5.08.2023, 13:08
Оқылды: 50

Ескерткіш тақта ашылды

Қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қанапия Жангереевтің есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Өз заманында елдің тізгінін ұстап, ауданымыздың дамуына үлес қосқан ардақты азаматтың атында өзі туған Казталов ауылында көше аты берілген. Білдей бір әулеттің саялы бәйтерегі болған Қанапия Жангереевтің ұрпақтары 5 тамыз күні ер есімін ұлықтап, бүгінгі ұрпақ жадында сақтау мақсатында ардагердің өзі тұрған үйден ескерткіш тақта ашып, марқұмның рухына құран бағыштады.

IMG20230805101935

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Казталов ауылдық округінің әкімі, марқұмның ұрпақтары, ағайын-тумалары қатысты. Шарада сөз алған округ әкімі Ернар Ғалымов, немере інісі Мәлік Қаратаев, қызы Мәншүк Қанапияқызы ардақты азаматтың өмірбаянын оқып, естеліктер айтты.

Тақтаның ашу құрметі ардагердің ұрпақтары Самал Жангереева мен Әліби Жангерейге берілді.

IMG20230805101957

Қанапия Жангереев 1918 жылы 20 ақпанда Казталов ауданы Казталов ауылының Урожай кеңшарында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагері.

Еңбек жолын 1933 жылы механизаторлықтан бастаған. Ол 1935-38 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауылының МТС-нің комбайнері, 1938 жылдың қыркүйегінде Кеңес Армиясы қатарына өз өтініші бойынша алынған.

1939-41 жылдары Финляндия соғысына қатысып, пулеметшілер бөлімшесінің командирі болды.

IMG20230805101154 (1)

1941-45 жылдары Украина, Ленинград қалалары үшін шайқастарында 25-мотоатқыштар дивизиясының бөлімше командирі болды. Смоленск қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста қаһармандық көрсетті.

Духовинск, Смоленск, Витебск жолдарымен Курляндия майданында болып, жеңісті Германияның Кенигсберг қаласында қарсылаған.

КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1946 жылдың 20 наурызындағы жарлығымен әскерден елге оралды.

1946-49 жылдары Казталов ауданының МТМ меңгерушісі;

1949-55 жылдары Казталов ауданы МТС-нің аға, учаскелік механигі;

1955-57 жылдары Талғар ауыл шаруашылық техникумын оқып бітірген.

1957-60 жылдары облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бұйрығымен Казталов ауданы РТС-нің директоры.

1961-68 жылдары Казталовка совхозының бас инженері қызметін атқарған.

IMG20230805102237 (1)

1968 жылдың 23 шілдесінде КСРО-ның мелиорация және су шаруашылығы Министрлігінің бұйрығымен машина-мелиоративтік станциясының директоры.

1972-80 жылдары КСРО ауыл шаруашылық министрлігінің Министрлігінің бұйрығымен ауданаралық су шаруашылығы бөлімшесінің директоры қызметін атқарды.

Қанапия Жангереев өмір жолында өзін шебер ұйымдастырушы, білгір де іскер маман, жас ұрпақ тәрбиесіне, кадр даярлауда, аудан экономикасын дамытуға зор үлес қосты. Халық арасында лайықты құрмет пен беделге ие болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Казталов ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.

Ұлы Отан соғысының Қызыл Жұлдыз секілді ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

 

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале