9.10.2020, 10:37
Оқылды: 484

Қай елдерге саяхаттадыңыз?

Тәңірдің әр туындысында біз білмейтін таңғажайып қызықтар мол. Алайда саяхаттар туралы ақпараттардың орны бір бөлек. Себебі кім болса да, сәби шағында ертегі оқып, сол ертегіні есту барысында әлемнің түрлі ғажайыптарына барып, саяхаттауға құмар. Және ел танып, жер көрсем деген ой туады. Осылайша жас бала қиял арманын жүрегінің түбіне сақтап өседі. Есейе келе ересек өмірдің торынан шыға алмай қалып жатады. Арманын көмулі қалдырмай, жер-жаһанды аралап, өзін де, өзгені де мойындатқан жандар бар. Ендеше, біз де әлемнің түрлі қызықтарымен бөлісетін жерлес саяхатшыларымызға сауалнама жүргізген едік.

68_main

  1. Қай елдерге саяхаттадыңыз? Ол елдердің ерекшелігі?
  2. Қазақстанның қандай әдемі жерлерінде болдыңыз?
  3. Саяхаттан алған әсеріңіз?
  4. Оқырманға қай елдерді саяхаттауға ұсынасыз?

Динара Болат, саяхатшы, психолог-лайф коуч, трэвел блогер, «Өмірге шексіз ғашық» кітабының авторы:

  1. Осы уақытқа дейін 30-ға жуық елде саяхат жасадым. Әр елдің ерекшелігі әртүрлі. Өзіндік ерекшелігі, өзіндік үйрететін нәрсесі бар. Оны бір-біріне ұқсастырып айту өте қиын. Айта кетейін, Батыстың, Еуропаның, Американың, Шығыс елдерінің бір-біріне ұқсамайтын философиясынан бастап, өмір салтына берілген дүниелерді танып, білу үшін көп саяхаттау керек.
  2. Биыл карантин мерзіміне орай, Қазақстанның біршама жерінде болдым. Мен көрмеген облыс қалды деп айта алмаймын. Қазақстанның әсем жерлерін айтатын болсам: Қайынды, Көлсай, Шығыс Қазақстан облысындағы Катон қарағай, Көкжайлау, Каспий теңізіне барып, демалып қайттым. Ал бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысын, Маңғыстау облысын, Жетісу аймағын көрдім. Қазақстанның жерінен көрмеген тек бір-ақ облыс қалды. Ол – Бозжыра шатқалы.
  3. Саяхаттан алған әсерім – тамаша. Мәңгі есіңде естеліктеріңнің бірі болып қалатындай керемет сезім. Саяхаттау кезінде жолдың өзі, ұшудың өзі, барған жеріндегі халықпен қарым-қатынас, алғашқы тамсану, тану кезіндегі әсер айтып жеткісіз керемет. Бұнда тек сезім әсерін жинау ғана емес, сонымен қатар дүниетанымыңды кеңейтуге үлесі зор. Сондай-ақ шетел көрген адам, шетел көрген жас бәрібір өз елін, өзінің тұрмысын өзге елмен салыстыра отырып, тек дамудың, ілгері жүрудің жолын қарастыратын болады және сапалы өмір сүруге тырысады деп ойлаймын. Сол себепті өсіп, дамып келе жатқан жастарға саяхаттауға кеңес беремін.
  4. Әр адам көру керек деген елдер: Сингапур, Гонконг, Жапония, Нидерлания, Норвегия, Америка. Біз мектеп кезінде оқулықтардың сыртынан Ұлыбритания, Египет, Үндістан елдерін көріп жүретінбіз. Осы аталған елдер экономикалық тұрғыда қалай жетіліп жатыр, қоғамдағы адамдарға қатынасы қандай, жастары қандай, қалай өсіп, дамып жатыр, немен айналысады, табыс көзі қандай?! Осының барлығы сапалы өмір салты тұрғысынан үлгі болатын елдер. Бұл елдерді көрген адам міндетті түрде өседі деп ойлаймын.

Жанар Қадыралиева, мұғалім:

  1. Мен Түркия мен Дубай еліне, Қырғызтанның Ыстықкөлінде және Ресей қалаларында болдым. Бұл елдердің ерекшелігі – тілдерінде. Менің түсінгенім: әрбір шет елге барғанда міндетті түрде сол елдің тілін білу қажет екен. Сонымен қатар олардың әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері және бізге қарағанда тамақтану әдістері бөлек.
  2. Қазақстанның Алматы қаласында, соның ішінде Медеу мұз айдынында, Көктөбеде болдым. Бұл жерлерде тұрып-ақ, үлкен әсем қала Алматының әдемі кейпі кішірейіп көрінгендігі мені таңғалдырды.
  3. Саяхаттан алған әсерім – керемет. Мысалы Түркия еліне барған кезде күнге күйіп қыздырынғанның өзі керемет әсер берді. Сондай-ақ жақсы демаласың. Шет елде қыдыру мен үшін керемет саяхат. Барлық нәрсені ұмытасың, жанұяңмен бірге демалған кез, айтып жеткізе алмайтындай керемет әсер берді.
  4. Оқырмандарға шет елден Түркия еліне саяхаттауға, сонымен қатар Дубай еліне де саяхаттауға ұсынамын. Себебі Түркия елі Жерорта теңізі. Бұл теңіз – тұзды су. Сондықтан адам тұзды суға түскенде көп ауырмайды, яғни ауру белгілері төмендейді-мыс.

Іңкәр Сәдуақасова, саяхатшы:

  1. Өзім осыған дейін 19 елді саяхаттадым. Атап айтар болсам: Түркия, Ресей, Украина, Венгрия, Австрия, Франция, Нидерланды, Белгия, Швейцария, Италия, Испания. Сондай-ақ Грузия, Америка, Германия, Сан-Марино, Ватикан, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Чехия елдерінде саяхаттаған екенмін. Осы аталған елдердің әрқайсысының ерекшелігі, өзіне тән колориті бар. Дегенмен Еуропа елдері көбіне бір-біріне ұқсас болып келеді. Соның өзінде айырмашылықтарын да байқауға болды. Мысалы, Италия елінің тұрғындары әрдайым күліп, көңілді жүреді. Бір-бірін танымаса да сізге қарап, сәлемдесуі де мүмкін және мақтау сөздерін де айтып жатады. Бұның өзі адамның көңілін көтеретіні белгілі. Осы жағынан Италия маған қатты ұнады. Әр елге барған сайын өзім сол елдің жақсы қасиеттерін бойыма жинап, дарытқым келеді. Мысалы, мен Германиядан уақытты тиімді пайдалануды, тиянақтылықты үйрендім. Италия елінен көңілді, ашық-жарқын болуды бойыма сіңірдім. Әр елдің өзіне тартарлық кереметтей ерекшеліктері болады.
  2. Қазақстанның көптеген жерінде болдым деп айта аламын. Тек қана Шығыс өңірінен басқа барлық жерде болған екенмін. Солтүстікте Бурабай бар, бірақ Бурабайдың қандай әдемі жер екенін барлығы біледі. Сондықтан біз Бурабайды Қазақстанның Швейцариясы деп атаймыз. Дегенмен, мені ең қатты таңғалдырғаны Павлодар облысында орналасқан Баянауыл ауданы болды. Сондай-ақ мен Баянауылды бұрын көріп-білмегендіктен бе, естімегендіктен бе сонша әдемілікті күтпеген едім. Тіпті өзім көп елді араласам да, Баянауыл ауданын көріп, марқайып, «Елімізде осындай әдемі, көрікті жер бар екен ғой» деп таңғалып қалған жайым бар. Мұнда біз бүкіл отбасымызбен ұмытылмастай күндерді өткізіп, демалып қайтқанбыз. Негізінде Қазақстанда ашылмай, танылмай қалған, яғни туристер мен көп ешкім білмейтін жерлер көп деп айтар едім. Сондай жерлерді барып көрсе әрбір адам өзінің туған жерінің, елінің сондай сұлу екенін түсініп, қадірлейтін еді. Содан кейін жаймен басқа елдердің әдемі жерін көруге болады.
  3. Түрлі елдерге саяхаттамастан бұрын менің мінезім ұяң, адамдарға ашылып сөйлеуге ұялатын болдым. Өзіме деген сенімділік болмайтын. Ал Еуропаны саяхаттап бастағалы бері айналамда жақсы достар пайда болып, мінезім ашыла бастады. Ашық-жарқын, ақкөңіл кейпіммен адамдармен тез тіл табыса бастадым деп айтсам болады. Бұл, әрине, жақсы өзгеріс. Себебі адам қаншалықты ашық, көңілді болған сайын жанына жақсы дос табуға да қабілетті болады. Сондай-ақ өзінің талантын, мүмкіндігін ашуға да септігін тигізері сөзсіз.
  4. «Талғамда талас жоқ» дегендей, әркімнің талғамы әртүрлі. Мысалы, біреу арзан саяхаттағысы келсе және бюджетті қаласа, онда оған Өзбекстанды саяхаттауды ұсынар едім. Себебі Өзбекстан елінде әдемі жерлер өте көп және Ресей, Түркия елдерін де арзан бағамен қыдыруға болады. Ал кімде-кім шопинг жасап немесе басқа дүниелерді алғысы келсе Түркия, Грузия және Италия елдерін айтар едім. Тарихи елдерді көргісі келетіндерге Еуропа елдері жақсы. Ол үшін Франция, Италия, Греция, Германия елдері қызық болады деп есептеймін. Теңіз жағалауында демалып, көңіл көтергісі келсе, нағыз жстарға арналған жерлерді іздейтін болса, онда Испанияны бірден ұсынатын едім. Себебі Испания нағыз жастарға арналған жер. Әсіресе Барселона қаласы – өте көңілді ел. Сонымен қатар Араб елінде қосуға болады.

Оқырмандарға көп саяхаттауға кеңес берер едім. Саяхат арқылы көп нәрсені үйренуге болады. Өміріңіз болмаса да мінезіңіз, көзқарасыңыз өзгеруі мүмкін.

Айымгүл Башарова, тілші:

  1. Мен АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Түркия елдерінде болдым. Әр жер өз тарихы, тілі, діні, өмір сүру салты сынды дүниелермен ерекшеленеді. Сол үшін де әр ел өзгесіне ұқсамас айрықша бір дастан. Оқылмаған кітап. Сондықтан оны барып, көріп, таныған адам ғана сезіне алады. Өзгенің естелігі ғалам алуандығының ғажабын жеткізе алмайды. Саяхат әркім өзінше кешіп көруі керек сезім.
  2. Қазақстанды түгел шарлап шығу арманым. Оның да бір реті келер.
  3. Мысалы, АҚШ-та жолдар бастауы болған 66 route бойында орналасқан барлық штатты көріп қайттым. Өзімді құдды роуд муви кейіпкері, нағыз жаһанкез секілді сезіндім. Ұлыбританияның астанасы болса, тәкаппар, нағыз ақсүйек, асқақ екен. Түнерген аспан, толассыз жауын, сұр плащ (жамылғы, шапан) киген адамдарымен күтіп алды. Бірақ сонысымен тамаша еді. Ресей астанасы Американың кішкене моделі іспетті. Айналаң орыстың блинницалары, көне славяндық мәнер, қызыл алаң болса да, жолыңда бір орыс жолықпайды. Кіл эмигрант. Өзімнің туған қалам Оралға көрші орналасқан Саратовқа қарасты Қуцуба ауылына қыдырып барғанда жергілікті табиғат сұлулығына тәнті болдым. Ағаш избушкалар мен тосап қайнатқан орыстың әжелері шалғайдағы шағын ауылдың сәнін келтірген. Ал Францияға өзім қалағандай күзде бару мүмкіндігі бұйырды. «Күз», «Франция» деген екі сөзге артық түсініктеме керек емес секілді. Құрлықтар тоғысында орналасқан Стамбул да ғашықтық жыры іспетті. Әр сапарды әңгімелеу бір күнге сыймайды.
  4. Тәңірдің әр туындысы ғажап. Қай ел дейтіні жоқ, бәрін аралау керек. Алайда мүмкіндік болып жатса, Антарктиданы аралаған жөн.

Сауалнаманы жүргізген Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале