15.09.2022, 22:05
Оқылды: 43

Ер балаға ер мінезді болу жарасады

Белес ауылында Бәйтерек аудандық «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті. Балалар жылы аясында ұйымдастырылған бұл өнер сайысына 10 жасөспірім қатысты.

IMG-20220915-WA0139

-Биылғы атаулы жылға орай ауданымызда балаларға арналған «Менің Бәйтерегім», «Кішкентай ханшайым», «Қолөнер – сырлы өнер» секілді түрлі сайыс, іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі – бүгінгі байқауымыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған бұл іс-шараның мақсаты – балаларымыздың білімді, өнерлі, ұлтжанды, ер мінезді болып өсуіне атсалысу. Ең бастысы – Отанын сүюге, ер жеткен соң елге адал қызмет қылуға үндеу. Сонымен қатар ел-жұрттың арасында ер-азаматқа деген құрметті арттыру. Келесі жылы осындай жасөспірім балалар арасында облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Келесі айда, яғни 6-7 қазанда «Кішкентай ханшайым» облыстық өнер сайысын өткізбекпіз. Айта кетейін, соңғы кезде біз аудандық деңгейдегі іс-шараларымызды ауылдық округтерде ұйымдастырып жүрміз. Бұл бір жағынан ауыл тұрғындарына мәдени демалыс сыйлау болса, екінші жағынан олар осындай байқаулардан ой түйіп, балаларына, немерелеріне ұлттық тәрбие берсе деген ниет те бар, -деп атап өтті аудандық мәдени демалыс орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі, байқаудың әділқазылар алқасының төрайымы Амангүл Намазова.

IMG-20220915-WA0143

Меценеттардың қолдауымен болған байқауға ауданның он ауылдық округінен келген 7-10 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Олар өзін-өзін таныстыру, сұрақ-жауап және өнер көрсету бойынша сынға түсті.

Нәтижесінде Трекин ауылдық округінен келген Дәулет Жәдігеров «Жігіт сұлтаны» атағын жеңіп алды. Қалған жүлделі орындар белестік Айсұлтан Амангелдіге, переметныйлық Бек Шайхоллаға, құрманғазылық Нұрлыбек Самиғоллаға бұйырды. Қалған қатысушылар түрлі аталымдармен марапатталды.

IMG-20220915-WA0144

-Мен Трекин ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы орта мектептің 4-сыныбында оқимын. «Байқауға қатысасың» деген күннен бастап әзірлендім. Мені  дайындаған анам Әсем мен ауылдық клубтағы «Айналайын» балалар вокалдық ансамбілінің жетекшісі Махаббат Абатқызына өзімнің жеңісімді арнаймын,-деді жасөспірім балалар арасында «Бәйтеректің жігіт сұлтаны» атанған Дәулет Жәдігеров.

Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале