18.05.2021, 9:04
Оқылды: 73

Іске сәт, Назыкеш!

«Сырым елі» газетінің оқырмандары Назыкеш Төлеуованы танитын шығар. Газет бетіне өлеңдері, бірді-екілі мақалалары шығып тұрады.

CC52E851-3E9A-4FDF-BA57-EB6E67AEEEAE

Жылдың басында "Nur Otan" партиясының сайлауалды үгіт - насихат жұмыстары кезінде Назыкешке арнайы бардым. Ол - менің ауылдасым, көршім. Ол туғанынан арбаға таңылған. Алайда, Назыкештің жігері өзін де, бізді де өмірге құштар, ғашық етеді.

Сол кездесуде көршіммен көп әңгіме айттым. Ол кәсіп ашуға ниетті екенін айтты. Кәсіп оған - табыс табу үшін ғана емес, бірсарынды өмірдің ырғағын өзгерту үшін де керек екен. Қолдан келгенше көмектесуге уәде беріп, үйге қайттым.

Кейін Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Саламат Иманғалиев мырзамен Назыкешке жеке кәсібі үшін қайтарымсыз грант беру жайын ақылдастым. Орталық маманы Сәбит Өмірзақов үйіне барып, Назыкештің ой-жоспарын тыңдады, кейін кәсіпкерлік негіздеріне үйрететін "Бастау бизнес" курсына оқушы ретінде тіркелді.

Бәрі сәтімен басталып келе жатқан. Дегенмен, Назыкештің І топта болуына байланысты облыстық медициналық - әлеуметтік сараптама оны жұмысқа жарамсыз деп таныды. Бір қиыны, оларға елге берілетін қайтарымсыз грант та берілмейді екен. Саламат Иманғалиев алдымыздан осындай кедергінің шығуы мүмкін екенін айтқан еді. Рас болды.

Кәсіпкер болсақ, мәселені өз бетімізбен шешер едік. Депутаттың, соның ішінде мәслихат құрамына сайланған қарапайым газет қызметкерінің қолынан не келеді? Жазу, мәселені көрсету ғана келеді. Содан не керек, Рамазан айында әлеуметтік желі арқылы қарындасымыздың кәсібін ашуға жәрдем беру туралы үндеу тастадық. Үндеуімізге 15 минуттың ішінде жауап келді. Сырым колледжінің оқу өндіріс шебері, жас кәсіпкер, аудандық мәслихаттағы "Ақжол" партиясының атынан сайланған депутат Ақеділ Нұрмашев түрлі - түсті принтер сыйлаймын деді. Ал Өлеңті ауылының тұрғыны Батырхан Нұқиев "Өлеңті" қайырымдылық қорының атынан ноутбук алып беруге уәде етті. Көп ұзамай ауылға 149990 теңгенің су жаңа ноутбугын алдырды. Шаруашылықпен айналысатын азаматтар Сағадат Мамбетқазиев пен Тарас Сәрсенов қаржылай көмегін қосты.

Ораза айының соңғы күні Назыкештің үйіне бардық. Батырхан мен Ақеділ оған принтер мен ноутбук сыйлады. Ағалары берген қаражатқа фотоқағаздар сатып алып, оны апарып бердік. Алла қаласа, Назыкеш жаңа кәсіп бастайтын болды. Ол енді баспа жұмыстарымен айналысады.

Бұл постты өзімді көрсету үшін емес, елдің ішіндегі азамат жігіттердің бар екенін айту үшін жазып отырмын. Алла оңдап, олар қолдамағанда, бұл шаруа шешілмес еді. Рахмет, жігіттер!

Ал кәсібін бастаған Назыкешке іске сәт дейміз! Егер сіз фотосурет шығарғыңыз келсе, немесе қабырғаға ілетін сәнді сөздер керек болса, алғысхат, диплом шығарамын десеңіз Назыкешке хабарласыңыз! Оның тәй-тәй басқан бизнесіне қолдау көрсетейік!

Назыкеш Төлеуованың номері керек болса, мархабат: 8 747 179 06 93

Бауыржан Ширмединұлы,

аудандық мәслихат депутаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале