15.12.2022, 17:59
Оқылды: 48

Ерін ардақтау – ел борышы

«Ел намысын - ер ақтар, ер есімін - ел сақтар» деген қанатты сөз бар халқымызда. Елі ұмытпай, есте сақтайтын азаматтардың бірегейі - мемлекеттік қауіпсіздік істері комитетінің полковнигі Ақас Аманғалиевтің есімін мәңгі есте қалдыруды мақсат еткен шара ұйымдастырылды. Аталмыш шара Ақас ағамыздың туған жері – Сегізсай ауылында өтті. Бұл туралы баяндамас бұрын ардақты азамат туралы деректерді ұсынсақ.

318796146_1198980011032246_4586345514287000876_n

Сегізсай тарихтың сырлары тұнған жер. Аққұмда шаһарын салдырған Ақшаханның, айбынды баһадүр Бөкенбай мен оның ұрпақтары Тіленші, Жоламан батырлардың қасиетті мекені. Осынау елде туып-өскен Табын Қарабатырдың ұлы баһадүр Бөкенбайдың тікелей ұрпағы болып саналатын Ақас Аманғалиев ағамыз асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, ерлердің соңғы мұрагеріндей болған азамат. Ол 1937 жылы өмірге келген. Балалық шағы көк шалғынды, өзенді Сегізсай жерінде, Аққұмның  баурайында өтті. Сегізсай ауылында туып-өскен Ақас аға бастауыш мектепте білім алғаннан соң оқуын Шилі орта мектебінде жалғастырады. Мектепте жүргенде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарады. 1957-1961 жылдары Орал қаласындағы А.Пушкин атындағы педагогикалық институтының филология факультетінде оқиды. Институтты ойдағыдай аяқтап елге келгеннен кейін көп кешікпей Шыңырлау аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. 1962 жылы Қазақстан комсомолының Х съезіне делегат болып сайланып, тексеру комиссиясының құрамына енеді. Комсомол жұмысында шыңдалып, өмірлік тәжірибе жинайды. Көп ізденеді, үйренеді, өседі.

1963 жылы Ақас Аманғалиұлы мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жұмысқа шақырылады. Осыдан соң оның тәуекелге толы, қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары үлкен өмір жолы басталады. Ақас ағамыз әуелі Орал қаласында, Украинаның астанасы Киев қаласында әскери оқуларда болып, тәжірибе жинақтайды.

1967-69 жылдары Мәскеу қаласындағы №101 барлаушылар мектебінде, кейін Ю.А.Андропов атындағы Қызыл Тулы КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитеті институтында оқиды. Осыдан соң Мәскеу қаласында жауапты жұмыстарда болады. Осы жерде жүріп барлаушы-дипломатиялық қызметтің қыры мен сырын меңгере түседі.

1970 жылдан бастап А.Аманғалиевтың шетелдердегі дипломатиялық қызметі басталады. 1970-73 жылдарда Индонезияда елшілік қызмет атқарса, 1975-1980 жылдарда Малайзияда жұмыста болды. Елдер арасындағы татулық пен достықты қалыптастыру, экономикалық-саяси жағдайдың тұрақтылығын сақтау жолында уақытпен санаспай, белсенді қызмет етеді. Елден шыққан азаматтың жауапты жұмыста, мемлекеттік деңгейде көрінуі үлкен мәртебе екенін әрбір шыңғырлаулық терең түсінуі ерекше маңызды. Үлкен мақтаныш. Елшілік қызметінен келгеннен кейін де мол тәжірибесін еліне арнап Орал қаласында, Көкшетау жерінде әртүрлі жауапты жұмыстарда болды. 1988 жылдан бастап облысымыздың орталығы Орал қаласында тұрып, бай-қуатты өмір кешеді.

1990-1997 жылдарда «Орал-Трейдинг» қазақ-түрік сыртқы байланысының облыстық басқарма басшысы болып тағайындалады. Сонымен қатар, Абу-Даби қаласындағы «Хусейн-Ал Брейки» компаниясының вице-президенті болып та жасайды. Жолдасы Розамен бірге ұрпағын өсіріп, немеренің қызығына бөленеді.

Енді, міне біртауар азаматқа арналған үлкен шара өзінің туған жері Сегізсайда ұйымдастырылды.

     Аққұмдағы айтулы шара

Желтоқсанның 9-шы жұлдызында көптен күткен шара жүзеге асты. Әйгілі полковник, даңқты жерлесіміз Ақас Аманғалиевті еске алу, есімін елінде ұлықтауды ұйымдастыру мақсатында жиналған топ Сегізсай ауылын бетке алды.

Жол жақын емес. Ұрысай, Жаңакүш, Ақбұлақ, Қотантал, Қайыңды, Ақшат біртіндеп артта қала берді. Міне, Аққұмның етегіне еркін қонған Сегізсай да көрінді. Шағын ауылдағы мектеп өзінің сәулетімен, сәнімен тұрған жерін ерекшелендіріп, көркейтіп көрсетіп-ақ тұр. Мектеп жарық, жылы. Оралдан Ақас ағамыздың жары мен жиендері де келіпті. Бүгінгі жиынымыздың негізі болатын дөңгелек үстеліміз де басталып кетті.

index

Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, естеліктерімен бөлісуге кірісті.  Айтылған ойлардың бәрі де жақсы азамат есімін жадымызда қалдыру жөнінде болды. Роза апамыздың: «Ақас халқы үшін еңбек етті. Сол жолда бар күш-жігерін арнады. Сондай батырдың жары болып, қанаттас жүргенімді мақтан етемін», - дегені көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Кезегімен сөз алған ағамыздың жиені Жаңылдық Киреева, балдыздары Сауле, Мира, аудандық музей директоры Т.Қалиев, зейнеткер З.Сүйіндіковтер  азаматтың биік болмысын одан әрмен аша түсті.

Дөңгелек үстелден кейін жиналғандар А.Аманғалиев атында ашылғалы тұрған класс-кабинетке беттеді. Мектептен арнайы берілген бұл кабинетті ашу салтанатында лента қию рәсімін жасау үшін ағамыздың жары Роза мен аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Есенов шақырылды.

Кең кабинет жарқырап тұр. Бұл жер енді сегізсайлық оқушылардың сүйікті орны болмақ. Кабинеттің ең құнды дүниесі Ақас ағаның үлкен портреті. Портретті мектеп ұжымына Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейі ұсынды. Оралдан келген қонақтар да кабинетті түрлі дүниелермен толықтырды. Кабинетті ашу салтанатынан кейін оқушылар мен ұстаздар шағын концерттік бағдарлама ұсынды.

Сегізсай елінде ерін ұлықтаған ерекше шара да өз мәресіне жетті. Алдағы уақытта полковник Ақас Аманғалиевтің бейнесі мен оған арналған кабинет келешек ұрпаққа ерлік пен елдікті, намыс пен ұлттық рухты айшықтап, биік мұраттарға жетелей берері хақ.

                                                                            А.Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале