9.03.2021, 10:55
Оқылды: 83

Ісмер Мәрзия ана

Адам өмірі бір-біріне ұқсамайтын сан алуан тағдыр жолымен өрбитіні ақиқат. Ақ пен қара алмасқан тағдыр жолы тек сүрлеу емес, сан қилы соқпақтарымен де мәнді көрінетіндей. Шындығында да бір адамның көрген бейнеті, жақсылықпен өрілген сәтті ғұмыры екінші адамның өміріне ұқсамайды. Айналып келгенде мұның бәрі Алланың пешенеге жазуынан өрбитіні рас. Заманның тар соқпағы болмағанда, Мәрзия Нұрашқызына да о бастан өз Отанында өмір сүру бұйырар ма еді, кім білсін?!

іс 2

Жетпістің төріне қадам басқан ақ жаулықты ана Өзбекстанның Самарқанд облысының Кәттақорған деген жерінде 1947 жылдың мамыр айында жарық дүние есігін ашыпты. Өзінің айтуынша, Шәмшек әулеті, Шоғы тайпасынан тараған көрінеді. Әкесі Нұрадин Шәмшитұлы діни сауатты әрі дәулетті адам болған екен. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқан 1937 жылғы қуғын-сүргінде ағайындарымен бірге елден бір түнде қашып кеткен. Бүкіл тума-туыстары мыңғырған малдарын айдап, ауру туыстарын да түйеге өңгеріп, кіндік қаны тамған туған жерден бой тасалайды. Талай күн, айлап жол жүріп, әбден титықтайды. Тоқтаған жерлерінде айдап келе жатқан малын сойып, көштерін одан әрі жалғастырып отырады. Талай мәрте арттарынан қуғыншы шығып, жолдарын бөгегенімен, ебін тауып жылыстап кеткен. Орталарында Көшербай ақын деген айналасына сыйлы, қасиетті адам болған . Мәрзия апайдың айтуынша, ол кезде құрметті адамға ақын деген атау берілген көрінеді. Қызыл әскерлер алдарынан аттарымен ойқастап шыққанда, Көшербай ақын демде дауыл тұрғызып, енді бір жерлерде төкпелетіп жаңбыр жаудырып жібереді екен. Осылай араларындағы ағайынды арқалы кісілердің арқасында қуғыншыларды талай сан соқтырып кеткен. Маңғыстаудың Бейнеуіне келгенде тағы бірнеше адам жолдарын кеседі. Олар да адам баласы ғой, біраздан соң «Бізге бесалты қой мен балаңды тастап кет» дейді мәмілеге келгендей сыңай танытып. Сонда жаңағы Көшербей ақын жерге шеңбер сызып, «Көшербай деген кісіні танимысыңдар?» деп сұрайды. Олар: «Естідік, естідік», - деп жауап береді. Сонда ол жаңағы сызған шеңберінің бір бөлігін көрсетіп: «Бұл жерде ол жоқ» - дейді. Айласының арқасында төрт көздері түгел жолдарын одан әрі жалғастырады. Түркіменнің Ташауыз деген жеріне жақындағанда үлкен көш әбден болдырады. Елдің шетіне түйелерін шөгеріп, сол жерге тоқтайды. Жол бастап келе жатқан Көшербай ағайындарына:«Мен дәрет алатын су сұрап алайын, сендер жүкті түсіре беріңіз» деп, шеткері тұрған жатаған тамға «бисмилләһи» деп кіріп келеді. Сол кезде «өлген» адамды ақ матамен орап, дауыс салып жылап отырған бес-алты әйелді көреді. «Бисмилләһи!» деп табалдырық аттағанда бала кірпігін қимылдатады. Мұны көрген әйелдер улап-шулап: «Сен киелі адам болдың, ұлымызды емде!» - деп еңіреп, жалына бастайды.

іс1

Ымырт үйірілген шақ. Көшербай ақын: «Мен жалғыз емеспін, біз үлкен көшпіз. Ас-сусыз шаршап-шалдығып келеміз. Алдымен адамдарды жайғастырып, намазымды оқып алайын», - дейді. Түркімендер келісіп, олардың орнығуы­на көмектеседі. Ас-суын беріп, тамақтандырады. Содан қазақтың діни сауатты үш молдасы баланы үш күн-түн үзбей оқып, дем салады. Ғұмыры келтесінен үзілді деп отырған ұлдың беті бері қарап, құлан-таза жазылып кетеді. Бір айдан соң түркімендер қазақтарға бұл жерге тұра берудің қауіпті екенін айтады. Сөйтіп, олар әрі қарай жүктерін тиеп, тағы белгісіз бағытқа көш басын бұрады. Бірақ түркімендер Көшербайды жібермей алып қалады. Ол сол ауылда жасы ұлғайғанша өмір сүріп, 90-нан асып қайтыс болады. Ақыры елден амалсыз қашып шыққан­дар Өзбекстанға табан іліндіріп, Самарқанд облысының Кәттақорған деген жеріне тұрақ тебеді.

– Әкемнің сол жерде өзбек балалары бар, - дейді Мәрзия апа. Арып-ашып келген қазақтарды учаскеге бөліп, қой қырқу, қой сауу жұмыстарына жібереді. Ол жерде де арттарынан қуғыншы келгенімен, өзбек ағайындар жасырып алып қалады. Әкесі Нұрадин діни сауатты, арабша, көне жазуды меңгерген адам болғанын жоғарыда айтып өттік. Әрі қара суды теріс ағызған өте арқалы жан екен. Елін аңсаған ол қой қырқып отырып қазақша ән салады. Сонда қасындағы өзбек бала өз тілінде «Дауысың құрысын» дейді. Нұрадин ата оған аларып бір қарайды. Басқа ештеңе айтпайды. Түнде өзгенің емес, тап сол өзбек баланың екі көзінің ортасына ағаш түсіп, мұрыны қиылып қалады. Ол дереу тәубаға келіп, әкесінің аяғына жығылып кешірім сұрайды. Сол ауылда жүргенде бес уақыт намазын қаза қылмайтын Нұрадин Шәмшитұлының артынан бір өзбек біраз уақыт аңдып жүреді. Оны әкесі байқамайды. Әлгі адам бұлардың үстінен қарайтын бригадир екен. Ақыры ол бұл қазақтың тегін адам емесіне көзі жетіп, өзінің бұйымтайын айтады. Әкім (директор) боп қызмет ететін ағасының алты жасар баласы еліріп, есі шығып ауырады екен. Соны қарап бер дейді. Есін жоғалтқан баланы да емдеп, қатарға қосады. Сол кезде риза болған әкесі (әкім) «Сендерді ешкім қудаламау үшін» деп ұлттарын өзбек деп жаздыртып, құжат алып береді. Бұлармен жақсы араласып кетеді. Кейін әлгі ауырған бала да оқып, ел басқарады. Сол кезде Сағыновтар әулетін қолдап, жаңағы паспорттарына жазылған өзбек деген сөздің орнына қазақ деп жаздыруға ықпал еткен екен. Ізгі іс өзіне бірнеше рет жақсылық боп оралады. Нұрадин ата жасынан тағдыр тауқыметін кешкен бауырларына сүйеу, отбасының бас көтерері боп анасына жәрдемдескен. Ерте үйленіп, екі жылдан соң жұбайы ауыр науқастан көз жұмады. Содан ұзақ жыл салт өмір сүріп, 40 жасында өзбек елінде Жаңғақ Ырзабайқызына (Мәрзия апаның анасына) үйленеді. Анасы жарықтық қарапайым, бірақ ешкімді басындырмайтын жан болған екен. Самарқандтағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 16 жасында әкесіне тұрмысқа шыққан. Тегін тарқатып кетсе, нағашылар жағынан да оқымысты адамдар шыққан деседі. Үйленгеннен кейін алты жылдан соң 1947 жылы Мәрзия апай өмірге келеді. Мектепке барып, қара танудың мүмкіндігі болмайды.

– Ол кезде әкемнің шаруасы өте қиын болды. Он алты жасымнан намаз оқыдым. Мені оқытпадың деп ренжитін едім. Сонда әкем жарықтық: «Алланың әр пендесіне берер рақымы бар» дейтін. Қасиетімді меңзегені болар. Оқымасам да, тігін цехында киім тіктім. Маған тапсырыс көп түсетін. Жұмысыма ел риза болатын. Барлық заказды таптұйнақтай етіп орындағанымда олар таңғалып: «Сенің оқымадым» дегенің өтірік» дейтін, - деп еске алады.

Өзбек елінде өсіп-өнгенімен, бақыт таланын Қарақалпақстаннан тапқан екен. Сол жерде үбірлі-шүбірлі болған. Алла бойына қасиет дарытқан. Бұрын ауырып-сырқаған адамдар жиі келіп жататын. Ұлдары қаламаған соң, кісі қарауды қойған. Бірақ Алла шебер ғой, талай оқығандарды шаң қаптыратын керемет ісмерлік дарытыпты. Немере-жиендерінің жасауын да өзі тіккен. Тойға арнап әдемі көйлектер мен әр түрлі тастармен безендірілген қамзол, көрпелері көздің жауын алады. Жасы ұлғайса да ешкімге ұқсамайтын өзіндік ою-өрнегі бар шеберлігімен табыс та тауып отыр. Алғыр, өжет ананың әңгімесі қандай десеңізші?! Жады да мықты. Әкесі өмірден өтерінен біраз жыл бұрын шақырып алып: «Әр түрлі жағдай болады. Аласапыран. Сол кезде қиналып қаларсыңдар, елге қайтуға ниет етіңдер. Мен енді осы жерде қаламын. Сендер алғашқы емес, ортаңғы тұста кеткендерің дұрыс. Сонда бәрі жақсы болады», деп көрегендік танытыпты. Айтқаны айнымай келеді. Сағыновтар әулеті Қазақстанға 2005 жылы ат басын бұрады. Әкелері айт­қандай, ортаңғы тұста келіп, елмен сіңісіп кетеді. Шүкір, бүгінде жағдайлары көш ілгері. Еңбекқорлықтары арқасында жеке шаруашылық құрып, тірліктерін дөңгелетіп кетті. Санжарбек атты ұлын тасқалалықтар тасы өрге домалаған кәсіпкер ретінде жақсы таниды. «Рамазан» атты жеке пластикалық терезе жасайтын цех, азық-түлік дүкені, көлік жөндеу сынды орындары бар. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын Мәрзия апаның суырыпсалмалық қасиеті де бізді тәнті етті. Кетерінде тегін тарқатқаныма риза болды ма, ақ батасын жаудырды. Аузы дуалы ана әп-сәтте ойға оралған ордалы сөзді төкпелетіп жібереді. Риза болдық. Отағасы Таңатар Сағынов тірлік тінін ертерек үзіп алған. Мәрзия ана 8 құрсақ көтерген. Бүгінде олар әр салада абыройлы еңбек етуде. Біз барғанда Ақтөбе қаласында тұратын қызы Дина келіп, арқа-жарқа болып жатыр екен. Динаның мамандығы – гинеколог. Ол да анасының әр қадамдарын сезіп отыратын қасиеті жайлы әңгіме тиегін ақтарды. Осынау тағдыр жолында талай қиындықты еңсерген қайсар ана осы күнге жеткізген Аллаға сансыз шүкірлік айтады.

Гүлнар Қадырова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале