29.11.2021, 10:45
Оқылды: 214

Гауһар Рустамова қол күресінен Әлем чемпионы: «Бапкерім сапар алдында «Чемпион болуға тиіссің!», - деді»

Кеше ғана Румынияның Бухарест қаласында өтіп жатқан қол күресінен жас жеткіншектер арасындағы әлем чемпионатында сырымдық жас спортшы Гауһар Рустамова әлем чемпионы атанғанын сүйіншіледік. Ақжолтай жаңалықтан кейін іле-шала Гауһардың жаттықтырушысы, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Бұлдырты ауылындағы қол күресі үйірмесінің жетекшісі Төлеген Құрашқа хабарласып, құттықтап, аз-кем әңгімеге тарттық.

IMG-20211128-WA0034

-Ассалаумағалейкүм, Төлеген! Шәкіртіңнің жеңісі құтты болсын. Біз үшін, ел үшін қаршадай қыздың әлем чемпионы атанғаны – жаңалық. Сен үшін ше? Әлде Гауһардың жеңісіне сенімді болдың ба?

-Көп-көп рахмет! Әрине, сенімді болдым. Гауһар өзін Азия чемпионатында анық дәлелдеді, чемпион атанды. Кейін тыңғылықты дайындалды. Шынын айтайын, сіз айтып отырған қаршадай қыздың сол қолымен күрескенде мені де ұтатын кездері болды. Гауһар Бухарестке бабында кетті.

-Қазір жарты ғасырлық тарихы бар Сырым ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушысың. Бұған дейін өзіңнің еркін күреспен айналысқаныңды білеміз. Бұлдыртыға не армрестлингті алып бардың? Неге күрес емес?

-Иә, мен еркін күрестің бозкілемінен шықтым. Ермек Орынбасаров, Руслан Бекжанов сынды белгілі бапкерлерден тәлім-тәрбие алдым. Қол күресі үйірмесін Бұлдыртыға алып барған мен емеспін. Бұл секцияны әуелі Ерген Орынбасаров деген ағамыз ашқан. Мен Орынбасаровтың орынын басып, ісін жалғастырдым. Үйірме ашқан күні өзіме берген уәдем – әлем чемпионын шығару еді. Уақыт. Еңбек. Тер. Осы үшеуі арманымызға жеткізді.

-Қателеспесек, бір жылдың ішінде сен даярлаған шәкірттердің 11-і қол күресінен спорт шеберіне үміткер атанды. Үйірмеңде қазір қанша шәкірт бар?

 -Дұрыс айтасыз. Біздің секциядан бір жылда 11 спорт шеберіне үміткер шықты. Қазір үміткерлер саны 15-ке жетті. Үйірмемде 20-ға жуық шәкірт бар.

-Төке, шыныңды айтшы. Сендер мектептегі спорттық залдың аядай ғана бұрышында жаттығасыңдар. Әлем чемпионы да сол залдың түкпірінен шықты десе ешкім сенбейді ғой. Тарлық етпей ме? Жеңістің жолы тегіс емес. Қиындық, кедергі болады ғой...

-Иә, айтуыңыз орынды. Қол күресі үйірмесіне ауыл балаларының қызығушылығы жоғары. Бірақ көп оқушы келсе оларды қалай жаттықтырарымды білмей қалам. Залымыз тар. Спорт жабдықтары тапшы. Қазіргі таңда бізге армрестлингке арналған блок, яғни қолға күш түсіріп жаттығатын үстел жетіспейді. Сол жағынан қиналудамыз. Өзіміз қолдан екі блок жасап алдық. 2 бала жаттығуға кіріссе, қалған оқушыларға жабдық ауыспай қалады. Сондай қиындық бар. Бұйырса, Бұлдыртыдан жаңа спорт кешені салынады деген жоспар бар. Жаңа залдан жаңа чемпиондар шығарғым келеді.

 -Гауһар туралы не айтасың? Оның үйірмеге алғаш келген сәті көз алдыңда шығар. Бұл жеңістің оған қалай келгенін тек сен білесің ғой.

-Гауһар маған 5-сынып оқып жүргенде келді. Екі айдай жаттығып, алғашқы жарысына қатысты. Тәжірибелі спортшылармен тең қарсылас болып, қол күрестірді. Мінезі бар екенін байқадым. Себебі жеңіске барынша тырысты. Ол сол жарыста ІІІ орын алды. Келесі жылы Оралда өткен Н.Коломец атындағы турнирде топ жарып, облыс чемпионы атанды. «Ең жас спортшы» деген атаққа ие болды. 7-сыныпта оқып жүргенде ҚР чемпионатына қатысты. Бір жылдан кейін Қазақстан Кубогына жолдама алды. Әрі қарай ашық Азия чемпионатында бақ сынап, 4-ші орынға тұрақтады.

Биыл Гауһар үшін – олжалы жыл. Ел мен Азия чемпионатын ұтты. Азиядағы жарыста сол қолымен алтын, оң қолымен күміс алды. Міне, араға үш ай салып сол қолымен әлемді бағындырып отыр.

-Биыл Сырым ауданындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің құрылғанына 50 жыл толады. Гауһардың жеңісі осы тойға деген тамаша тарту болып отыр. Алда не жоспар бар?

-Ендігі мақсат - желтоқсан айында әйелдер арасында өтетін ҚР Кубогына қатысып, спорт шебері атану.

                       ***

 

Ұлттық құраманың мүшесі Гауһар чемпионатта 55 келі салмақ дәрежесінде Ресейдің, Украинаның және Қазақстанның спортшыларын ұтып, финалда Өзбекстанның "арм - аруын" жеңіп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Кеше Бухарестте жүрген Бұлдыртының қызымен тілдесудің сәті түсті:

 -Амансың ба, Гауһар! Жеңісің үшін рахмет! Сенің арқаңда Тәуелсіз Қазақстанның туы көкте самғады. Тер бастың ба?

-Иә, жарысты сәтті аяқтаудамыз. Чемпионатта сол қолдан 4 кездесу өткіздім. Наргиза Багайденова есімді ресейлік қарсыласымның қарымы қатты болды.

-Қыз балаға өнермен, шығармашылықпен айналысуға болатын еді. Неге қол күресін таңдадың?

-Қазақта жүректі әрі білекті батыр қыздар аз болмаған. Соларға ұқсағым келді. Сондықтан қол күресі үйірмесін таңдадым.

-Балуандар күресіп жаттығады. Футболшылар доп қуады. Ал армспортшылар қалай дайындалады?

-Көбіне, үстел үстінде темір көтеріп, серіппелі жіп тартып жаттығады. Уақыт, шыдам, күш - болашақ жеңістің кепілі.

-Тұғырға көк ту жамылып шыққанда қандай сезімде болдың?

-Қуаныш пен көздің жасы... Негізінде, ту көтеріліп, әнұран шырқалатын болғасын, барынша тыңғылықты дайындалуға тырыстым. Бапкерім сапар алдында «Чемпион болуға тиіссің!» - деді.

PS: 2019 жылы самбодан Әлем чемпионы атанған Нұрбол Серіковке Қараөзен мен Сарыөзен жағасындағы ағайын пәтер алып берді. Ташкентте жасөспірімдер арасында өткен самбо чемпионатында алтын алған Ерасыл Бақытқа Жаңақаласы ат мінгізіп, 1 миллион теңге сыйақы берген. Жаттықтырушысын да құрмет биігіне көтерген. Жазда Дубайда бокстан өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеген атанған Даниял Сәбитовке Ақжайықтағы ауылдас ағалары темір тұлпар мінгізді. Келесі кезек Сырым еліне келді. Гауһар Оралға бүгін-ертең ұшып келеді. Қарайған жұрт барып, әлемді мойындатқан қызды үш тал гүлмен қарсылап алсақ, елдікке сын болады. Алтын медаль таққан алтын қыз үш бөлмелі үйіне үш тал гүл ұстап барып тұрмасын...

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале