп, газет редакциясына балаң жігіт кезінде келіп, ел ағасы дәрежесіне жетті. Басылымның киелі табалдырығын аттағалы от пен судың, кейде айғай-шудың ортасы саналатын жауапты қызмет - жауапты хатшы жұмысын абыроймен атқарып, құрметті зейнет жасына толды.

Асқар Орынғалиұлы жұмыс істеген жылдар өте бір күрделі кезеңдер еді. Жалпы, газет ғұмырын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Аудандық газетте шамамен үш ұрпақ ауысты деуге болады. Газет алғаш шыға бастаған 1935 жылды бірінші кезең десек, соғыстан кейінгі жылдары екінші кезеңге, ал сексенінші жылдары үшінші кезеңге аяқ басты. Асқар ағай үшінші кезеңнен бастап қызмет етті. Ол кезеңде тақырып аясы да тар болатын. Елдегі шаруашылық, егін егу, өндірістегі озаттар, кәсіптегі таңдаулы механизаторлардың жұмысы... Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің басына түскен қиындықтармен, ауыртпалықтармен тарихта қалғаны белгілі.

-Бұл жылдар біздің редакция үшін де оңай болған жоқ. Адамдардың газетке жазылуы түгілі, тамаққа ақша жоқ кезең болатын. Совхоздардың басшылары газетке жазылған жұмысшылардың ақшасына қолма-қол төлейтін қаржы жоқтықтан қой, астық беріп жатады. Оларды аудан орталығына алып келіп, базарға апарып өткізіп, ақшасын жалақы қылатын едік, - деп еске алады Асқар ағай. Айлық алмай жұмыс істеген кезеңде бірқатар адам газеттен кетіп, басқа салаға ауысқан. Ал ағай газетте қалып, қиындықты бірге көтергендердің қатарында. Тіпті газет редакторы, марқұм Едіге Өтебалиев, есепші Ғайнижамал Айтасованы қосқанда, жұмыста үшеуі ғана қалып, газет шығарған кездері болыпты. Бұған таң қалмаймыз да. Өйткені адалдық қасиет ағайдың болмысына тән. Асқар Орынғалиұлы 1987 жылдан бұрынғы КСРО, қазіргі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Оның жазған әр мақаласында орнықтылық бар. Алған тақырыпты ашу, кейіпкер сомдау – бәрі де табиғи шығады. Аударма ісіне келгенде де алдына көп адамды түсіре қоймайды. Алдыңғы аға буынның ізін жалғауға ұмытылып жүрген мына біздер газеттің төртінші ұрпағымыз. Газетке қалтқысыз қызмет еткен ардагер журналистерден үйренеріміз көп. Журналистикадан бөлек, Асқар ағайдың бойындағы сауаттылық, мұнтаздай тазалық, ұқыптылықтың өзі үлгі.

Айтпақшы, ағайдың сонау тәуелсіздік алған жылдардан бастап осы күнге дейін алған марапаттары жетерлік. Ол өткен-кеткенді, шығармашылығы, мақаладағы кейіпкерлері төңірегінде ашылып айта бермейді. Артық әңгіме айтуға да жоқ. Алған марапаттарымен мақтанып көрген емес. Пайғамбар жасына жетсе де фотоапаратты мойнына іліп алып, жиындарға баруға арланбайды. Ол осы қарапайымдылығымен де басқаларынан биік.

Иә, аудандық газетке қалтқысыз қызмет еткен Асқар Орынғалиұлының өзі де аудан айнасына айналды.

Әсемгүл Қуанғалиева,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале