11.05.2022, 14:29
Оқылды: 72

Игергенге игілік көп

Ертеректе ауыл тұрғындары жеміс ағаштарын отырғызу былай тұрсын, жері кең аулаларына бау-бақша отырғызбайтын. Қаладан келген саудагерлердің өнімін сатып алып отыратын. Қаладан келетін саудгерлерге әкелген өнімдерін сатуға арнайы орын болды. Сол кездерде Қаратөбе ауданы орталығында саусақпен санарлықтай отбасылар бақша салып, жеміс ағаштарын отырғызатын. Оған бүкіл ауыл болып таңырқап жүретін.

Менің аулам - менің бағым (1)

Соғыс ардагері Сейталиев Амангелді ағаның отбасы бау-бақша егіп, жеміс ағаштарын отырғызып, оны баптаумен айналысатын.

Қазір аудан тұрғындары аулаларына жеміс ағаштарын отырғызып, табиғи таза өнім алуға дағдыланған. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөзді ұстанған халқымыз соңғы кезде бұл мәселені жіті қолға алған. Сонымен қатар мемлекеттік жеңілдікті пайдаланып жеміс ағаштарын отырғызумен айналысып жатқандар саны жыл сайын көбеюде.

Менің аулам - менің бағым (2)

– 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 82 адамға 47,8 млн. теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант берілді. Бағдарламаға қатысушылар «Менің аулам – менің бағым» жобасы және жылыжай, шаштараз, шағын наубайхана, СТО, кілем жуу, жүн түту цехы, көрпе жасау, ірі қара өсіру, қой шаруашылығы жобалары бойынша гранттар ұтып алды.

2021 жылы өңір басшысының қолдауымен облыс көлемінде «Менің аулам – менің бағым» жобасы жүзеге асырылды. Аудан бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант арқылы «Менің аулам – менің бағым» жобасы бойынша 10 жұмыссыз тұрғын грант ұтып алды.

Менің аулам - менің бағым (7)

Грант қаражатына, бизнес жобаларына сәйкес әр қатысушы 60 түп малина, 16 түп алма, 9 түп абрикос ағашын, жеміс ағаштарын қоршауға арналған тор, күтіп баптауға арналған құрал-жабдықтар, тыңайтқыштар және суару үшін ауласынан құдық соқтырды. Үнемделген қаражатқа қосымша жүзім, шие, шабдалы, өрік, алма, грек жанғағы, слива көшеттерін отырғызды, - дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Ерлан Қайырлиев.

Өткен аптаның сәтті күні сәрсенбісінде аудан бойынша қайтарымсыз қаражат алып жеміс ағаштарын отырғызып, оны баптап өсіріп жатырған отбасыларда болып, олардың жұмыстарымен таныстық.

Жусандыой ауылында жеміс ағаштарын отырғызуға қайтарымсыз қаражат алған екі отбасы түрлі жеміс ағаштарын отырғызып, оларды баптап жатыр. Ауыл тұрғыны Нұргүл Қабиева өткен жылы қайтарымсыз қаражат алып, 16 алма, 9 өрік, 60 түп таңқурай отырғызыпты.

– Мен осы үйге келін болып келгеннен бері 24 жылдай жеміс ағаштарын отырғызумен айналысып келемін. Өрік және басқа да жеміс ағаштары жыл сайын өнім беріп келеді. Ауыл тұрғындары дүкендердегі жемістерден гөрі табиғи өнім деп, менің жинаған өнімдерімді сатып алады. Балам био гомус өндірумен айналысып келеді. Сарайдың іші толған био гомус. Ауыл тұрғындары қажетіне қарай сатып алып жатыр. 1 келісін 160 тенгеден сатудамыз. Қолдан өндірілетін органикалық тыңайтқышты көбіне Атырау облысынан келіп алады. Отағасы Жауынбайдың айтуынша, осы органикалық тыңайытқыштарды қолданғаннан бері жеміс ағаштары да, бақша дақылдары да жақсы өнім беруде екен. Отбасында балалар тәрбиесі де жолға қойылып, еңбексүйгіштіккке баулуда. Осы ауылдың тұрғыны Мұрадым Тілеуғалиев те өткен жылы грант алып, 12 түп алма ағашын, 6 түп өрік, 60 түп таңқурай алып отырғызып, оны баптап, алдағы жылы өнім алмақ. «Тек мұнымен шектелмеймін, бақша отырғызам, Өткен жылы қарбыз ектім. Керемет шықты»,- дейді грант иесі Мұрадым аға.

Шөптікөлдік Алтынбек Қалиев те  12 алма ағашын, өрік және таңқурай түптерін отырғызып баптап өсіруде. Бұрын шиеден тым тәуір өнім алып отырған бұл азаматтардың бәрі де осы жұмыстарды жете меңгеріп жүрген жандар екен.

Адам қолға алған ісіне жіті мән беріп, еңбектенсе оның жемісін көретіндігіне ешбір күмән жоқ. Тек ізденіп, еңбектену керек.

Қазір азық-түлік те қымбат. Сондықтан әр ауыл азаматы өз отбасын қамтитын жағдайды ойлауы тиіс. Табиғи өнім өндіру әркімге де тиімді екендігін ескеруіміз керек. Жақында жеміс ағаштарының көшеттері әкелініп сатылды. Оны ауданымыздың біраз тұрғындары сатып алып, отырғызды. Бұл өзгеге үлгі боларлық. Аудан тұрғындары ауласының маңына осындай жеміс ағаштарын отырғызып, оның жемісін көрсе игі. Қаратөбе ауылының тұрғыны Науырызбай есімді ауыл азаматы жеміс ағаштарын отырғызуды біраз жылдардан қолға алып келіпті. Ағаштарды баптаудағы өзінің әдістерін айтып, бұл жұмыстармен қалай айналысып жүргені туралы ойын ортаға салды. Бағбанның айтар ойы жаңадан жеміс ағаштарын салып жатқандарға үлкен кеңес сынды. Қаратөбе ауылының тұрғыны Қуаныш Ғалиакпарұлы да ауласына қайтарымсыз қаражат бойынша түрлі жеміс ағаштарын отырғызыпты. Грант иесі Қуаныштың айтуына қарағанда, аулаға жүзім, алма, өрік, таңқурай, жаңғақ тағы да басқа  жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызыпты. Аулада бәрі де өсіп-өніп жатыр. Шынайы еңбектеніп жатырған ауыл тұрғындарының еңбек үлгісі өзгелерге өнеге болмақ. Осындай адал еңбек өзегеге үлгі болмақ.

Өзгеден сатып алмай өзіміздің табиғи өнім дайындағанымыздан артық не бар. Аудан тұрғындары осыған жаппай бет алса қандай жақсы.  Жақында жеміс ағаштарын сатып алуға мүмкіндіктер болды. Көптеген аудан тұрғындары бұл мүмкіндіктерді пайдаланып қалды. Таза табиғи өнім өзімізге пайдалы екенінін ұмытпайық. Сондықтан баршымыз болып бұл мәселеге үлкен көңіл бөліп, қолға алайық!

 Ерболат Райсов,
                                                                                        Қаратөбе ауданы,
zhaikpress.kz
                                          

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале