8.11.2023, 17:15
Оқылды: 55

Еңбек майталмандары ескерусіз қалмасын

Сырым ауданында өткен жиынға «Облыстық ауыл шаруашылығы ардагерлерінің ұйымы» ҚБ-ның төрағасы Лавр Хайретдинов және «Облыстық құрылыс комплексі және тұрғын - үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-ның төрағасы Ғарапша Сахыпов қатысты.

IMG_4394

Жиынға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, мекеме басшылары, сала мамандары қатысып, жиынды аудан әкімдігінің аппарат басшысы Медет Мырзаш кіріспе сөз сөйлеп ашты.

Аталмыш жиында еңбек майталмандарының өткен жылдардағы атқарған еңбектері ескерусіз қалмауы жөнінде нақты деректермен әңгіме қозғалды.

- Бүгінгі күні қандай да дәреже, жетістікке жетіп отырсақ ол аға буынның тынымсыз еңбегінің арқасы, сонау жылдары желдің өтінде, аязды күндер мен жаздың аптап ыстығында төзімділік танытып, маңдай терін төккен дала майталмандарының еңбектегі «қолтаңбасы» деп бағалаймыз.

IMG_4395

Иә, бүгінгі жас ұрпақ кеңестік заманда еңбек еткен ағалардың осынау қажырлы қимылдарын әсте білмейді. Бұл заңды да.
Міне, осы олқылықты түзету үшін біздер ауызбіршілікпен ағалардың жүріп өткен сара жолдарына көз жүгіртіп, жас ұрпақтың сана - сезіміне сіңіре білуге үн қосуымыз керек. Ол үшін ауданда ұзақ жылдар еңбек еткен дала ерлері жөнінде материалдар жинақтап, ауданның энциклопедиясы кітабын шығарған жөн. Ал бұл жинаққа мал басын асылдандыру, техника, егіс, мал шаруашылығы тағы басқа салада еңбек еткен майталман ақсақалдар ұмыт қалмай енгізілуі тиіс, - деді Лавр Рашидұлы.

IMG_4396

Лавр Рашидұлы ауданда басшылық қызмет атқарған, зейнеткер Төлеген Төреғалиевке, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ахат Аралбаевқа «ҚР  ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісін салтанатты жағдайда табыс етті.

Жиында еңбек адамдары, ардагерлер туралы материалдар жинақтау, өткен шақ жөнінде толғамды ой - пікір айту бүгінгі заман азаматтарының басты міндеті екендігі баса айтылды.

Айтқандайын, жиында Ахат Аралбаев «Облыстық ауыл шаруашылығы ардагерлерінің ұйымы» ҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы қызметін атқаруға лайықты азамат деп танылды.

Бұл ұсынысты жиынға қатысушылар қолдап, филиалдың жаңа басшысына сәттілік тіледі.

Мүсірбек Айташев,
Фотоға түсірген: Айжан Амангелдина

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале