22.02.2024, 16:15
Оқылды: 27

Ғасыр қойнауындағы ауыл мектебі

Сырым ауданының білім саласына биыл  – 130 жыл толды. Ол 1894 жылы екі жылдық болыстық орыс-қазақ мектебінен басталды. Оның меңгерушісі әрі мұғалімі Матвей Холодилин мен екінші мұғалімі Мейірман Бисенов болған. Ал мұғалімдердің алғашы білімпаздар сиезі 1924 жылы 12 маусымда Орынборда өткен. Осы жылы біздің де көптеген ауылда уездік бастауыш ауыл мектептері ашылды. Биыл сол мектептерге 100 жыл толмақ. Солардың көш басында Жосалы ауылдық мектебін айтуға болады.

8be2d868-7c46-4068-92e7-d3a1d0dc96bd

Жосалы бастауыш мектебінің ашылуына Ғ.Ахметов, І.Жаркеев ағаларымыз көп еңбек сіңірді. Мектептің есігі айқара ашылып, алғашқы оқушыларды қабылдағанда алғашқылардың бірі болып Абдолла Жұмағалиев пен Қажым Көшековтер білім алды. Тек он жылдан соң ғана бастауыш мектептер 7 кластық мектеп болып өсуге мүмкіндік алып, кейін орта мектепке айналады. Ал өткен ғасырдың екінші жартысында Жосалы орта мектебі 1958 жылдан Абдолла Жұмағалиевтің есімін иеленді. Әр жылдарда С.Нұғманова, М.Жолдықайырова, Б.Серғазиев, Д.Малаев, Б.Жанғазиев, Ғ.Қожағалиев, Ө.Ілиясов, Ә.Ермуханов, А.Жүсіпов,  Б.Раянов, Ж.Ақшолақов, С.Сұлтангереева,  Б.Қадырова, С.Қаналиева, Г.Шналиева тағы да басқа көптеген  өз ісінің білгірлері еңбек етті. Өткен уақытқа көз жүгіртіп мектептің өсіп өркендеу жолындағы қиындығы мен біте қайнасып, жанын сала қызмет еткен бірден бір басшы көз көрген тарихтың шын куәгері ол Асан Жүсіпов ағамыз.  Асан Сапарұлы жоғарғы оқу орнын 1971 жылы бітіріп, еңбек жолын А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебінде қатардағы мұғалімдіктен бастап, директорлық қызметі Қособа орта мектебінен бастау алып кейін өз ауылына 1984 жылы қайта келіп зейнетке шыққанша бір мектепте еңбек етті. Ата-анасы да осы мектептің ұстаздары болған, өзі де білім алған қара шаңырағына деген ыстық ықыласы мен жанашырлығы біздің көзімізге оттай басылады. Осы сезім көп жас басшылар да жетіспей жатады. Ал Асан ағамның бойындағы туған жерге, елге деген, білім беру мен мектеп саласының қат қабат тірлігіндегі мәселелерге бей жай қарай алмайтын ерекше еңбекқорлығы мен жанашырлығы ерекше жан. Директорлық  қызметін үздіксіз абыроймен атқарып, білім саласына мінсіз қызмет жасаған адал жан. Асан Сапарұлы іскер, байсалды, өз ісін жетік білетін, шебер ұйымдастырушы, кішіге қамқор ағалық қасиеттерімен ерекшеленеді.

Ғасыр қойнауындағы ауыл мектебі (1)

Ел десе елең ететін қағілез жанның талай жиындарда орынды айтатын сын пікірлері мен кездесе қалғанда тінінен тарқатып алып ағытыла беретін тарихи әңгімелері жаныңды сүйіндіреді. Биыл осындай ауыл мектептерінің ғасырлық тойы мен ауданымыздың білім саласына 130 жылдығы қарсаңында жанымызда жүрген жақсы жандар жайлы оқырманға айтуды жөн санадым. Ауылдардағы мектептер тарихы мен көз көрген қариялардың естеліктері, қолдағы жәдігерлері болса ашылғалы жатқан жаңа музейге тапсырсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді.

Ғасыр қойнауындағы ауыл мектебі (2)

Қазақстанның ағарту қызметкерлері мен ғалымдарының алғашқы съезіне 100 жыл өтті, кезінде оның жұмысына мемлекеттің көрнекті қайраткерлері, «Алаш» партиясының көшбасшылары қатысты. Содан бері уақыт толқыны қазақ мектептерінің қызығы мен қиындығы қатар жүрген ұзақ әрі үздіксіз жаңаруды бастан кешкен маңызды да ауқымды сала. Қашанда ұрпаққа білім беру оның сапасы мен мұғалімдері басты назардан тыс қалмасы анық. Ал ұрпақтар сабақтастығы алдыңғы буын ағалардың өмірі мен атқарған қызметтері арқылы ұрпаққа үлгі болмақ.

Айнагүл Ойшыбай,

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану

музейінің меңгерушісі

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале