10.02.2023, 11:00
Оқылды: 56

Гауһар — «Үздік жүргізуші»

Теректі төрінде тұңғыш рет «Үздік жүргізуші - 2023» атты үздік жүргізушілердің байқауы өтті.

IMG-20230210-WA0017

Мәдени-демалыс ұйымдастырушы жас мамандардың шығармашылығын дамыту, қалыптастыру, кәсіби деңгейін арттыру, шеберлігін шыңдау, жарыққа шығару және шығармашылық орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа Ақсуат, Аңқаты, Богданов, Подстепный және Шағатай ауылдық округтерінен жүргізушілер қатысып, бақ сынады.

IMG-20230210-WA0010

Үш сағатқа созылған байқауда ақын, «Теректі жаңалығы - Теректинская новь» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Әділет Орынбасаров, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Кәмшат Қадырғалиева және аталмыш өнер ордасының мәдени ұйымдастырушысы Виктория Нуралиева қазылық етіп, үздіктерді таңдады.

Сайысқа қатысушылар ең алғашқы «Таныстыру» кезеңінде өздерін толық таныстырды. Содан кейін қарапайым халыққа арналған «Конферансье», жастардың басын қосқан «Шоумен», балғын бүлдіршіндердің қатысуымен «Көңілді күй сиқыршысы» бөлімдерінде әр жүргізуші 10 минуттың ішінде өздері дайындаған іс-шараларды жүргізді.

IMG-20230210-WA0016

Әр бөлімде жүргізушілердің дауыс ырғағы, сахна мәдениетін меңгергені, киім-киісі, жүріс-тұрысы, көрерменмен қарым-қатынасы, креативті бағдарламалар ұйымдастыруы бағаланды.

Сонымен әділқазылардың шешімімен Ақсуат ауылының намысын қорғаған Гауһар Бауыржанова жүлделі І орынды иеленді. Барлық кезеңге мұқият, асқан жауапкершілікпен дайындалған Гауһар Сәкенқызының еңбегі лайықты түрде бағаланды. ІІ орынды богдановтық Ада Мукатаева еншіледі. Бұл жүргізуші көрерменмен тығыз жұмыстанып, ыстық ықыласына бөленді. ІІІ орын алған Аңқаты ауылының тұрғыны Закира Сағындықова қазақ, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, бағдарлама жүргізуімен есте қалды. Тек өзіне сенімділігі жетіспеуінен екінші орынға 1 ұпай жетпей қалды. Шағатай ауылынан келген Жасталап Кенжеғалиев пен подстепныйлық Алина Қалиева байқауға белсенді қатысқандары үшін алғысхат иеленді.

IMG-20230210-WA0013

Тұңғыш рет әрі өте көңілді өткен байқауда «әттеген-ай» дейтін тұстар аз болмады. Соның бірі - көрерменнің өте-мөте аз болуы. Ұйымдастырушылардың қателігі ме, әлде теректілік тұрғындардың немқұрайлылығы ма, бізге ол жағы белгісіз. Одан кейін мектеп оқушыларының, әсіресе, қыз балалардың тәртібі көңілімізге қаяу түсірді. Марапаттау сәтінде әділқазылардың төрағасы Әділет Әлібекұлы қыз тәрбиесі, сахна мәдениеті жөнінде тоқталып, ағалық кеңесін айтты.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале