13.07.2020, 16:31
Оқылды: 619

Індетпен күресте жаңақалалықтар белсенділік танытуда

Бұл күндері бүкіл әлемді шарпыған короновирус пандемиясы елімізбен қоса ауданымызға да қауіп төндіріп отыр. Соңғы кезде індет ауқымы кеңейіп, жұқтырғандар саны артуда. Жерлестеріміздің көбі Жаңақала аудандық ауруханасында, облыс орталығында ем алып жатса, өкінішке орай, бірқатары бақилық болды.

CFA3D1A8-AF02-4E7E-8634-591CF83E7C74

Осындай қиын-қыстау кезеңде елдің бірлігі басты орында тұрары анық. Іргемізге келген індетпен күресуде Жаңақала жұртшылығы жұмыла жүк көтеріп, «Әр қазақ менің жалғызым» деп жанқиярлық танытуда. Елі үшін еміреніп, халқы үшін қолдан келген көмегін аямаған жерлестеріміздің көптігі де көңіл қуантады.

36385E2E-C705-48C8-BEEA-C4663016281D

Алдымен аты-жөнін атауды қаламаған шаруа қожалығы жетекшісі ауданаралық сауықтыру ауруханасында ем алып жатқан жерлестеріміздің дертіне шипа болсын деп, бірнеше литр қымыз ұсынса, «Достар» шаруа қожалығының жетекшісі Думан Қарағойшин өз иелігінен 20 қозы бергенін бұдан бұрын да жазған болатынбыз.

DE3E36EF-C479-49E3-A913-3106308949F5

Иә, аурудың салдарынан асылдарымыздан айрылдық, жақсыларымызды жоғалттық. Қайғының салмағы күннен-күнге ауырлап барады. Емханада ем іздеп, ауруханада ауырып жатқандар қаншама? Дәрі жетіспеушілігі де орын алуда. Міне, осындай ел басына күн туған қиын кезеңде аудан жастары да жақсылықтың жаршысы бола білді. Атап айтсақ, жерлесіміз, жас та болса бас болып, ел-жұртты ұйымдастыра білген Аягөз Кеңесованың еңбегін атап өткен жөн. Мәселен, Ресей елінен дәрі сатып алуға А.Русланқызының бастама көтеруімен, аудан тұрғындары мен аудан жастарының қолдауымен, қомақты қаражат жиналды. Соның арқасында аудандық ауруханаға сапалы дәрі-дәрмектер Самара қаласынан уақтылы жеткізілді. Сондай-ақ маңдай термен мал бағып, атакәсіптен ажырамай,  елге болсын деп жүрген шаруа қожалық жетекшілері және жаны жомарт жеке кәсіпкерлер де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, 2 304 000 теңге көлемінде қаржы жинап, қайырымдылық жасады. Бұл игілікті істі ұйымдастырған кәсіпкер, Жаңақала несие серіктестігінің басшысы Тимур Қуанұлы 11 шілде күні дәрі-дәрмек пен қажетті аппараттарды Ресей елінен арнайы алдыртып, ауданаралық сауықтыру ауруханасына әкеліп берді.

00776A57-75D1-4E38-AF9D-9DA0BD26B282

- Тимур Қуанұлының әкелген дәрі-дәрмектері ауруханада жатқан науқастарға өте қажетті дәрілердің бірі болып есептеледі. Ауданымыздың атымтай жомарт азаматтарына көп-көп рақмет. Қолұшын созып, көмектесіп жатқандарыңызға алғысымыз шексіз. Әсіресе «Клексан», «Дексаметазон», «Фраксипарин» сынды дәрілер ауадай қажет еді. Сонымен қатар Пульсоксиметр» аппаратының 2 данасы келіп жатыр. Бұрын 1 дана еді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Жомарт жүректі азаматтарға мың алғыс. Жерлестеріміздің дертіне Алла шипасын беріп, аурудан тезірек сауығып кетсін деп тілейміз,- дейді дәрігер-инфекционист Сәуле Сәулетқызы.

Айта кетсек, жеке кәсіпкер Саламат Сертеков жерлесіміз жігітке тән жомарттығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Қашан да халқына қорған, жұртына жанашыр боп жүретін С.Сертеков 2 дана концентратты тыныс алу аппаратын өз қаржысына Мәскеу қаласынан тапсырыспен алдыруда. Кәсіпкер аса қажетті аппаратқа тапсырыс беріп, төлемін жасады. Аппараттың құны құны 1 100 000 теңге тұрады.

- Елдік те ерлік сияқты сын сағатта сыналады. Ел бірлігі - ең асыл қасиет. Осы орайда аудан азаматтарының демеушілігімен жүзеге асқан істер өте көп. Біз олармен мақтанамыз. «Жанашырлыққа жан риза» дегендей, аудан халқының жанашыр, қамқоршысы болып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – кең пейілді азаматтардың ғана қолынан келетін іс. Жеке кәсіпкерлер С.Сертеков, М.Қайырғалиев, А.Ажығалиев, Е.Қанатов және жалынды жас Аягөз Русланқызына, шаруа қожалығы жетекшілеріне, кәсіпкерлерге, аудан тұрғындарына шынайы алғысымды білдіремін. Ынтымақ пен бірліктің арқасында бұл ауыртпалықты да жеңеміз! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!- дейді аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева.

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале