29.03.2021, 10:32
Оқылды: 191

Ескі мешіттен енді азан дауысын естімейміз бе?

Сырым ауданының орталығы Жымпитыдағы күмбезін күнге сүйдірген жаңа мешіттің есігі айқара ашылар күн жақын. Алла бұйыртса, мешіттегі алғашқы құтпаны еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының өзі оқиды деп күтілуде. Қалай болғанда да, жаңа мешіттің ашылуы – өңірдің рухани өміріндегі елеулі оқиға болғалы тұр. Жаңа мешіт ашылған күні Жымпитыдағы көне мешіттің есігі жабылады деген сөз рас па? Осыған дейін Сырым өңіріндегі ислам дінінің бағаналы басты ордасы болған Алла үйінен енді азан дауысын естімейміз бе? Жергілікті жамағатты сол алаңдатып отыр.

Біз бұл мәселені былтыр жазда көтергенбіз. «Екі мешіт жақсы, медресе одан да жақсы» деген мақала жазып, ХІХ ғасырдың тарихи ескерткіші болған ескі мешітті жаппау, болмаған күннің өзінде медресе қылып жасақтау туралы ұсыныс айтқанбыз. Діннің шаңырағы діннің шаңырағы болып қалуы қажет. Жаңа мешіт ашылар тұста ескі мешіт жайлы ескі мәселеге қайта оралуға мәжбүрміз. Бұл жолы тарихшы Мұқат Қайыржановтың айтары бар.

меш1

Сырым ауданының орталығы Жымпитыда орналасқан мұсылмандар мешіті еліміздің тарихында ойып орын алатын сәулет ғимараттарының бірі болып саналады. Жымпитыда орталығындағы мұсылмандар мешіті 1890-1896 жылдар аралығында татар халқының сәулет өнерінің үлгісімен салынған алғашқы төрт ғимараттың бірі болды. Мешітті салған Абдрахман деген адам. Күні бүгінде Абдрахманның ұрпағы Усманның қызы Файруза апамыз Жымпитыда тұрады. Мешіттің алғашқы имамдарының бірі Қуанай қазірет Қосдәулетов Жымпитыдағы Күнбатыс Алашорданың рухани көсемі болған.

Мешіттің алғашқы үлгісі қазіргі келбетіне көп ұқсамайды. Бұрын оның бір үлкен мұнарасы және төбесінің орта шамасында шағын кішкене мұнарасы болған. Жымпитыдағы Алашорда үкіметі жойылғаннан кейін, 1921 жылы мешітті аудандық партия комитетінің қарамағына берген. 1928-1929 жылдары Кеңес үкіметінің «Дінге қарсы күресті күшейту шаралары туралы» құпия хаты елді мекендердің басшыларына жіберіліп, имам Қуанай Қосдәулетов тұтқынға алынған. 1933-1937 жылдары Кеңес тарихында «Құдайсыз бесжылдық» жарияланып, ауыл ақсақалдарының айтуынша, билік адамдары мешіттің алдындағы үлкен күмбезін қос өгізбен тартып құлатады. 1958-1965 жылдары мешіт ғимаратында аумақтық басқарма (теруправление), 1965-86 жылдары «Қызыл ту» газетінің редакциясы орналасады. 1986-90 жылдары жеке тұрғын үй болып, онда 3 отбасы тұрған. 1991 жылы 24 қазанда күрделі жөндеуден кейін мұсылмандар мешіті болып қайта пайдалануға берілді. 2007 жылы Сырым батырдың 265 жылдық мерейтойы және Алашорданың 90 жылдығы мерейтойы қарсаңында мешітке күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимараты жаңартылды. Күні бүгінде БҚО-ның «ХІХ ғасырдың қорғауға алынған ғимараттарының» бірі болып саналады. Сонымен қатар, Әбсаттар қажы Дербісәлінің 2009 жылы Алматы қаласы «Аруна» баспасынан шыққан «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» кітабының тарихи мешіттердің тізімінде біздің Жымпитыдағы мешіт те бар.

Қуанай хазірет кім?

        Қуанай Қосдәулетов, Қуанай хазірет (1863, Жымпиты, Қособа а. - 1937) – діндар, хазірет, саяси қуғын-сүргін құрбаны. Руы – Байбақтының Түкіші, оның Қанатай бөлімі. 1863 жылы Жымпитының Қособа ауылдық кеңесінде туған. Бағдат қаласындағы Жоғары діни оқу орнын үздік бітіріп, Стамбул қаласындағы Айя София мешіт-медресесінде имам болған. Күнбатыс Алашордасы басшыларына рухани қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін беріп отырған. Елде ірі байларды тәркілеу басталғанда 1928 жылға дейін жеке меншігінде 20 сиыры, 100 қойы, 10 жылқысы, 6 түйесі бар Қуанай бай да, осы салаға жатқызылып, отбасымен үш жылға жер аударылған. Отбасындағы жағдайында 56 жастағы әйелі Гүлстан, 31 жастағы баласы Қуанаев Зәкір, 20 жастағы келіні Қуанаева Маржан болған. Қазірет 1937 жылы 74 жасында РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 6, 7, 11-тармақтарымен айыпталып, «үштіктің» қаулысымен атылған. Қуанай Қосдәулетов БҚО соттың 1965 жылғы қаулысымен қылмысты оқиғаның болмауына байланысты ақталды. Дегенмен, бүгінде Қуанай хазіреттің ісіне қатысты құжаттар БҚО ІІБ архивінде әлі күнге дейін зерттеуге тиым салынып, құпия ұсталып келеді.

Оның Алашорда қайраткерлері Жанша және Халел Досмұхамедовтармен т.б. байланысы болғандығы, Қаратөбеде өткен Алашорда съезінде сөз сөйлегендері С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында ерекше суреттеледі.

«Тар жол, тайғақ кешу» романынан үзінді

 ... «Бір күні кешке, «Күнбатыс алашорда» үкіметінің бастықтары жай кеңесіп отыр еді. Кеңес «Орданың» кеңсесінде емес, Қалелдін пәтерінде еді. Ордаға Қуанай қазірет келген. Сол Қуанай қазіретті «алашорда» үкіметі құрметтеп, Қалелдің пәтерінде қонақ қылып сыйлап отырды. Үкіметтің сөзі қазіреттің алдында сыпайы, әдепті:

- «Тақсыр», «қазірет», «құп!» - деседі.

Ызбарланып қазірет отыр. Бетіне қарағанда: «Қытай жұртының құдайы ма бұл?» - деп ойлайсың. Қуанай қазіретті білмейтін Орал облысында бала жоқ. Қуанай қазіретті Үпідегі, Қазандағы ноғай-башқұрттың мүфтилері де біледі. Мүфти де Қуанайды сыйлайды. Міне, қазірет жайылып Қалел Досмұқамбетұлының үйінде отыр. Қазірет босқа сөз сөйлемейді. Қазіреттің әрбір сөйлеген сөзі ем...

... Жанша – алашорданың бастығы. Жанша – «қазақтың ханы»... Бірақ Жанша жалаңбас, шашы өсіңкіреген. Жанша жалаңбас – кемшілік сол. Бір мезгілде ол кемшілікті өзі сезгендей Жанша бір қолымен шашын сипады. Сүзіліп қарап отырған қазіреттің ызғарлы бетінің бір тамыры жыбыр етті. Сол жақ көзінің алды қалт етті. Томағасын жұлып алған бүркіттей қазірет басын көтеріп алды. Жаншаға көздерін аш бүркіттей қадады. Қазіреттің бет қимылын аңдып отырған үйдегілер селк етті.

Бәрі де Жанша мен қазіретке қарап тына қалды.

Қазірет: - Тәйт!.. Бөркіңді неге кимейсің?!.. Қарашы, шашын жалбыратып отырғанын!.. Сендерді біз «қалипаның» орнында дейміз!.. Әр намаздың соңынан бата қыламыз!.. Сендер бүйтесіңдер... Киіп отыр бөркіңді! - деді.

Отырғандар састы. Ептеп, қалбалақтап шайып-жуды.

Қазірет кейіп: «Намазға да салақ деп есітемін», - деді.

«Тақсырлап» отырып, қазіретті жадыратты. Сонсоң Қалел:

- Тақсыр, қызметтен уақытымыз аз болады. Істен қолымыз босамайды. Біз жұма күні ғана мешітке барайық, бізге намазды жай күндерде үйде оқуға рұқсат қылыңыз! - деді.

Ақырында, қазірет алашорда үкіметіне жұма күнінен басқа күнде намазды үйде оқуға рұқсат қылды.

- Бірақ жұма намазынан қалмаңдар! - деді.

- Құп, тақсыр! - деді.

Міне, сурет!.. Бұл жалғыз Орал облысында болған жоқ, бұл барлық Қазақстанда болған жалпы сурет.

Сонымен бірге, 1918 жылы қыс айында Қаратөбеде өткен Алаш съезінде салық мәселесіне байланысты «Ақша салығын байға байша, кедейге кедейше салу керек...» деген топ арасында шу шығады. Сол шыққан шуды басуға, келіспеген екі топты татуластыруға да Қуанай қазірет атсалысады.

Сонан соң Қуанай қазірет шығып сөйледі.

- Өй, құдай-ай! Бұл не деген сұмдық?.. Қарақтарым-ай, бұл не қылғандарың? Бір туысқан елдің баласы, дін мұсылман бір-біріне ұмтылды деген масқара емес пе?.. Мына мешіттің ішінде бұларың  қалай?.. Қой, шырақтарым. Тастаңдар араздықты! Бүйтіп бүлінбеңдер, бұларың масқара ғой! Туысқан емессіңдер ме, бауыр емессіңдер ме?.. Қой, тастаңдар араздықты!.. Кәне татуласыңдар! Ғұбайдолла, Нұрғали, Аспандияр! Қарағым, Есенғали, Молдағали, Сәлімгерей!.. Кәне құшақтасыңдар! Ана Жаншамен, ана Қалелмен, кәне, құшақтасыңдар! - деді.

Жаңа жауласып отырған екі жақ айқасып, арсалақтап құшақтасты..

Міне, Алашорда үкіметі мен Қуанай хазіреттің есімі қандай тығыз байланысты болса, хазіреттің ғұмыры мен Жымпитыдағы ескі мешіттің тарихы да сондай байланысты. Осыдан-ақ, көне мешіттің тарихи бағасын бажайлап, бағамдай беріңіз.

Түйін

мегш

       Күні бүгінде Жымпиты орталығында жаңа мешіт ғимараты бой көтеріп, 2021 жылдың сәуір айында қолданысқа берілмекші. Ал, аудан орталығындағы тарихи ғимарат болып саналатын ескі мешітіміздің жағдайы қалай болмақ? - деген сұрақ бізді тарихшы ретінде де, мешіт жамағатының бірі ретінде де толғандырып отыр. Біріншіден, хадисте «Мешіттер жер бетіндегі Алла Тағаланың үйлері» деп айтылғандай, ғимарат ең алғашында Аллаһ тағалаға құлшылық ететін ғибадатхана ретінде бой көтергендіктен, сол қызметін әрі қарай тоқтатпауы керек.

Мешітті тек құран оқытатын, садақа беретін жер деп ойламауымыз керек. Ауданда халықтың дін ұстануы жылма – жыл артып келеді. Ұстану өз алдына, кешегі хазірет, ишан аталарындай білім үйреніп, діннің шамшырағындай болмаққа бекінген жастарды да көріп жүрміз. Бір шоғыр жастар «Нұр-Мүбәрак» Египет-Ислам үниверситетіне Жымпитыдағы мешіттен алған біліммен аттанған жоқ па?

Осыған дейін жергілікті  жамағатқа бір мешіттарлық етіп келді. Жаңадан салынған мешітте болашақта Жымпиты және Өлеңті ауылының тұрғындары үшін болашақта тарлық етері сөзсіз. Оны да ойлау керек. Екіншіден, аудан орталығындағы бұл тарихи ғимараттың Алашорда тарихында орыны бар сәулет ескерткіші болғандықтан оны күтіп ұстау қажет. Әрі қазірет Қуанай Қосдәулетовтың есімі басқадан гөрі, осы мешітке лайық деп ойлаймын.

 

Мұқат Қайыржанов,

тарихшы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале