4.06.2021, 9:13
Оқылды: 5

Еске алу турнирі тартысты өтті

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ақжайық ауданы Алғабас ауылында спорт ардагерлері Аманкелді Зұлқашев пен Өтеп Молдабековты еске алуға арналған еркін күрестен облыстық турнир өтті. Екі күнге созылған жарыста кіші топтағы жасөспірімдер, жасөспірімдер және ардагерлер сынға түсті. Сайысқа Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан 280 балуан қатысып, олар 20 салмақ дәрежесінде бақ сынасты.

1369967A-EBAC-466F-89F2-8986F12B545C

Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы мен аудан әкімдігі ұйымдастырған жарысқа спорт ардагерлерінің шәкірттері, жергілікті кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетті.

Турнирдің ашылу салтанатында БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров  пен аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ облыс әкімінің Ақжайық ауданы бойынша қоғамдық өкілі Меңзипа Жұматова, Ақжайық және Бөрлі аудандарының құрметті азаматы,  спорт ардагері Ерболат Нысанбаев ақжарма тілектерін арнады.

Екі күн бойы боз кілемнің шаңын қаққан балуандар бұл белдесуге жақсы дайындықпен келгендерін байқатты. Нәтижесінде ардагер спортшылар арасынан 75 келі салмақ дәрежесінде 50-55 жас аралығында ақжайықтық Биболат Құрмашев, 55-59  жас аралығында Иран Оразбеков жеңімпаз атанды. Кіші топтағы жасөспірімдердің ішінен жаңақалалық Мансұр Нұрлан (20 келі), атыраулық Исмаил Самиғоллаев (23 келі) пен Ерсайын Талап (25 келі), индерлік Қасымхан Дулатов (27 келі), атыраулық Мұхамбет Мүтиғоллаға (29 келі) тең келер ешкім болмады. Ал жасөспірімдер арасында ақтаулық Иса Разаев (29 келі), атыраулық Нұрберген Амандықұлы (30 келі), ақтаулық Данабек Сейтімбетов (32 келі), казталовтық Әмірхан Қуатов (33 келі) топ жарды. 36 келі салмақта Бірлік Алмасұлы (Атырау облысы), 38 келі салмақта Қайнар Жеңіс (Ақжайық ауданы), 39 келі салмақта Алмас Марал (Атырау облысы), 42 келі салмақта Асылжан Байыржан (Орал қаласы) жеңісті қанжығасына байлады.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйлықтар берілді.

 Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале