30.07.2026, 17:15
Оқылды: 8

Еңбектен бағы жанған Бумакөл  

Мұрағат құжаттары бойынша Бумакөл ауылының іргесі 1936 жылы «Тельман» атындағы астық өсіру кеңшары ретінде қаланды. Негізінде 1928 жылы 9 үй бірігіп, артель болып ұйымдасқанын айта кетуге болады.

Бумакөл ауылдық округінің құрамында үш елді мекен бар. Олар:  Бумакөл, Облав және Утвин ауылдары. Округке қарайтын қай қай ауыл болмасын табиғаты тамаша жерге орналасқан. Округ бойынша халық саны – 809.  1960 жылдарға қарай ел еңсесі көтеріліп, кеңшарлар мен ұжымшарлар бай-бақуатты шаруашылықтарға айнала бастағаны белгілі. Бұл жылдар біздің ауданымыздың да өсіп-өркендеген ауданға айнала бастаған кезеңімен тұспа-тұс келеді. Жалпы еселі еңбек еткен аудан  тарихындағы жарқын беттердің бірі 1962 жыл. Осы жылы ауданымызға, нақтырақ айтқанда, Бумакөл ауылына  Қазақстан Компартиясының орталық комитетінің бірінші хатшысы, сол кездегі ел басшысы  Д.А.Қонаев келеді. Астық даласын аралап көріп, мыңғыртып мал, жайқалтып егін егіп отырған елдің еңбегіне сүйсінген бірінші хатшы тағы не қажет екенін сұраған. Арада үш күн өткенде ұжымшар агрономы А.И.Русяев  сұраған комбайндар ауылға келіп жеткен екен.   Д. Қонаев  жіберген комбайндар еңбеккерлердің мерейін тасытты. Ал ұжымшардың орта есеппен 26ц. астық алған 1968 жылы жұлдызды жыл болып аудан тарихында жазылып қалды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл ауыл еңбекқорлығынан айныған емес. 2010 жылы Бумакөл ауылы «Үздік елді мекен» облыстық байқауында бірінші орынды жеңіп алған ауыл.

WhatsApp Image 2026-07-17 at 15.48.01

Біз бүгінгі Бумакөл ауылдық округінің бет-бейнесін білу үшін округ әкімі Нарынбек Каймулдиновпен сұқбат құрған едік.

- Нарынбек Өтегенұлы, Бумакөл округінің ел үшін еселі еңбек еткен тарихынан хабардармыз. Бүгінгі Бумакөл туралы баяндап берсеңіз?

- Округ аумағында 2 мектеп-бөбекжай-балабақша кешені,  2 кітапхана, мәдениет үйі, 2 ауылдық клуб, «Жас туристер станциясы» КММ,  «Казпочта» бөлімшесі, Фельдшерлік-акушерлік пункті, 2 ауылдық медициналық пункт жұмыс жасайды.  Сонымен бірге округте 4 азық-түлік дүкені, 17 шаруа қожалығы (ШҚ), 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС), 50 жеке кәсіпкерлік өз жұмыстарын жүргізіп, халыққа қызмет көрсетуде. Ауыл тұрғындары С.Сексембаева, М.Манкеев  мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алып,  құс шаруашылығы және мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстанып келеді. Жалпы, қай уақытта да Бумакөлдіктер еселі еңбегімен ерекшеленген ауыл. Ауылдарымыз тап-таза. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауылдағы мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары өте белсенділік танытқанын айта кетейін. Акция барысында ауыл көшелері және балалар ойын алаңдары қоқыстардан тазартылып, мекеме аумақтарына ағаш көшеттері отырғызылды, саябақтағы ағаш түптері әктелді. Сонымен қатар, Бума өзенінің жағалауы тазартылып, Облавка ауылына кіре беріс жолына ауыл тұрғындарының қатысуымен 55 түп ағаш отырғызылды.

- Ата кәсібіміз саналатын мал шаруашылығынан бастасақ қайтеді?

- Ауылымызда: Ірі қара мал саны -1840 бас, жылқы -729 бас, қой мен ешкі – 1443 бас, 1752 дана - құстар бар. Мал дәрігері сырға, вакцина салу жұмыстарын  уақытылы орындауда. 1250 - бас ірі қара, 500 - бас  ұсақ малдарға сібір жарасына, 200 - бас ірі қара малына құтыруға қарсы, 1550 - бас ірі қара малы аусыл ауыруына қарсы, 461 бас  ірі малға (ЭМКАР) вакцинасы салынып, 700 - бас ірі малға пастереллезге қарсы екпе жүргізілді, ал 1300 бас ұсақ малға ауысыл ауырына қарсы, 500 - бас ұсақ малға пастереллезге қарсы, 100 - бас ірі малға нодулярлы дерматит екпе жұмыстары жасалынды.  Биылғы 2026 жылғытөлдерге 500 бас бұзаумен 500 ұсақ малдар сырғаланды.

Бумакөл (2)

- Бүгінгі Бумакөл немен мақтана алады? Соңғы жылдардағы өзгерістер мен жетістіктеріңіз туралы айтсаңыз?

- Біздің ауылда асфальт бар. Таленов Асхат, Төлепберген Саясат 2 азамат өздері ниет білдіріп ЖСҚ (ПСД) жасап берді.Бұл аз қаржы емес, сондықтан атап өткенді жөн көрдім. Осылайша Бумакөл ауылының 406 шақырым тұратын барлық көшесіне 2023 жылы асфальт төселіп, ауылға кіре беріс 3,8 шақырым да асфальтталды. Бумакөл, Облав, ауылдарында электр желілері де түгел ауыстырылды.

- Қазір жыл сайын мал бағамын, өсіремін деушілерге түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Солардың игілігін көрушілер бар ма ауылдарыңызда?

- Ұмтылыс бар. «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы бағдарламасы аясында 2023 жылы 3 жергілікті тұрғын мал басын көбейтуге қаржы алған. Қалған жылдары әлі ала қойған жоқпыз. Қазіргі таңда азаматтармен мемлекеттік қолдау шараларына қатысу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өзге де қолдау тетіктері ұсынылуда. Ауыл тұрғындары «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытылуда.

Бумакөл (3)

- Бумакөл округін табиғаты тамаша деп қана емес, суы мол, жері құнарлы деп мақтап жатады. Ауылда бақша өсіру жағы қалай?

- Бөрлі ауданының 2025–2028 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, Бумакөл ауылдық округінде ауыл шаруашылығын дамыту және халықтың табысын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде ұжымдық бау-бақша өсіру де бар. Нақтылап айтсам, ауыл тұрғыны Утешов Альберт Букенбаевич 3 гектар жер учаскесін игеріп, ұжымдық бау-бақша жобасын жүзеге асыру жұмыстарын қолға алды. Жоба аясында қарбыз, қауын, қияр, қызанақ, асқабақ, бұрыш және кәді дақылдарын егілді.Аталған жоба ауыл тұрғындарын маусымдық жұмыспен қамтуға, жергілікті халықты көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді деп үміттенемін.

Бумакөл (4)

- Мал жайылып, шөн шабылып, мамыражай тірлік кешіп жатыр дегенмен де ауылда проблемалық мәселелер бар шығар?

- Ауылымыздың өзекті мәселелері деп мыналарды атар едім:. Бумакөл мен Утвин ауылдарының арасындағы жол сапасы нашар, көктем-күз мезгілінде көлік қозғалысы нашарлайды. Ауыл тұрғындары қатты шиыршықты құм-қоспа төсеп беруін сұрап отыр. Сондай ақ, Облав ауылында ауылішілік жолдарды асфальттау және олардың сапасын арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Жобалық сметалық құжаттамасы дайын, қаражат бөлінуін күтіп отырмыз. Сосын  Утвин ауылындағы электр желілерінің тозуына байланысты жарықтандыру жүйесін жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ауыл тұрғындары ескі бағандарға жаңа СИП кабель қойып берсе деген ұсыныс білдіріп отыр.

- Еңбектен бағы жанған Бумакөлдіктерге табыс тілейміз. Ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелер оңынан шешілсін. Және бумакөлдіктерді үлкен жетістіктер күтіп тұрғанына сенеміз.

 

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Бумакөл 1111

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале