2.07.2020, 11:06
Оқылды: 259

Ешкіден пайда екі есе

Жалпы, ешкі атаулы қойға қарағанда жүрдек, қағылез келеді. Қойшының ойын «шайт!» деген даусынан сезетін сезімтал жануар. Сүйемдей ғана қайқы құйрығын шыжбың-шыжбың еткізіп, терекке асылып жапырағын жейді, талдың қабығына өш.

2DE4D3F1-C8F0-45F9-947B-0FE18A9B81EA

-Ешкі – аша тұяқты, күйіс қайтаратын мал. Ешкінің мүйізсіз тоқалы да болады. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айрылыпты» дейтін мәтел бар. Оның арық-семізін қой сияқты арқасын басып көру арқылы емес, төсін (төстігін), мойын түбін ұстап көріп ажыратады. Ешкінің етінен гөрі сүті мол әрі пайдалы. Ешкі сүті сиырдың сүтінен сапалы болады. Оның бұл қасиетін халқымыз ертеден-ақ байқаса керек. Ешкі туралы «Сойса – саны қалақтай, сауса – сүті бұлақтай» деп сол үшін айтқан шығар. Бірақ ешкі ыстыққа да, суыққа да шыдамсыз,- дейді Жәнібек ауылының тұрғыны, мал маманы Мертен Кенжеғалиев.

«Сауса – сүті бұлақтай» дегендей, қара малдың ғана сүтін кәдеге жаратқан жалпақ жұртқа ешкі сүті таңсық көрінуі мүмкін. Алайда Шекшек ата сүтінің құнары, адам ағзасына пайдасы әлдеқашан дәлелденген. Бүгінде есіктен кіріп төрге озған тәжтажал (коронавирус) індеті кезінде әр ұлт өзінің ұлттық тағамдарын пайдаланғаны дұрыс деген пікір орынды айтылып жүр. Бұл жөнінде аудандық орталық аурухананың жоғары санатты жалпы тәжірибелік дәрігері Нұрзия Ишниязова былай дейді:

«Бүгінде ғалымдар ешкі сүті ем, аурулардың алдын алуда, әсіресе қаназдықта, тағамға аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішекқарын жолдары ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда және көздің нашар көруінде пайдалы деген қорытынды жасады. Ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері, аскорбин қышқылы бар. Айта кетерлігі, ешкі сүті сүйек сырқырағанда, буын ауырғанда шипа. Сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүтінде В12 дәруменінің құрамына кіретін кобальт мөлшері алты есе көп, ал калийдің жоғары мөлшері жүрек-қан тамыр жүйесінің қызметіне оңтайлы әсер етеді. Балаларды қоректендіруде сиыр сүтінен гөрі, ақ ешкі сүті пайдалырақ келетінін де айта кету керек. Әрине, бала үшін ана сүтіне жететін тағам жоқ. Бірақ жасанды немесе аралас қоректендіруде ақ ешкі сүті ана сүтін алмастыра алады. Оны алты айдан асқан балаларға қосымша қорек ретінде пайдалануға болады. Ешкі сүті емшектегі, әсіресе мешел балаларға жұғымды».

Археологиялық мәліметтерге қарағанда, ешкі біздің заманымыздан бұрынғы 5700 жылдар шамасында қолға үйретіле бастаса керек. Демек, ол содан бері адам баласына пайдасын тигізіп келеді. Ешкі жүні (түбіті), терісі, сүті, еті үшін өсіріледі. Халқымыз ертеректе серке терісінен бітеу сойып, сусын құятын мес жасаған. Қазақтың кең тараған көп ұлттық ойындарының бірі – көкпар. Бұл аттың да, жігіттің де күшін, ептілігін сынайтын ойын. Көкпарға тек ешкі тартылуының бір себебі, ол жеңіл, ыңғайлы әрі терісі мықты болады екен.

-Бұрын зергерлер жабайы тауешкі мүйізінен иіп үзеңгі, қолға үйретілген ешкі мүйізінен өрнектеп насыбай шақша, неше түрлі пышақтарға сап жасаған екен. Бұл күндері ешкі сүйегінен, мүйізінен, тұяғынан тарақ, желім, терісінен замыш, былғары жасалады. Олардан сәнді етік, қол қапшық, тері шапан тігеді. Қынаға бояп тігілген тон да сәнді болады. Ешкінің түбітінен шәлі тоқылады. Ангор ешкісінің жүнінен тоқылған жемпірлер мен әйелдердің бас киімдері де жоғары бағаланады. Тіпті, ешкінің қылшығы да қымбат бұйымдар жасауға қажет материалдардың бірі. Айталық, қазақ арасында кілем тоқу өнері ертеден дамыған. Әсіресе оңтүстік облыстарда осы күні де көптеп тоқылады. Сол қолдан тоқылатын кілемнің арқауы ешкі жүнінен иіріледі. Бұндай кілем өте төзімді болады. Ұзаққа шыдайды. Қазақ арасында мұндай кілемдердің атадан балаға қалып келе жатқан үлгілерін бүгінде сирек кездестіреміз, - деді аудан орталығындағы «Алтын жіп» тігін цехының меңгерушісі, жеке кәсіпкер, еңбек ардагері Бәтима Масанова.

Халқымыздың ауыз әдебиетіне қарап отырсақ, ешкінің қашаннан да кедейқолды жануар екеніне көзіміз жетеді. Ешкі туралы ертегі болса: «Ертеде бір кедей болыпты. Оның бес ешкісі болыпты», - деп басталады. Ел қатарлы жайлауға шыға алмай қалған кедей ешкісін арқандап сауып ішіп, таңдайын ағартып отырған. Ал байлар болса ешкі сойған үйден өкпелеп аттанатын болған. Себебі ешкі етінің сапасы қой етінен төмендеу әрі майы тез тоңазиды екен. Оның суыққа шыдамсыз, тоңғақ болатыны да содан көрінеді.

-Бірақ ешкі өте өсімтал жануар. Елу-алпыс пайызы егіз табады. Күтімі жақсы, күйлі болса жылына екі туады. Тіпті, шыбыш (бір жасқа жаңа толған ұрғашы ешкі) лақтайды. Ұрғашы ешкі екі жасқа дейін тумаса туша аталады. Осы жастағы еркегін (тарттырылған) серке дейді. Теке - ешкінің күйекке түсетін еркегі. Әлі жасқа толмаған кепе лақтар да текелік жасай береді. Лақтың мүйізі тұтамға толса союға жарағаны деп есептеледі. Лақ күзге қарай жетіледі. Осы кезде оның еті әрі жұғымды, әрі асқазанға жеңіл болады, - дейді еңбек ардагері Мертен Мұстақұлы. Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіровтің: «Шығынсыз шыбыш лақтап, төлдеген тоқты бір заман», - деген өлең жолдарынан жоғарыда ағамыз айтқан шындықты көре аламыз.

Ешкінің жыры мұнымен де бітпейді. Қазақтың бұрынғы өткен күйші-композитор, сал-серілері домбыра ішегін ешкінің аш ішегінен иіретін болған. Әуелі жас ішекті жіңішке ағашқа не шиге орап ысып, қырындысын кетіріп, әбден тазартады. Содан соң иіреді де, керіп тастайды. Кепкен соң шумақтап жинап алып, домбыраға таққан. Осындай қасиетіне қарамастан ешкі төрт түлікте «қой-ешкі» деп қоймен қосылып айтылатын мал. Бірақ көріп отырғанымыздай адам үшін пайдасы төрт түліктің ешқайсысынан да кем емес. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Асылбек Қамашевтің берген мәліметі бойынша, ауданда 7230 бас Шекшек ата түлігі болса, соның 3883-і тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылығына, 3347- сі шаруа қожалықтарына тиесілі екен. Таза ешкі шаруашылығымен шұғылданып отырған құрылым жоқ болып шықты. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» демекші, ол тек жоғарыда тілге тиек болғандай, қоймен қосылып бағылады.

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале