24.05.2022, 18:57
Оқылды: 86

Газет пе, гаджет пе?

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: “Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі”, - деген екен. Ойшылдың бұл даналығы қазіргі заманда да газет маңыздылығын айқындаушы негізгі ұран. Қазіргі таңда бар жанарды жаулаған ғаламтордың “сүйікті қолданушылары” газеттің қажеттілігі шамалы деген пікірмен Ахмет бастаған бірегей тұлғалардың пікіріне қарсылық тудыруда. Әсіресе осындай баспасөз науқаны басталған тұста.

DCD1650B-89DC-4497-AAD0-9EA1AABA51EE

    Сурет дереккөзі:  are.kz

Ғаламтордың ақпарат тарату жылдамдығы газеттен әлдеқайда тез екені рас. Қолжетімділігі де адамның өз уақыт жоспарлауымен жүзеге асады. Белгілі бір уақытта ғана шығатын газетке қарағанда, күнделікті қолжетімді ғаламторды пайдаланудың тиіміділігіне айтылар дау жоқ. Дегенмен жылдамдық пен қолжетімділікке қарағанда жауапкершілік пен сауаттылық ұғымдарын басшылыққа алған абзал. Осы тұста газеттің сауаттылық пен эстетика жаршысы, тіл ұстартып, тәрбие беруші құрал екенін ескерген жөн. Ғаламторға ақпарат жариялау кімнің де болса қолынан келеді. Сонда қоғамдағы рөлі салмақты саналатын журналистер қауымының қажеттілігі қанша? Бұл сауалға да сауалмен жауап беруге мәжбүрміз. “Үлкен қоқыс алаңы” саналатын ғаламтордағы ақпараттың шынайылығы мен жауапкершілігі кепілді ме?

   “Газеттің өзі  -  бір күндік, сөзі  -  мың жылдық”демекші, ғаламтордағы ақпаратты өшіруге мүмкіндік бар, ал газеттегі сөз - тасқа қашап жазылған мәңгі жазба іспеттес. Оған көп оқырман сөзсіз келіседі. Неге десеңіз, өзі туралы немесе өміріндегі есте қаларлық жайт туралы газетке жариялай қалсақ, ізімізден қалмай жүріп, іздеп шыққан санды тауып беруімізді өтініп: «Ол деген үлкен естелік қой. Электронды түрін телефон ақтарып көрсете алмайсың, ал газетке басылып шыққанды кез келген уақытта мақтанып та, ақтарып та көрсете бересің» дейді. Осыдан кейін қалай «газет емес гаджет...» дейсіз?

 Газеттің ақпарат саласында ойып алар орны мен прагматикалық мәнін ескерсек, оның ақпарат кеңістігінен жойыла ығысуы мүмкін емес. Тәлім ала білген адамға газет таптырмас тәрбие мен сауатты ақпарат құралы. Сіз ұл-қызыңызды телефонмен тәрбиелей алмайсыз. Гаджет сізден бұрын «тәрбиелеп» жіберуі мүмкін. Әрбір ата-ана ұрпағын қажетті ақпаратты сенімді ақпарат құралдарынан, яғни газеттен іздеуді үйретіп отыруы қажет.

Ең бастысы, жазылған ақпараттың сенімділігі және сол сенімділікке жауапкершілікпен жауап беретін сауатты журналистердің маңдай тер еңбегі. Сайып келгенде, газет керек. Технологияның қарыштап дамыған заманында жұмырбастылардың бір жапырақ қағаз болса да руханиятын сақтап қалғымыз келсе, газет оқуға мүдделіміз. Газет оқу дағдысын сақтап қалсақ, Мұхтар Шаханов атамыз айтқандай: «Компьютербасты жарты адамдар» болудан да арыламыз.

Мұғалім мәртесін шырылдай көтерген, ақ халатты абзал жандарды алақайлай көрсеткен, жарып шыққан жасты айтып бөркін аспанға лақтырған да осы газет емес пе?!  Өмірдің көлеңкеді жақтарын көрсете беруді журналистер білмей жатқан жоқ. Қай уақытта да жаңалықтың жаршысы болуға ұмтылған, қайырым мен мейірімді насихаттауға, жақсылықты үлгі етуге тырысқан осы газет. Және солай бола да береді. Ал гаджет уақытша нәрсе деп білемін. Шындық пен шынайылық біздің газетте. Сондықтан газеттен алыстамаңыздар.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале