19.04.2022, 14:30
Оқылды: 97

Газет төрден орын алуы үшін не істеу керек?

Жуырда Бәйтерек ауданы Дариян ауылында мерзімді баспасөзге екінші жартыжылдыққа жазылу бойынша жұртшылық өкілдерімен кездесу өтті. Оған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Табылғали Сапаров, аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев қатысты.

001

Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары газеттің, соның ішінде мемлекеттік сипаттағы басылымдардың рөліне тоқталды. Ғаламтор, әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан ақпараттың бәрі бірдей шындыққа жанаспайтынын атап өткен Ерікқали Ғұмарұлы ресми ақпарат көздерінің, соның ішінде жергілікті басылымдардың маңызын тілге тиек етті.

– Ел болып кету – оңай іс емес. Оған көп уақыт керек. Тарихшылардың айтуынша, елу жылдай уақыт қажет көрінеді. «Елу жылда ел жаңа» деп тегін айтылмаған болар. Мұны соңғы кезде ел-жұрт та айқын сезіне бастағандай. Кешегі қаңтар оқиғасы, Украинадағы жағдай, кейбір посткеңестік елдердегі ахуал соған дәлел болса керек. Мұның бәрі қоғамдық сананың қалыптасуымен тығыз байланысты. Буын алмасқан шақта жаңа буын өкілдерінде мемлекетшілдік сана болса, ол елдің болашағы бар деген сөз. Ал егер ондай болмаса, жарқын болашақ туралы айту қиын. Сол себепті қоғамдық сананы қалыптастыруда ақпараттық саясат үлкен рөл атқарады. Газет оқудың, телеарна қараудың, радио тыңдаудың қоғамдық сананы қалыптастыруда маңызы зор. Сіздер – біздің облыстық, аудандық газеттердің оқырмандарысыздар. Басылымдарымызды көпшілік оқуы үшін не істеу керек? Осы бағытта сіздердің де пікіріңізді білсек деп едік, – деді Табылғали Сатқалиұлы.

Алла Ожорвина, Дариян саз мектебінің директоры:

– Мен үшін ақпараттың шынайылығы, дәлдігі, шындыққа сай келетіндігі маңызды. Сол себепті ресми ақпарат құралдарына баса мән беремін. Күні кешеге дейін Орал қаласындағы танымал саржағал басылымның бірінің инстаграм парақшасы жазылымшысының бірі болдым. Ондағы ұлт араздығын қоздыратын материалдарды көргеннен кейін шошынып, шығып кеттім. Ресми БАҚ-тың қадір-қасиетін сол кезде жете түсіндім деуге болады. Сондықтан да біз мемлекеттік сипаттағы ақпарат құралдарына, соның ішінде облыстық, аудандық газеттерге қолдау көрсетуіміз керек. Қолдау дегеніміз – бұл, бірінші кезекте, осынау басылымдарға жазылу және өз қызмет саламыз бойынша материалдар беру, газет редакциясымен тығыз байланыс орнату. Мысалы, мен өзім басылым беттерінен тарихи, танымдық бағыттағы мақалаларды оқығым келеді.

Светлана Асанова, кітапханашы:

– Қазір қажет ақпараттың бәрін гаджет секіл электронды құралдардан табуға болады. Мұның бәрі газеттің оқылымдығын айтарлықтай төмендетті. Соған орай газеттер бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Яғни аптасына бір мәрте шығатын басылымдағы ақпаратты ел-жұрт бұрын оқып алады. Бір апта бұрын өткен оқиғаны кім қайта оқығысы келеді? Сөздің шыны керек, қазір көптеген газет оқу үшін емес, тұрмыстық бағытта қолданылу үшін пайдаланылуда. Сондықтан газеттердің шығу жиілігін көбейту, жаңалық, мақалаларды беру формасын өзгерту керек пе, бір нәрсе жасау керек. Егер басылымдағы мақала-материалдар қызықты болып, оқырман көңілінен шықса, ол аяқ астында жатпай, төрден орын аларына сенімдімін.

Вера Шохина, еңбек ардагері:

– Бәйтерек ауданына қарасты ауылдық округтердің жартысы Дариян бетінде орналасқан. Сол себепті аудандық редакция мақала-материалдарды газетке орналастырғанда бұл жайтты да ескеруі керек деп ойлаймын. Иә, аудан үлкен, орталық Переметныйда болғаннан кейін онда өтетін іс-шара көп. Дегенмен осынау мәселені де елеусіз қалдыруға болмайды. Әр оқырман газетті қолына алғанда өз ауылын, өзі танитын адамдарды оқығысы келеді ғой.

Тағы бір мәселе тілге қатысты. Иә, қазір мемлекеттік тілге баса мән беріліп жатыр. Бұл өте дұрыс. Оны толықтай қолдаймыз. Ал газет оқырмандарының арасында аға буын өкілдері аз емес. Олардың бәрі бірдей мемлекеттік тілді жете білмейді. Кезінде қазақша оқып үйренбегені үшін өкінетіндері жетерлік. Енді оларды мемтілге қалай үйретесің? Сол себепті газет материалдарының 90 пайызы қазақ тілінде жарық көргеннен кейін бұны оқырмандар жөнді оқымайтыны белгілі. Рас, соңғы кезде аудандық газет бетінде ресми тілдегі материалдардың артқаны байқалады. Бұған тұрғындар тарапынан оң реакция байқалуда. Егер басылымның таралымы артсын, алдағы уақытта әрбір отбасына жетсін десек, аудандық газет бетіндегі мақалалардың 60-70 пайызы қазақша, қалғаны орысша болса деген ұсыныс бар.

Рахила Бабақожа, зейнеткер:

– Газеттің аты – газет қой қашан да. Біз смартфон, компьтерге қарағаннан гөрі, басылымды қолымызға ұстап оқығаннан үлкен әсер аламыз. Біздің облыстық, аудандық газеттерге көңілім толады. Әсіресе, «Орал өңірі» өңірдегі түрлі өзекті мәселені жақсы көтеріп, соның шешілуіне атсалысып келеді. Бүгінгі өмір шындығын көрсетуге талпынысы ұнайды. Түрлі саланы қамтиды, журналистерінің сөздік қоры бай. Ауыл болғасын, мәселесі де болады, жақсы жайттар да болады. Аудандық басылым тілшілері осы жайттарды да көре білуі, жеткізе білуі керек. Сонда оқырман саны артатыны анық.

Ольга Чеканова, «Арна» қоғамдық ұйымының өкілі:

– Газетте адамның мәдени демалуына мүмкіндік беретін бет, айдарлар ұйымдастырылса екен деймін. Интернеттен көшіріп баса салмай, ауылдарда үлгілі бағбандар бар. Міне, солар бау-бақша егудің қыр-сыры жөнінде жазса. Сөздің шыны керек, қазір дәрі-дәрмек қымбат, тиімділігі аз, кейбірін таба алмай жатамыз. Сол кезде емдік қасиеті бар шөптермен немесе халықтық медициналық әдіс-тәсілдермен емделу жолдары туралы ел-жұрт арасында шипалы емімен аты шыққан жандар баяндаса, нұр үстіне нұр емес пе?

Рысты Садырбекова, М.Шолохов мемориалдық музейінің қор сақтаушы маманы:

– Біздің ұжым газеттерге жақсы жазылады. Алайда музейіміздің қызметі туралы редакцияларға жолданатын мақала-материалдарымыз шықпай қалады. Одан бөлек жазылған газеттеріміз уақтылы жеткізілмейді. Мұның бәрі газетке жазылу кезінде қиындық тудыратыны белгілі. Алдағы уақытта осынау олқылықтар жойылады, байланысымыз жақсарады деп сенім білдіремін.

Сәкен Әбілхалықов,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале