Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен көрнекті ақын, жауынгер Абдолла Жұмағалиевтің 110 жылдығына арналған тағылымды шара Қадыр Мырза Әлі ескерткішінің алдында сабақтасып, рух пен риясыз құрметпен өрілді.
Амангелді Ғұбайдуллин атындағы балалар саз мектебінің өнерпаз шәкірттері Қадыр алаңын күймен тербеп, қос ішектің үні – жиылған жұрттың жүрек лүпілімен үндесті. Ал Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің елуге жуық оқушысы қазақтың дара дастаншысындай үн қатып, Қадыр Мырза Әлінің «Сырым батыр» өлеңін хормен жатқа оқыды. Сол сәтте күллі Жымпитыда жыр жаңғырып, қонақтар ерекше әсерге бөленді.
Ақын рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімі Қазақстан Жазушылар Одағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Құрманқұловқа, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, жұбантанушы ақын Үзілдік Елеубаеваға, Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтаққа және Журналистер Одағының мүшесі, «Бөрлі жаршысы - Бурлинские вести» газетінің редакторы, ақын Дариға Нұрашеваға ұсынылды.
Одан кейін шара қонақтары Ауған саябағына бет алды. Мұнда тарих пен тағылым тоғысқан маңызды оқиға – Абдолла аллеясы ашылды. Аллеяның лентасын кесу мәртебесі Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Қазыбек Қабжан мен Орал қаласындағы Деркөл кентінің әкімі, Абдолланың тумасы Жұбан Жұмағалиевке бұйырды.
Меймандар 30 түп үйеңкі көшетін отырғызды. «Құрметті қонақпын» деп бәлсінбей, күрек ұстап, шелектеп тасыды. Әрқайсысы Абдолла аллеясының тарихта қалуына үлестерін қосты. Көшеттер – ерлік пен өлеңнің, отансүйгіштік пен өнегенің мәңгілік тамырына айналғандай.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы