10.09.2024, 16:00
Оқылды: 231

Қабиевтер – көпке үлгі отбасы

Бүгін Теректі аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен балалар шығармашылық үйінің ұйымдастыруымен Подстепный ауылындағы «Жігер» коворкинг орталығында Отбасы күніне орай «Жарқын жүздесу» бағдарламасы өтті.

1A011122-462D-4EF5-BBB6-A1541EFAFBD5

Балалар шығармашылық үйінің бұқаралық бөлім меңгерушісі Үміткер Орынғалиев тізгіндеген бағдарламаның қадірлі қонағы Қабиевтер отбасы болды. Мерекемен құттықтап, көпке үлгі әулетке алғысын білдіру үшін білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев те арнайы келді. Оқушылар мен ұстаздар сүйсіне тамашалаған бағдарлама жанға азық сыйлады.

CAEC45DE-864F-4B1F-905F-CCAE8C89B020

Бірлігі мен тірлігі жарасқан отбасының тірегі Асхат Қабиев Казталов ауданында, шаңырақтың ұйытқысы Гүлзира Иманбаева Қаратөбе ауданында өмірге келген. Тағдыр айдап, 2005 жылы Подстепный ауылына қоныс аударған. Отағасы Подстепный №1 жалпы орта білім беретін мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берсе, отанасы – Подстепный мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі. Асхат Маратұлының інісі, өңірімізге танымал әнші, республикалық байқаулардың жүлдегері Азат Қабиев те ортадан табылып, әкесі үйреткен баян аспабының көмегімен әннен шашу шашты. «Әке» әнімен тебірентіп, «Жақсы екен» термесімен жанды жылытты.

49BF3654-C2D6-4C3F-B603-6B3B10A2C8B6

Гүлмира Есенаманқызының 5 сыныпта сахнаға жетелеп шығарған шәкірті Аңсар Сағиев қара домбырамен ән әуелетті.

«Сұрақбізден, жауап – сізден» айдарында ұстаздық жолды таңдаған жұпқа сұрақтар қойылып, бала тәрбиесі туралы ойлары сұралды. Кейіпкерлер мектеп пен отбасы егіз ұғым деген ойда. Отбасы да шағын мектеп. Баламыз зиялы ұрпақ болсын десек, біз жауапты ұстаз болуға тиіспіз. Ұтымды жауап берген отбасы көпке ой салды. Ұлдары Бағдат пен Бейбіт алғыр, саналы, ақылды оқушылардың қатарында. Бос уақыттарында кітап оқып, спортпен шұғылдануды жандары сүйеді екен.

B5AACFC8-EDDD-4849-A4ED-21DBCDD6AEFF

Жүздесу барысында жүргізуші Асхат Қабиевтің өнерлі әулетте туғанын, халықтық «Қабиевтер» ансамблінің мүшесі екенін айтып қонақкәде сұрады. Ол 20 жыл бойы қолына домбыра алмаған. Ауылға көшіп келген соң басқа салаға ауысқан. Дегенмен ауылдастарының патша көңілін қалдырмай, Жібек Болтанованың ана туралы әнін шырқады. Қоңыр үні жүректерді жаулап, ыстық ықыласқа ие болды.

A273AC53-0B8C-4C7A-B20C-A00F0472C84B

Соңында Мирас Махмұтұлы сөз алып, мұндай жүздесулердің жиі өтіп тұрғанын қалайтынын айтты. Сондай-ақ Қабиевтер отбасына алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале