9.05.2022, 17:38
Оқылды: 80

Ерлік естен өшпесін

Кім келіп, кімдер кетпеген аласапыран әлемнің бір тозаңы - біз, яғни адамзат баласы. Дүниеге келісімен туған жерін танып, өсіп-өніп, сол туған жері үшін шейіт болғандар бар, ғұмырын еңбекке арнап, сол туған жерін гүлдендіріп өткендер бар, адамзатқа қызмет етіп, халқының ықыласын алғандар, туған жеріне опасыздық істеп қарғыс алғандар да жетерлік тарих жылнамасында.

DF7B462A-63D1-489C-AD88-119A434B5ABE

Барша адамзат баласының 65 пайызының басына тауқымет боп орнаған ІІ дүниежүзілік соғыстың сұрапылы өз елінің шын ұлдарын, шын ерлерін, шынайы еңбеккерлерін танытты. Талай халық тағдыры, туған ошағы, өлкесі үшін күресті. Сан ерлердің есімі ерлік тақталарына мәңгі жазылды. Сансыз құрбандықпен келген сұрапыл соғыстың Ұлы Жеңісіне биыл 77 жыл толмақ. Адамзат баласының мәңгілік тарихында қалатын қаһарлы қырғынның әр күні ерлікке, төгілген қан мен тамған терге толы болды. Тыл майданы да осы сұрапылмен бірдей тоқтаусыз жүріп жатты.

Күші басым, қаруы мол, сайланып келген жауға қарсы соғысқан миллиондардың ішінде Шыңғырлау ауданынан аттанған Садықов Сағи Ізмұханұлы да бар еді.

DA62F407-77E9-49A0-BB1D-A9A353D93B9A

Сағи Ізмұқанұлы - 1917 жылы 10 қазанда Шыңғырлау ауданының Еңбек ауылында дүниеге келген. Қарапайым кедей шаруа отбасында өскен ұл 1932 жылы ауыл мектебін аяқтап, Орал қаласындағы жұмысшылар факультетіне түседі де, оны 1936 жылы аяқтап шығады. 1936-1938 жылдар аралығында Орал педогогикалық институтының негізгі мектептер мұғалімдеріне арналған 2 жылдық курсты аяқтайды. Мұғалімдік мамандығы бойынша 1939 жылы Қаратөбе ауданының Қаракөл негізгі мектебіне жіберіліп, үлгілі қызметімен көзге түседі, көп ұзамай осы мектептің директоры болады. 1942 жылдың қыркүйек айында әскерге алынады. 1943 жылдың 16 қаңтарына дейін Стрелитамак қаласында саяси құрамның білімін тереңдету курсынан өтіп, майданға аттанады. Майдан жолы Орталық майданның 16 артиллериялық дивизиясының 14-артиллерия батареясының 234- миномет полкінің батарея командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары болып басталады. 1945 жылдың 18 наурызына дейін Беларусь майданы 2 гвардиялық танк армиясының І танк корпусы, 37- мотоатқыштар бригадасы батальон командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары дәрежесіне дейін көтеріледі. Осы тұста жарақат алуына байланысты Польша жеріндегі Лодзь қаласында госпитальге түседі. 1945 жылдың 26 маусымында Германиядағы Кеңестік жаулап алушы әскердің 5- екпінді армиясының 60-атқыштар дивизиясы, 942-бөлек зенитті артдивизионы командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары болады. Бұл міндетті 1946 жылдың қазан айына дейін жалғастырып, жарақатына байланысты Германияның Швирин қаласындағы гарнизондық госпитальда емделеді. 9 ай емделіп, госпитальдан кейін Мәскеу қаласындағы В.Ленин атындағы Әскери-саяси Академия жанындағы саяси құрам курсының тыңдаушысы болады. Бұдан әрі Түркістан әскери округінің 6 кавалериялық жеке дивизиясының 78 жеке жойғыш-танкіге қарсы дивизионының бастауыш партия ұйымының хатшысы болады. Жасанған жауды тықсыра отырып, Берлинге дейін барыпты жерлесіміз. Осылайша соғыстың өн бойында Орталық майдан шебінде және І Белорусс майдандарында шайқасады. 1943 жылы Курск түбіндегі Понари стансасында сол аяғынан, 1944 жылы Липица стансасы маңында сол қолы мен тағы да сол аяғынан жеңіл, 1945 жылы наурыз айында оң жақ кеудеден ауыр жарақаттар алады. Соңғы жарақат кеудені көздеп атқан сұрмергеннің (снайпер) оғы екен, тая тиіп, оң жақ иық- кеудені бұзып өтеді. Көп уақыт емделудің нәтижесінде аман қалады. Ержүрек, жауды жеңуге майдан шебін, сарбаздарды рухтандырып, жұмысшы-пролетариаттың жеңімпаз күшінің қашанда жеңіске жететінін ұран ете отырып, қаруластарымен айқасқа талай бірге енген жерлесіміздің ерлік жолына ҰОС-ның ІІ дәрежелі ордені, «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Кеңес әскері және Флотына- 30 жыл» медальдары дәлел.

Майдан жарақаттары себебінен Сағи Садықов өз еркімен Қарулы Күштер қатарынан босап, 1948 жылдың 24 қыркүйегінде елге оралады. Соғысты лейтанант шенінде бастаған жерлесіміз майор шенінде аяқтайды. Кейін қолға тиген әскери құжаттардың бірінде Сағи Садықов туралы партиялық мінездеме берілген екен, онда былай делініпті:

«... Политически выдержан, морально устойчив, в быту скромен и требователен к себе и своим подчиненным».

Яғни, «- саяси сенімі нық, моральдық тұрғыда табанды, тұрмыста қарапайым, өзіне және қоластындағыларға талапшыл...» адам ретінде суреттелген.  

Елге оралған соң Сағи Ізмұханұлының  еңбек жолы сол кездегі Ново-Петровка (қазіргі Қарағаш) негізгі мектебінің директоры болып жалғасады. Көп ұзамай Шыңғырлау совхозының партбюро хатшысы, 1952-1954 жж. Сұлукөл МТС директорының саяси орынбасары, кейінірек Сұлукөл, Полтавка совхоздарының партбюро хатшылығы, Шыңғырлау м/совхозы директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары   қызметтерін атқарады. Бейбіт заманның белсенді еңбек жолы да лайықты бағаланып, «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанады.

Сағи Садықов майданға аттанғанда елде оның жары Рәзия мен 1941 жылы туған Хамит деген ұлы қалған еді. Елге оралған соң отбасы 1949 жылғы қызы, 1953 жылғы Амангелді, 1955 жылғы Әмина және 1960 жылы туған Нұрлан атты балаларымен толығады.  Әулет балалары бүгінде еліміздің және ауданымыздың әр саласында қызмет еткен, алды зейнетке шыққан отбасылар. Бізге белгілі болған, ауданымыздан шыққан майдан офицері туралы бір мәлімет осындай.

Иә, қан майданға қарумен аттанған сарбаздар көп еді, бірақ офицерлер санаулы болатын және олардың майдан жолы белгілі себептермен көп жағдайда құпия ұсталынып келді.

Байқағанға, біздің әрбір атмыз - аңыз, ардагеріміз - батыр. Ұлықтай білсек ұранға татитын ардақтыларымыз жетерлік. Бүгінгі күні осынау зұлматта орын алған, бірақ белгісіз қалған, айтылмай жүрген ерліктер, баяндалмаған батырлық жорықтар түгенделуде. Ауданымыздан шыққан офицерлер, олардың ерлік жолдары да солардың қатарында. Білгендер үнсіз қалмасын, ел болып, ерлікті дәріптейік, тұтас тарихымыз етіп шығарайық. Бүгінгі көзі қарақты оқырманнан өтініш осы.

 Аман Керей,

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале