8.12.2020, 10:26
Оқылды: 109

«Ертеңіміз үшін бүгінгі іс-әрекетімізге жауаптымыз»

Covid-19 пандемиясы жарияланғалы елімізде, облысымызда, тіпті ауданымыздағы ахуалға байланысты шектеулер бірде қатаңдатылып, бірде жұмсартылуда. Шындығы сол, мұны ескерген де бар, ескермей, сауық-сайран құрып жүрген де бар. Тойханалар мен мейрамханалар есіктерін құлыптағанына біраз болғанымен, үйлерінде отбасылық шараларды өткізіп, қызын ұзатып, келінді болып жатқандар жеткілікті. Жақсылық болғаны жақсы ғой. Дегенмен...

28DAF128-F666-4AA1-90B7-0419F18486C5

Тәртіп бәріне ортақ

Қадірлі қонақтарыңыз кейін ауруға шалдықса, не боларын ойланып көрдіңіз бе? «Отырыстан ауру жұқтырып, ол өлімді жетектеп әкелсе» деген ой келді ме өзіңізге? Бүгінде облысымыздың бас санитары жаназаның өзіне қатысушылар жиырма адамнан аспасын деуде. Мұны ауданымыздың имамы Қуандық Насыров та құптап отыр:

– Біз де өз тарапымыздан тұрғындарды қоғам тәртібіне мойынсұнып, шектеулерді орындауға  шақырып жатырмыз. Жан садақа, сәбиге есім беру, марқұмды еске алу, және т.б. отбасылық шараларды өткізуді кейінге қалдыра тұруды айтудамыз. Бұл күнде мешітіміздің есігі қалың бұқара үшін уақытша жабылды. Індеттен арылған күні айқара ашамыз деп айта аламын. Әзірге біз де талаптан аттамай, қоғамның саулығын сақтауда қызмет етудеміз. Карантиндік талаптарға сай жаназада да әлеуметтік арақашықтық, тұмша  тағу сынды сақтық талаптары сақталуда. Егер марқұмда Covid-19 белгілері байқалып, осынау індеттен көз жұмғаны белгілі болса, онда оны үйінде түнетпейтінінен көпшілік хабардар. Олардың мүрделері арнайы қапқа салынып, ауруханадан үйіне тек жаназа шығарар алдында әкеледі. Оның туыстарына марқұмның бетін ашып, қоштасуға рұқсат етілмейді. «Туысымды бір көріп қалайыншы» деп ниет білдірушілер боп жатады. Дегенмен талап бәріне ортақ. «Кеткеннің артынан кетпек жоқ» екені белгілі, сондықтан сақтықты жоғары қоюдамыз. Адам мұндай жағдайда да әртүрлі аурудан не жасы жеткеннен қайтуы мүмкін. Медициналық сараптамада дүние салуына Covid-19 себеп болмаса, онда марқұмды салт-дәстүрге сай, оң жаққа қойып, әрулеп барып, жерлеуге рұқсат береміз. Онда да жаназа намазының уақыты қысқартылып, көпшіліктің бір жерде шоғырлануын азайтуға қызмет етудеміз. Соңғы талаптарға сай жаназаға да қатысушылар саны шектеліп жатыр. Осы ретте марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға тек ет жақындары қатыс-қандары жөн. Ал өзге алыс-жақын дос-жолдастары, басқа да таныс-тамырлары ниеттерін, ұялы телефон арқылы білдіріп, көмек-терін де сол мобильдік қосымша арқылы аударып,  өз саулықтарын да сақтаса игі болар еді, – дейді аудан имамы.

Раушан Бақытова,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №97 санынан оқи аласыздар.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале