5.03.2021, 19:45
Оқылды: 67

Испанияға апарар жол...

Қазақ футболының тасы өрге домалауы жас өскіннің талабына тікелей байланысты. Бүгінгі таңда үздіктерді үлгі тұтып, әлемдік футбол жұлдыздарына еліктеп өсіп келе жатқан жасөспірімдер аз емес. Солардың бірі - біздің жерлесіміз, бөрлілік жас Рустам Есетов.

88632D09-2C07-4673-8FED-86B17725D170

Бала кезінен футболға деген қызығушылығын байқаған анасы, баласының арқасынан қағып үнемі қолдап отырған. Рустамның ала допқа деген қызығушылығы  сонау бала кезден басталған көрінеді. Ол футболдың әліппесімен Пугачев ауылында танысып, Арыстан Сахипов есімді жаттықтырушының қарамағында жаттығу бастаған. Ақсай қаласына қоныс аударғаннан кейін жаттықтырушы Владимир Ляшевте жаттығып жүреді. Сонымен қатар Рустамның футболға деген сүйіспеншілігін көріп, үнемі қолдау білдіріп жүрген ұстаздарының бірі пугачевтік Кенжеш Мурзабаев екен.

-Мен бала кезімнен футболға қатты қызықтым. Алдымен жаттығуымды Пугачев ауылынан бастадым. Кейін отбасы жағдайына байланысты Қызылтал ауылына көштік. Қай жерде болса да жаттығуымды үнемі бірінші орынға қоямын. Ол менің өмірлік дағдым десем де болады. «Ақжайық» ФК-да бір жылдай жаттығу жүргіздім. Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы Нұр-Сұлтан қаласында іріктеу ойындары болатынын білдім. Тәуекелге бел байлап, сол сайысқа аттандым. Еліміздің басқа да өңірлерінен мықты балалар келді. Жалпы жүзден астам адам бақ сынадық. Бұл жерде ең алдымен футбол ойнау әдісіңе, шапшаңдығыңа басты назар аударады. Сөйтіп мықтылар арасынан, үздіктер қатарынан табылу бұйырды. Испанияға жолдама дегеніңіз футболды сүйер жан үшін, әрине, ең керемет мүмкіндік. Мен қазақ футболын жақсы деңгейге шығарып, елімнің атын шығарғым келеді. Бұл менің жетістік баспалдағым деп есептеймін. Арманымның орындалуына сеп болған, менің қолдаған анам мен әкеме және ағайын-туғанға айтар алғысым шексіз,- деді сөз басында біздің ұлан Рустам.

F9501E4A-2D92-42F0-AA88-3A9E9B2E9F21

Ол студент болып Орал қаласына оқуға түскен кезде де футболдан алыстамаған. Жарыстар кезінде бар шаруасын ысырып қойып, ала доп бәсекесінің ортасынан табылған. Ол достарының айтуымен Нұр-Сұлтан қаласында болатын іріктеу ойындарына өз қаражатымен барып қатысады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мықтылар сайысында жерлесім Испанияға жолдама алғандардың сапынан табылды. Олар Испанияда бір ай бойы кәсіби мамандардың жанында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік алды. Дегенмен онда барып-келу, құжаттарды рәсімдеу басқа да барлық шығындарды спортшы өзі көтеруі керек екен. Оның ақысы теңгемен шаққанда шамамен 2 млн. теңгені құрайды.

-Мен баламның арманы осы футболмен тікелей байланысты екенін бала кезінен сезгенмін. Сол үшін жаттығуы кезінде бетінен қаққан емеспін. Испанияға жолдама алдым деген кезде қатты қуандым. Алайда қолымда жинап отырған қаржы болмағасын біраз уайымдағаным рас. Алайда Рустамды жақын білетін ағайын-туманың барлығы бізге қолдау білдірді. Біз үшін бұл үлкен демеу еді. Содан қаражат жинау басталып кетті. Оны жинауға Рустамның марқұм әкесінің тумалары қомақты қаржымен көмек білдірді. Өзімнің бауырларым, қазіргі жолдасым Саматтың да ағайындарының үлесі бар,- дейді анасы Әдемі Есетова.

Мұндай қаражатты жинау, әрине, оңай емес еді. Сондықтан Әдемі ханым аудан әкімдігінен көмек сұрауға бел буады. Аудан әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы ананың өтінішін жерге тастамай мейлінше көмек көрсететіндігін жеткізеді. Олардың мұрындық болуымен аудандық мәслихат депутаты, спорт жанашыры Дуйсенов Серік есімді азамат қаржылай қолдау жасайды.

-Менің өтінішімді орындап көмек қолын ұсынған аудан әкімдігіне, дене шынықтыру және спорт бөліміне, аудандық мәслихат депутаты Дуйсенов Серік мырзаға, баламның осы жетістіке жетуіне мүмкіндік жасаған жаттықтырушыларына айтар алғысым шексіз,- дейді Әдемі ханым.

Бүгінде қажетті қаражат толық жиналған. Қажетті құжаттар реттеліп жатыр екен. Рустамдар наурыз айының соңына таман Испанияға жолға шықпақ. Әлем көз тіккен ала доп бәсекесінің басында жүретін елде доп теуіп, тәжірибе жинап келетін Рустамды біз де үздіктер қатарынан көреміз деген үмітіміз мол.

Мейрамбек Сыдықов,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале