19.03.2021, 23:10
Оқылды: 61

Еңбекке бейім Тұрсынғаным

– Көрпе тігумен көптен  айналысамын. Бірақ 80 мың теңгеге іс тігетін машина сатып  ала алмас едім. Өйткені жұбайым екеуміз азын-шоғын малмен күнелтісімізді айырып отырмыз.  Тұрақты табыс болмаған соң,  ондай басы артық ақша қайдан болсын? Мемлекеттің қолдауының арқасында грант  алдым, енді кәсібімді жолға  қоймақпын,  –  деді жарқылдай сөйлеген Тасқала  ауданындағы Амангелді ауылдық округіне қарасты 1-Шежін ауылының тұрғыны, өзін-өзі жұмыспен қамтушы Тұрсынғаным Мауышева бізбен әңгімесінде.  

46AD38AE-E8BB-4B92-BB8A-3C8D007CCD78

Кейіпкеріміз – қолынан ұршығы түспейтін, жаздың күндері қолы жүн жуудан босамайтын, қыста көрпе тігуден шаршамайтын  еңбекқор жан. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру деген 2-бағыты аясында 200 АЕК (555600 теңге) көлемінде қайтарымсыз грант алды. Гранттық қаражатқа өзі айтқандай, іс тігетін машина, 15 қой  және көрпе жасауға ыңғайлы етіп, екі үстел тапсырыспен жасатып, сатып алды. Осылайша көрпе жасауға қажетті дүниесін түгендеп, дөнен көңілі бір марқайды. Іргелес қойлы ауылдардағы тамыр-таныстарын аралап жүріп, ақ қойдың сапалы жүнінің 200 келісін бір-ақ сатып алады. Жұбайы Мұрат «К-700» тракторының дөңгелегінен жүн жуатын  астау жасап берген. Соған 2-3 қойдың жүнін салып жуады. Әуелі, кеңес заманынан мұраға  қалған ескі кереуеттің тор сеткасына жүнді ұрғылап, ошаған шөбінен тазартады. Жүн жуу барысында «Ферри», «Белизна» және соңынан хош иіс беретін сұйықтықтарды  пайдаланады.  Содан қандайма кірпияз тұтынушы оның қолынан шыққан көрпеден мін  таба алмайды.

– Кеңестер одағы тұсында біраз жыл Бәйтерек ауданындағы «Каменский» кеңшарында  «К-700» тракторын айдадым. Ер-азаматтармен қатар жүріп, ауыр жұмыстарды жасайтынмын. Қара жұмысқа пісіп қалғанмын ғой. Кейін одақ тарап, еліміз егемендік алғаннан кейін осы жақтан дәм-тұз бұйырды. Бала-келінім Оралда, қыз-күйеу балам Переметный ауылында. Бір атадан бес қыз едік. Жұмыссыз отырған соң, ермек болсын деп көрпе жасауды қолға алдым. Осы ауылдағы үй біткеннің барлығы жүн иіріп, көрпе жасайды. Бастамада жасаған көрпелерімді апа-сіңлілеріме өткізетінмін. Қала берді, құда-құдағайларым алады. Қаладағы құдағайыма барып, бір күнде жеті көрпе жасап бердім. Дәу тракторды ұршықша үйірген адамға көрпе жасау не тәйірі, сіңлім-ау, – деп әзілдей күліп алды Тұрсынғаным.

Ісмердің қолынан шыққан қонақ көрпелерді Шыңғырлау ауданындағылар, Ақтөбе қаласынан  «құда  түсіп» алушылар баршылық. Негізінен, оның өнімін оралдықтар қыз жасауына деп жақсы алады. Бір-бірінен естіп, тапсырыс береді. Бір қыста 200 келі жүннен кем дегенде 50-60 қонақ көрпе жасайды. Жамылғы көрпелерді тума-туыс, таныстарға дайындайды.

«Отағасы қорадағы азын-аулақ малды қарайды. Май-қаймақ, құрт, ірімшік жасау менің мойнымда. Алдағы уақытта көрпе жасайтын бөлек орын салуды ойлаймыз. Көрпе жасаған соң, оның сыртқы қабын тігіп, дайын күйінде сатуды жоспарлап қойдық. Оған жақсы мата керек», – деп ағынан жарылды Т. Мауышева. Көрпе жасау арқылы отбасы бюджетін толықтырып, отағасына көмекші болып отырған отанасы бір сөзінде: «Қолым бос болса, ауырамын. Жүн түтсем, жаным жадырап, ыңылдап ән саламын, не құдірет екенін», – деп еді. Расында, маңдайы терлемеген адам еңбектің рақатын қайдан сезінсін? Еңбекке бейім болсаң, қатарыңнан кем болмайсың.  «Алма піс, аузыма түс» деп ерінің тапқан-таянғанына арқа сүйеп отырып алмай, хал-қадерінше еңбек етіп, нәпақасын кәсібінен тауып жүр. Тұрсынғанымның еңбекқорлығына қарап, «Тырмысып тіршілік еткенге, Тәңірі де болысады» деген ып-рас-ау деп іштей сүйсіндік.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале