22.08.2026, 20:30
Оқылды: 3

Еттің сапасы QR-кодпен тексеріледі: Шыңғырлауда цифрлық ветеринария жүйесі тексерілді

​Адам денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігі – қашанда басты назардағы мәселе. Әсіресе халық тұтынатын ет және басқа да жануарлардан алынатын өнімдердің ветеринариялық талаптарға сай болуының маңызы зор.

InShot_20260822_205621133

Осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында Шыңғырлау ауданында ветеринариялық-санитариялық сараптама жүйесінің жүзеге асырылу барысы зерделенді.

​ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Т. Мухатов пен Тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің басшысы М. Сисенбаев Шыңғырлау ауданына іссапармен келді.

​Іссапар барысында мамандар аудандағы білім беру ұйымдары, аурухана, ет дүкендері мен қоғамдық тамақтану орындарын аралап, жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін тексерді. Негізгі назар «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесіндегі «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» (ВСС) модулінің қолданылу тәртібіне аударылды.

​ВСС модулі – ет өнімдерінің фермадан бастап соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық жүйе. Оның көмегімен өнімнің қай шаруашылықтан шыққаны, малдың иесі, туған жері, жасы мен жынысы, қай сою нысанында сойылғаны және ветеринариялық тексеруден өткені туралы мәліметті анықтауға болады. Тұтынушылар арнайы QR-код арқылы дүкен сөресіндегі еттің шығу тарихын сандық жүйемен тез арада тексере алады.

InShot_20260822_205638685

​ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шыңғырлау аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Сабиров бұл модульдің басты мақсаты халыққа қауіпсіз өнім ұсынуды қамтамасыз ету екенін жеткізді. Оның айтуынша, әрбір малдың қозғалысы мен одан алынған өнімнің шығу тегін бақылау ветеринариялық талаптардың сақталуын күшейтеді. Сондықтан шаруашылық иелерінен бастап сою орындарына, сауда және қоғамдық тамақтану нысандарына дейінгі барлық буын бекітілген талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Инспекция басшысы бұл міндетті тек ветеринария қызметінің ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты барлық тарапқа ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.

​«Фермадан – дастарханға дейін» қағидаты бойынша малды уақтылы бірдейлендіру, вакцина егу, диагностикадан өткізу және тиісті сараптама жасау – халық денсаулығын қорғаудың негізгі тетігі. Цифрлық ВСС модулін толық қолдану арқылы өнім қауіпсіздігін бақылау мен процестердің ашықтығы артпақ.

Светлана Байтенова, 

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале