24.07.2020, 10:58
Оқылды: 457

Фотография – өміршең өнер

 Фотография – хас өнердің өзі. Фотоаппарат ұстағанның бәрі фотограф емес екені анық. Фотографияда құр бейне емес, сөйлеп тұрған жан дүние болуы шарт. Бұл өнердің жоғары бағаланатыны соншалықты үш бірдей айтулы күн бар екен. 12 шілде фотографтар күні болса, 19 тамыз фотография күні, 5 қараша ескі фотографияларды қарау күні деп белгіленген екен.  

3288483E-26C1-408B-9CED-F6160CD8C4D8

Фотография – өміршең өнер. Қатпарлы тарих керуенінің қас-қағым сәттерін әсем суреттеп, келешек ұрпаққа жеткізген ғылымның ғажап жетістігі. Қылқалам шебері Леонардо до Винчи кезінен негізі қаланып, 1800 жылы британдық Гэмфри Дэви мен Томас Веджвудттардың тәжірибелік жетілдіруінен өтіп, 1839 жылы Луи Дагер дейтін өнертапқыштың үздіксіз ізденісі арқасында жарқырай түскен  фотография өнері бүгін де қоғамның келбеті мен тыныс-тіршілігін айқындайтын маңызды бағытқа айналды.

Төл фотоөнеріміз біздің топырақтан басталған

      Қазақы фотоөнер тарихының біздің топырақтан - Бөкей ордасынан басталғанын біреу білсе, біреу білмес. Көрнекті ақын, аудармашы Шәңгерей Бөкеев − қазақтың тұңғыш фотографы. Оның фотообьективінен күні бүгінге жеткен 10-нан астам фотосуреттер бар. Солардың ішінде Жәңгір ханның жазғы ордасы болған Көлборсыдағы үйі, қазақтан шыққан тұңғыш заңгер, қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаев сынды т.б ұлтжанды тұлғалардың бейнелері  бізге жетті. Қазақ фотоөнерінің негізін қалаған Шәңгерей Бөкеев жастайынан ата-анасынан айырылып, хан Жәңгірдің ұлы, тұңғыш кавалерия генералы Ғұбайдолланың қамқорлығы арқасында жетімдік көрмей өседі. Хан ордасындағы Жәңгір ашқан мектептен оқып, кейін Астрахан гимназиясында, Орынбордағы кадет корпусында, Сарытау, Қазан, Самара, Уфа қалаларында да білімін толқтырып, рухани толысады. Шәңгерей патшаның тікелей рұқсатымен дворян атағын алған соң, ата-бабасының жазғы қонысы Тарғын қисымының Борсы (Көлборсы) жеріне қоныстанып, жергілікті халықты отырықшылыққа бейімдеп, үй, дүкен, монша салдырады. Шәңгерей шығармашылыққа етене жақын болды. Өз үйінде зиялы қауым өкілдерінің, күйші - әншілердің басын қосып, әдеби кештер өткізген. Өзі де өлең жазумен шұғылданған. Оның шығармалар жинағы ең алғаш 1906 жылы Орынборда басылып шыққан. Орыс тілін меңгерумен қатар, мұсылман медресесінде парсы, түрік, араб тілдерін қоса үйренеді. Жастайынан жаңашылдыққа бейім өскен Шәңгерейдің тағы бір қасиеті қазақ даласына бейнелеу өнерінің кең таралуына ықпал етуі болды. Бір басына бірнеше өнерді тоғыстырған Шәңгерей Бөкеевтің фотография саласына ерекше ықтиярлық танытуы оның әлемді тануға, білім-білігін байыта түсуге деген құлшынысын аңғартса керек. 1901 жылы Петерборда Бөкей хандығының құрылғанына 100 жыл толуына орай үлкен салтанатты шара өтіп, оған  Шәңгерей Бөкеев те қатысады. Сол шарада Шәңгерей ІІ Николайдың өз қолынан сыйлыққа фотоаппарат алыпты.

Қазақ даласына бұл тамаша өнердің көкжиегі жылдар өте ашыла түсті. Бүгінде қазақ фотожурналистикасының белді өкілдері Асылхан Әбдірайым, Шүкір Шахай, Жеңіс Ысқабай, Максим Рожин сыңды көзі қырағы фотографтардың туындылары тек ел ішінде ғана емес, шетелдіктерге де жақсы таныс. Ал Мақсат Шағырбаев − Қазақстанды фотообъектив арқылы әлемге танытып жүрген халықаралық дәрежедегі фотограф.

Дейтұрғанмен, фотоөнердің қадірін бізден гөрі, өзге елдің азаматтарды жоғары бағалайды десем өтірік емес. Фотограф мамандығы аса құрметті және еңбегіне лайықты ақы алатын табысты кәсіп болып саналады.

Аудан тарихын таспалаған фотографтар

Орыстың атақты фотошежірешісі Василий Песков «Фотографтар әлемді объективіне сыйдыра алатын ерекше жандар, фотография құдыретінің арқасында адамзат өткеніне көз жүгірте алады» деп дөп айтқан. Фотоөнер туралы сөз тарқатқанда ең алдымен газетте қызмет ететін фототілшілердің орасан еңбегін айтпай кетпеуге болмас. Әсіресе технология атаулы жаңадан дамыған тұста фотоға түсірудің машақаты аз болмағаны рас. Бұл пікірімізді «Орда жұлдызы» газетінде әр жылдары баспашы, фототілші болып жасаған сайқындық Ғабділман Карин де қостайды. 1972 жылы ауданымыз өз алдына бөлек отау тіккен шақта жергілікті газеттің де қызу іске кіріскені рас. Жан-жақтан жаңа мамандарды редакцияға жұмылдыру көзделіп, көрші Жәнібек ауданына баспа және әріп теру ісіне үйренуге жіберілген бірнеше жастың қатарында   Ғабділман ағамыз да бар еді.

− Жәнібек ауданында тәжірибе жинап, білмегенімізді үйреніп, редакцияға келдік. Мен баспашы болып жұмыс істедім. Үш жылдан соң, яғни 1975 жылы фототілшілікке ауыстырды. Ол кезде басшымыз Хамит Сүлейменов еді. Оқушы кезімнен фотоға түсіруге қызығушылық танытқанымды естіп, осы міндетті жүктеді. Білдей аудан газетіне сурет дайындау үлкен жауапкершілік қой. Газет аптасына үш рет жарық көретін.  Ол кездің фотографына күннің жарықтығына қарай суреттің сапасы әртүрлі болатын, фотопленкалардың сапасын айыра білуі аса маңызды еді. Фотопленкадағы кадр таусылып қалса, таспаны қолмен кері айналдырып, қараңғы бөлмеге баратын. Оны жылт еткен сәуле жоқ жерде өзінің арнайы ыдысына салу, пластмассадан жасалған фотоқағаздарды төртбұрышты арнаулы ыдыстарға салып, «проявитель», «закрепитель» дейтін түрлі химиялық қоспалармен жуу сияқты күрделі процестерді атқару оңай емес-тін. Епті болмасаң, жұмысың ойындағыдай шықпауы да ғажап емес. Қайбір жылдары Палласов, Владимировка, Ахтуба қалаларына барып, фото шығарып әкелетінбіз. Сондай машақаты көп болса да абыройлы қызмет деп айта аламын. Өйткені тілшінің мақаласы фотографтың жұмысымен де мән-мазмұны ашыла түседі. «Смена», бертіндегі «Зенит» фотоаппараттарымен түсірдік. Жарық, түс дегенді өзіміз қолмен келтіреміз. Кезіндегі фотосуреттер сапалы еді, - дейді.  

− Айналасындағы құбылысты, тұмса табиғатты, әдемі көріністерді қырағы жанарынан мүлт жібермейтін фотографтардың қатарында нәзік жандылардың да қатары толығып келеді. Кезінде бұл салада ерлермен бірге иық тіресе жұмыс жасаған қыз-келіншектер  саусақпен санарлықтай еді,- деп ойын білдірді ауыл тұрғыны, бұрынғы фотограф Өтеғаным Қабесова. Кейіпкеріміз аудан орталығындағы тіршілігі келіскен, кәсібі жайнаған тұрмыстық қызмет көрсету үйінде фотосалонда суретке түсірумен шұғылданған аз әйелдің бірі еді.      

−1984-85 жылдары Орал қаласындағы «Ту-25» техникалық колледжінде «Фотограф» мамандығы бойынша оқып, ауылға келдім. 90-жылдардың бел ортасына дейін фотограф болып жасадым. Ол кезде фотосуреттер, фотоальбом дегенді адамдар өте қадірлейтін. Отбасылық түсірілімдерден бастап шақыру билеттеріне дейін түсіріп, қызметімізді көрсететінбіз. «Смена», «Фета» дейтін аппараттар сенімді серігіміз болды. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, түсірілімді жасап болған соң қараңғыланған арнайы бөлмеге кіріп алып, пленкаларды шығаруға кірісеміз. Ешкімнің де кіруіне болмайды. Әйтпесе бүкіл еңбегіміз зая кетуі мүмкін. Бір күні әскери комиссариатқа шақырылған жастарды фотоға түсірдім. Біраз адам болатын. Әупірімдеп жұмысымды тиянақтаған соң арнайы бөлмеге кіріп фото шығаруға көштім. Бір кезде күтпеген жерден сырттан келген бір кісі есікті ашып қалмасы бар ма? Айтып үлгермедім, қолымдағы пленкаларым жанды да кетті. Көңілімнің қалай түскенін білсеңіз ғой. Таңнан бергі еңбегім әп-сәтте жоқ болды ғой. Содан әскери комиссариаттағы жауаптыларға болған жағдайды түсіндіріп, қайтадан түсірілім жасадым. Кейін тұрмысқа шыққан соң фотоаппаратты қолыма мүлдем алмадым. Фотографияда «жарық», «выдержка» деген түсініктер бар. Біздер бұның бәрін қолмен реттеп, келтіретінбіз. Қандай ма қате кетсе сурет бұлыңғыр, сәтсіз шығады. Қазіргі фотоаппараттарда бұлардың бәрі автоматты режимге қойылған.  Фотоға түсіру стильдері де мүлдем басқа. Біздің кезімізде портреттік суреттерді бір қырынан алып, стандартты түрде түсіретінбіз, -дейді қазіргі жаңашылдықтарды тілге тиек етіп.

Шәңгерейден Миратқа дейін

Бөкейдің текті ұрпағының бірі Шәңгерей қазақтан шыққан тұңғыш фотограф боп тарихта қалса, Хан ордасының тағы бір арда азаматы Мират Қоржынбаевтың тарихи құт мекенді елге кеңінен танытып жүрген аты ауызға ілігіп, есім-сойы елге таныс болған жайы бар. Хан Жәңгірдің ізі қалған тарихи мекеннің әсем табиғатын фото тілімен сөйлетіп жүрген әуесқой фотографтың жетістіктері бір төбе.  Бала кезінен заманауи техникалардың тілін білуге құмар ол  біртіндеп сандық фотоаппараттың да мүмкіндіктерін байқап көруге ұмтылады.

− Үнемі шығармашылық ізденісте жүретінімді байқаған Темірболат ағай 2010 жылы маған «зеркальный» фотоаппарат берді. Фотоға түсіруді осылайша кәсіби түрде түсіруді жалғастыра бердім. Фотоға түсіру біреуге ермек болып көрінуі мүмкін, алайда екінің біріне көрінбейтін, байқалмайтын нәрсені объективке қағып алу нағыз өнер дер едім. Фотограф болғысы келетін жандар айналасына ойлы көзбен қарау керек. Жан-жағымызға көз салсақ, объективке ілігетін дүниелер жетеді. Фотографияда түрлі бағыттарды байқап жүрмін. Портреттік, отбасылық суреттер, пейзаж, ғимараттар... Бұның бәрі тәжірибемді толықтыра түсу үшін. Әлеуметтік желілер арқылы өзге өңірдегі, шетелдегі кәсіби фотографтардың жұмыстарын бақылап отырамын. Қазіргі таңда бұл салада жаңашылдық, өзгерістер өте көп. Фотоға түсіруде түрлі эксперименттерге барады. Менің ойымша әр фото - ертеңгі тарих, яғни, қазіргі тарихты таныстырудың тың үрдісі. Келешек ұрпағымыз қазіргі заманның тынысын біздің жұмыстарымыз арқылы қабылдайды, түсінеді. Сондықтан фотографтар өз істеріне мейлінше жауапкершілікпен қараулары тиіс,- деген ол  фотоөнердің маңыздылығын әлі де  ұғыну керек дейді.

Фотообъективте өлкеміздің өткені де, келешегі де сақтаулы.  Адамдарды терең ойға жетелейтін, таң қалдыратын сурет қалдыру кез келген кәсіби фотографтың мұраты екені сөзсіз.

Арайлым Есмағұл  

 Бөкей ордасы ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале