8.12.2022, 17:30
Оқылды: 71

«Ертеңімін елімнің»

Бүгін Балалар жылына орай аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен «Ертеңімін елімнің» атты ер балалар хорының байқауы өтті.

IMG_4810

Араға ұзақ жылдар салып балалар хоры қайта жаңғыруда. Ауданда ең алғашқы балалар хорын Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің музыка пәні мұғалімі болған Әслима Лұқпанқызы құрған болатын. Хор жасақтап, әр баланың дауыс ырғағын үйлестіру - әрбір адамның қолынан келе бермейтін іс. Тірісінде өз саласының ауыр жүгін сүйретіп, талмай еңбек етіп, ауданның атын танытқан еді.

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Дархан Закарин сөз алып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

IMG_4791

Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, ақын Өмірзақ Ақбасов пен «Жыр Тұмар» ақындар мектебінің тәрбиеленушісі Ғилымхан Ақбаян мектептен тыс жұмыс орталығының жасақтаған «Өрге ұмтылған өрендер» атты кіші энциклопедиясының тұсауын кесті.

Көп жылдардан кейін қайта жаңғырған бұл байқауға Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғали, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, ақын Өмірзақ Ақбасов, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының бас әкімгері Мирзада Сүндетқалиева, мәдениет саласының үздігі, сазгер, сырнайшы Ерлан Сатыбаев, аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғазиза Сүлейменова төрелік етіп, қазылар алқасының қатарынан табылды.

IMG_4760

Байқаудың шарты бойынша бұл сайыста ауданымыздың 13 мектебінен 2-4 сынып оқитын ер балалар жерлес ақындардың сөзіне жазылған әндерден хор айтып, бақтарын сынады.

Сонымен қатар Балалар жылына орай аудандық мектептен тыс жұмыс орталығы қыздар арасында «Бес асық» ойынын ұйымдастырды. Қазақтың бұл ұлттық ойыны Рухани орталықтың базасында өтті. Балалар хоры байқауының нәтижесінде Ә.Жангелдин атындағы ЖОББ мектебінің бүлдіршіндері ІІІ орын, М.Жүнісов атындағы ЖОББ мектебінің балғындары ІІ орын, М.Мирманов атындағы ЖОББ мектебінің оқушылары І орын алды. Бас жүлде Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББ мектебінің балдырғандарына бұйырды. Сондай-ақ бас жүлде иегері облысқа жолдама алды.

IMG_4752

Ұлттық ойынның нәтижесінде Мадина Төлеген (Айдархан ЖОББ мектебі) ІІІ орынға, Айнара Қажиден (аудандық мектептен тыс жұмыс орталығы) ІІ орынға, Әмина Тілекқабыл (№3 ЖОББ мектебі) І орынға ие болды. Барша қатысушылар алғысхаттармен және дипломдармен марапатталды.

Райхан Хамзина,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале