Кітапты ұлықтауға арналған әдемі шара Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебінде өткізілді. «Білімге құштар мектеп» жобасы аясында өткізілген байқау «Білімнің қайнар бұлағы - кітап» деп аталды. Көркем шара күмбірлеген күймен ашылды. Шағын домбырашылар оркестрінің ұйымдастырушы – жетекшісі талапты жас жігіт Еркін Бақберген екен. Риза болып қалдық. Оқушылар кәдімгідей төселіп қалыпты, киімдері де сәнді. Биылғы білімпаздар додасында топтан озып шыққан 14 оқушы қатысқан. «15 кітап – 300 сұрақ» тесті, «Әдеби детектив», «Білгір болсаң – байқап көр, Білімді болсаң тауып көр..!», «Ораторлық шеберлік» сияқты зияткерлік кезеңдер байқауға қатынасушыларды сынады да, шыңдады. Екі кезеңнен өткен сайыстың жүлдегер – жеңімпаздары да анықталды. Көрермендер жеңімпаздарды асыға күтуде.
Міне, марапаттау кезеңі де басталды. Білімге бейім, кітапқа құмар оқушыларды марапаттау үшін Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев сөз алды. «Артық білім – кітапта» - деген Абай атамыздың атақты сөзімен тілегін бастаған Мұрат Амангелдіұлы кітаптың адам өміріндегі алатын орны мен маңызына тоқталып өтті. Сахна төріне жеңімпаздар көтерілді. Байқаудың жүлделі үшінші орнын 10-сынып оқушысы Райхан Ильясова иеленді. Екінші орын иегері болып 7-сынып оқушысы Фариза Амандаулет танылды. Бас жүлдегер болып 7-сынып оқушысы Айзере Жауынбай сахна төріне көтерілді. Жарайсың Айзере!
Марапаттау аяқталды. Оқушылар да дән риза. Осының айғағындай болып «Кел, досым, кітапханаға!» әнінің шырқалуы да керемет болды. Орындаушы жас әнші Інжу Берік көптің қошеметіне бөленді. Осыдан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Есенов сөз алып, жалғасты болатын жарқын шараның өміршеңдігін айтып келер жылда болатын жақсы жаңалықтар туралы жағымды хабар жеткізді. Өз кезегінді ол тұрақты кітап оқып, рухани байлықты серік еткен оқушыларға сыйлық табыс етті.
Тағы да өнерге кезек берілді. «Еркемай» бишілер тобының өнері де назар аударарлықтай болды. Әсіресе қолдарына ұстаған «Қазақ тілі» оқулығын көкке көтеріп, ырғаққа қосулары сәнді көрінді. Енді сыйлықтар туралы баяндап өтелік. Үшінші орынға – рюкзак (оқушысы сөмкесі), екінші орынға – домбыра, бірінші орынға велосипед тарту етілді. Керемет емес пе?! Рюкзағыңды қызықты кітаптарға толтырып, қасиетті домбыраңды қолыңа алып, арынды велосипедіңмен алға қарай зырлап, самғай беріңдер, кітапқұмар қырандар!
Сөз соңында ауданымыздағы жас ұрпақты кітаптың сырлы әлеміне жетелеу, оқуға, білімге деген құштарлығын ұштау бағытындағы осы «Білімге құштар мектеп» жобасының басында тұрған аудан әкімі Мұрат Өмәірәлиев екендігін айта кеткен ләзім деп ойлаймыз. Жақсы істің басында әрдайым игі жақсылар жүргенге не жетсін!
Адақ Шотпанов,
Шыңғырлау ауданы