Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Сондықтан Казталов ауданындағы жұмысшы мамандықтарын дәріптеп, қоғамдағы еңбекқор мамандарды насихаттауды қолға алдық. Бұл қазіргі еңбекке араласып жүрген жас мамандарға үлкен мотивация берері сөзсіз. Осы орайда қай жұмыстың да жаманы болмайтынын негізге ала отырып, кез келген еңбек адамын дәріптеп, қадір тұтқанымыз абзал.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сатқанов Ибрагим Ильясұлы Талдыапан ауылдық округіндегі адал еңбектің зейнетін көріп отырған өз ауылының қадірлі азаматы. Ол 1954 жылы көршілес Ресей Федерациясының Саратов облысында дүниеге келген. Қазір Талдыапан ауылында тұрады. Ол алғашқы еңбек жолын 1968-1970 жылдары Ресей мемлекетіндегі өзі тұрған ауылда трактор жөндеу мекемесінен бастап, 1970-1974 жылдары аталған мекемеде тракторист механизатор қызметін атқарды. 1974-1976 жылдар аралығында Талдықорған қаласында әскерде болып, 1976-1978 жылдары Талдыапан ауылында МТМ мекемесінде темір ұстасы болып жемісті еңбек етті. Одан кейін 1978 жылдан 1997 жылға дейін Талдыапан шарушылығында автокөлік жүргізуші, кейін 1997 жылдан 2012 жылға дейін «Құлагер» ЖШС-де автокөлік жүргізуші болып жұмыс жасады. Ал 2012-2022 жылдар аралығында «Асқар» шаруа қожалығында он жыл бойына үзіліссіз трактор айдап, адал қызмет атқарды. Қазіргі таңда Ибрагим Ильясұлы зейнеткерлікке шығып, адал еңбегінің арқасында отбасымен бірге ауылдастарының құрметіне бөленіп, жарқын өмір сүруде.
-Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, Қазақстан елі барлық қиындық-кедергілерден сүрінбей өтіп, жақсы күндерге сара жолын салып келеді. Оған ел басшыларының сындарлы саясаты тікелей әсер етіп, азаттығымыздың әр күнін адал еңбекпен әспеттеуде. Соның жарқын жемісіндей жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Ол ауыл жастарына үлкен серпін берді. Қазір Талдыапан ауылында жергілікті тұрғындардың өздері таңдап, сайлаған ауыл әкімі Қайырлы Қыдырғалиұлымен бірге ауыл тұрмысын жақсарту барысында бірнеше игі істер қолға алынбақшы. Осы бастамалардың басы-қасынан ауылдың азаматтары түгел табылатынына сенімім мол. Ауылымыз жаңарып, жақсара берсін, - дейді ерен еңбегімен еленген Ибрагим аға.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы