18.01.2022, 10:15
Оқылды: 102

Итке де тәртіп бар

Қалалық жердегі таусылмайтын «жырдың» бірі – ит ұстау әңгімесі ауылға да келіп қалғандай ма...

«Қарғыбаусыз бос жіберді», «аузын тұмшаламаған» деп қалалықтар байбаламдап жатқан кезде «онысы несі?» деп отыратын ауылдықтар да енді итті аулада ұстаудың қажеттігіне көз жеткізгендей.

3E900D92-C328-487D-AB53-F2799D192AF9

Қазақта «жеті қазынаның бірі» саналған иттің адам тіршілігіндегі орыны анық. Алғашқыда аң аулауға салған иттер аса саққұлақ қабілетімен өздерінің жаңа қыры – күзетші екендіктерін көрсетті. Көшпенді қазақ тұрмысында иттің үлкен мәні бар. Адамның үйі мен мал-жанын қорғаған ит жыртқыш жақындап, қауіп төнсе үріп, дыбыс береді. Түнде бүкіл ауыл қалың ұйқыда жатқанда, иттер кірпік ілместен олардың ұйқысын қорғап шығады. Сондықтан да, ауылдық жерде итсіз аула жоқ десек, қателеспеспіз.

Ал, сол итті ұстау тәртібін білеміз бе?

Осы сұраққа жауапты көшедегі иттерді көп айтатын Теректі ауданы Подстепный ауылының тұрғыны Тандагүл Сисенова берді.

- Итті байлап ұстау деген тәртіпті білгендері болса да, орындамайды. Ауыл үлкен. Қараңғыда көше бойы түгілі, аулаға шығуға жүрексінемін. Оған себеп – ит. Маңайдағы саяжайлар иелері қаңғытып кеткен жартылай бұралқы иттер өз алдына, иелері бос жіберген иттерден қауіптенеміз, -дейді ол.

Бұл үлкен ауылдың әңгімесі деп қоя салайық десек, шағын ғана Барбастау ауылында да осындай жағдай байқалады.

- Біздің ауылда ит ұстау тәртібін ұстанатын тұрғындар некен-саяқ-ау. Өзіміз ит ұстамаймыз. Көше толған ит. Алақандай ауыл болған соң, кімнің иті екенін білеміз. Бірді-екілі «байлап ұсташы, қауып алар бала-шағаны» деп айтып та жүрміз. Дегенмен, сол бос жүрген ит азаймай тұр. Ол өз алдына, жылға екі күшіктеген соң, саны да көбейіп кеткен. Осы өсімнен таймаса, жуырда «Итті ауыл» атанармыз-ау, - дейді Маржан есімді тұрғын.

Бұл мәселе ауылды қойып, аудандық деңгейде де көтерілген болатын. Былтыр аудан әкімі Тілек Габдушев ақсақалдармен кездескен сәтте Подстепный ауылдық округінен келген ақсақалдар қаңғыбас иттердің көптігіне алаңдайтынын жеткізген-ді.

Сол жолы Тілек Александрұлы: -Жасыратыны жоқ, бұралқы иттер күллі ауылдың өзекті мәселесі болып отыр. Көше бойында иттер қаптап жүр. Олардың басын азайту немесе оқшаулауды  арнайы мамандарға табыстау қажет. Ит иелеріне түсіндіру шараларын дұрыстап жүргізу керек. Себебі, кейбіреулер күшік кезінде алып, үлкейгеннен кейін қаңғытып жіберіп отыр. Ол иттердің адамға шабуы да ықтимал. Бұл қоғам үшін өте қауіпті,- деп жауап берді.

Аудан басшысы осы іспен айналысуды арнайы мамандар – «Теректі мал жәрдемі» мекемесіне тапсырған.

Осы орайда  «Теректі мал жәрдемі»  директорының міндетін атқарып Алмас Юмабаевты сөзге тарттық.

-Аудан аумағында иттерді ұстау тәртібі Батыс Қазақстан облыстық шешімімен бекітілген. Ол құжатта жеке тұрғын үй иелері итін өз ауласынан қашып шыға алмайтындай етіп ұстауы тиіс деп көрсетілген. Аула сыртында, қақпаға немесе аула қоршауына  ит бары жөнінде ескерту жазылған тақтайша қағып қойған дұрыс. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринаралық ережелерді сақтаулары тиіс. Иттерді серуендету кезі түнгі 23-00 мен таңғы 6-00 арасы деп анықталған. Және де, адамдар жиналатын, қоғамдық орындарда оларды қысқа тізгінбауда, тұмылдырықта ұстау қажет. Яғни, көше бойына итті бос жіберуге болдмайды. Осы жерде аудан тұрғындарының қаперіне ит ұстау қағидаларын сақтамаған азаматтарға заң жүзінде жауапкершілік қарастырылғанын жеткізгім келеді,-деп түсінік берді.

Нақты айтсақ, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 408-бабында: «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлеген, қалаларда және басқа да елдi мекендерде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкiне залал келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» деп тайға таңба басқандай жазылған.

Осы орайда, 2021 жылдың 30 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасының Президенті «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойды. Заңда үй жануарларын, соның ішінде  итті ұстау тәртібі қаралған.

Ендеше, итіне ие болмағандарға заң жүзінде шара қолдануға болады.

Осы орайда айтылар тағы бір мәселе бар.

Ол - иттердің есепсіз өсімі. Мысалы, бір ит ұясында кемінде екеу, кейде тіптен алты-жетеуден күшіктейді. Және де, жылына екі мәрте күшіктеуге қабілетті. Сөйтіп, бір иттен оншақты бас тарайды. Олар бір-екі жыл ішінде өз ұрпағын әкелуге қабілетті болады. Ал, санай беріңіз....

Бұл табиғи өсімді азайту керек екені түсінікті. Кейбіреулер иттерді «ату керек», «улап тастаңдар» деген «жолдар» айтады. Дегенмен, бұл рақымшылыққа жатады ма? Мыңдаған жылдар бойы адамға адал қызмет еткен жан иесін еш себепсіз оққа байлап, ажал құштыру дұрыс па?!

Мамандар ит санын кеміту жолын айтып отыр. Ең дұрысы, ұрықсыздандыру. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, тарттыру. Ол шараны облыс орталығындағы ветеринарлық клиникаларда, ақылы  жасатуға болады. Ал, заңнамалық қағидаға сай итті чиптеу, тіркеу және құтыруға қарсы екпе салу үшін әр ауылдағы ветеринар мамандарға бару қажет.

Қалай болғанда да, ықылымнан беріде адамзатқа серік болып келе жатқан иттерді қазіргі тәртіпке сай ұстау тиіс. Үй жануарын бағып, тиісті ем-шаралар жүргізу - иесінің міндеті.

 Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале