31.01.2023, 13:00
Оқылды: 28

Есептік кездесулер жалғасуда

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың ел алдындағы есептік кездесулері жалғасуда. Апта басында кезекті басқосулар Трекин, Дариян, Январцев, Рубежин ауылдық округтерінде өтті.

baiterek (2)

Трекин  ауылдық округінің әкімі Мәлік Сейітов тұрғындарға округтің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен биылға арналған міндеттерді баяндады. Жиын барысында ауыл тұрғыны, зейнеткер Жұмазия Жұмағалиева көшелерді жарықтандыру мен ауылға кіретін жолдарды тегістеу жөнінде мәселе көтерді. Округ басшысы  Мұхит, А.Иманов, М.Өтемісов, Жәңгір хан, И.Тайманов, С.Датұлы көшелерін жарықтандыру мақсатында тиісті құжаттар сараптамадан өткенін айтып, енді көшелердегі электр бағаналары сот шешімімен иесіз деп танылуы тиіс, содан кейін жұмыс басталатынын мәлімдеді. Ал зейнеткер Шайқы Бертілеуов Трекин ауылында қазіргі таңдағы маңызды үш мәселені көтерді. Олар: жайылымдық жерлердің жетіспеуі, мал моласының жерін белгілеп, заңдастыру және иесіз иттердің көбеюіне қарсы шара қолдану. Аудан әкімі Марат Тоғжанов айналада шаруа қожалықтарының егістікпен айналысуы себепті жайылым жері кеңейтілмейтінін, ит аулау жалғасатынын, мал моласы бойынша құжаттар жасақталуда екенін жеткізді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары тарапынан су құбыры құдығының (шахта) төмен түсіп кетуі және жарықтандыруға байланысты бірқатар олқылықтар қозғалып, жауапты мамандарға шешу жолдарын қарастыру жүктелді.

baiterek (4)

Январцев ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндаған ауыл әкімі Абылай Жұмағалиев ауыл шаруашылығы саласын көтеру мақсатындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігі мен жаңа технологияның күшімен егіннен мол өнім алуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Округ бойынша тіркелген 17 кәсіпкердің мектеп балаларына көрсеткен демеушілігіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау салалары, қоғамдық тәртіп, инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша атқарылған істерді жіктеп, жиналған жұртшылықтан келіп түскен сауалдарға жауап берді. Тұрғындар тарапынан ауылға банкомат құрылғысын орнатуға ұсыныс түсіп, мал азығын дайындау науқанында науқан кезінде жанар май бағасын қымбаттауына жол бермеу жайы сөз болды. Қылмыскерлердің қолынан туысы қаза тапқан Макарама Джигильдиева аудандағы қылмыстың ашылу көрсеткішіне көңілі толмайтынын айтты.

baiterek (1)

Рубежин ауылдық округінің әкімі Асылбек Кенжин ауыл шаруашылығын өрістету жолындағы жұмыстар, шаруа адамының әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды. 2021 жылмен салыстырғанда былтыр мал мен құс саны артқан, сүт өндіру де өскен.  Былтыр «134» ЖШС тамыз айында жаңа кірпіш заводының құрылысын аяқтап, іске қосқан. Қазіргі уақытта 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар «Рубежинский» АШК қаптамасы бар көкөніс өңдеу кешенінің құрылысын аяқтап, 20 тұрғынды жұмысқа алған. Қазіргі таңда Рубежин ауылының тұрғындарын алаңдатып отырған негізгі түйткілдердің ішінде жергілікті колледжде бүгінгі сұранысқа ие мамандарды дайындау, ауылдық мектепте қазақ сыныбының жабылғалы тұрғаны, ауылға кіре беріс және ауылішілік жолдарды жөндеу, мал жайылымына жер бөлу мәселесі бар. Сондай-ақ су құбырларын өткізу үшін қазылған жердің бітелмей жатқаны, оған еріген қар суының толуы халық үшін қолайсыздық тудыруда. Аудан әкімі Марат Тоғжанов мердігер компанияның жауапсыздығы салдарынан кеткен кемшілікті реттеуге күш жұмылдыратынын жеткізді.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале