15.04.2022, 22:59
Оқылды: 50

Ғалымдар шаруашылық сапасын арттыруға үндеді

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде мал шаруашылығының селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстары, егіншілік және жем-шөп өндірісі, мектеп түлектерінің жоғары білім алуға алдын ала бағытын айқындау жөніндегі жиын өтті.

278511754_2842189705927453_4797876917885871454_n

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов төрағалық еткен басқосу негізінен ауыл шаруашылығы саласын дамыту, іскерлік тәжірибе алмасу, кәсіптік бағдар беру бағытында өрбіді.
Кездесуге арнайы келген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің өкілдері AgroTech HUB жобалық кеңсесінің басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ізімғали Жұбантаев, ғылыми қызметкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Тұрабаев, «УСХОС» ЖШС «Суарылмайтын егіншілік және жем-шөп өндірісі» бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Булеков ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне өз бағыттары бойынша ғылыми-практикалық қызметтерін ұсынатынын айтып, күтілетін нәтиже жайында да баяндады. Аудан аумағындағы «Боранбаев» шаруашылығының көпжылдық шөп пен сұлыны араластыра егіп былтыр шөпті адам бойына асатындай етіп өсіргендігін мысалға келтірген ғалымдар мұндай нәтижеге жету үшін дән-дақыл, тыңайтқыштар, өзге де шығындар қожалық иесінің қалтасынан шығатынын жасырмады.

278388787_2842189599260797_8960799310093070531_n

Ірі қара болсын, жылқы болсын оларды асылдандыру ісіне көмек те көрсетіледі, тек барлығы да ақылы. Сонымен қатар ғалымдар түрлі ғылыми жобаларға қатысып, жем-шөпті егу немесе өзге де ауылшаруашылық саласындағы инвест жобаларға қатысуға болатынын мәлімдеді. Алайда, ондай жағдайда да қожалық иесі жобаның бір пайызын болса да өзі салуы шарт екен. Қатысқан жағдайда тиісті жобаға сәйкес алынған жабдық қожалық меншігінде қалмақ. Яғни, жоба арқылы өндіріс жолға қойылып, одан әрі оны өзі дамытуға мүмкіндік алады. Осы ретте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры Бибігүл Жұмағұлова осындай жобаларды біздің шаруалар қолдайтынын білдіріп, ауданға тиімді жобалар болса ұсыныстарды күтетінін мәлімдеді. Жиын барысында кәсіпкер Гүлнар Шарипова: «Табынымызға асылтұқымды аталық бұқа алғанымызға бірнеге жылдың жүзі болды. Ғылыми тұрғыда неше жылда біз малдарымызды асылтұқымдылар деп сеніммен айта аламыз?» деген көпті толғандырған сауалды қойды.
– Ғылыми тұрғыда төртінші ұрпақтан соң будандастырылған малдың қаны тазарып, ол асылтұқымды аталады. Алайда, атам қазақ қай кезеңде де жеті атаны алға тартқан. Сондықтан қан алмасу жетінші ұрпақта орын алады дер едім. Шамамен осы жеті ұрпақ алмасу үшін 28 жылдай уақыт керек. Ал бұл уақытты күтпес үшін ДНК сараптама арқылы малдың тұқымын ресми анықтау үшін біздің білім ошағында сынақ орталығы қызмет етеді. Сонда асылтұқымды малыңыздың ДНК-сын алдын ала тапсырып, кейін төлінің сынамасын алып, тұқымын ғылыми негізде анықтауға болады,- деді Амангелді Тұрабаев.
Жиынға онлайн және офлайн форматта ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласының жауапты мамандары, шаруа құрылымдарының жетекшілері қатысып, ғылыми-практикалық қызмет көрсетушілерімен өзара пікір алмасты.
Шаруашылық сапасын арттыруға үндеген ғалымдар көпжылдық шөптің игілігін 20-25 жыл көруге болатынын, жеміс ағаштарынан өнімді 6-7 жыл күтпей заманауи әдіспен 2-3 жылда қол жеткізуге мүмкіндік туатынын сеніммен айтты.

Раушан Жанатқызы, 
Бөкей ордасы ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале