14.08.2020, 18:11
Оқылды: 440

Қайраткерге тағзым

«Ерін ескерген елдің болашағы баянды» дейді дана халқымыз. Жуырда С.Меңдешев ауылдық округіндегі қоғамдық келісім кеңесі мен аудандық мәслихат депутаты Едіге Қабдығалиұлы бірлесіп, игілікті іс атқарды. Нақтырақ айтсақ, жерлесіміз, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, тұңғыш Қазақ АКСР ОАК төрағасы Сейітқали Меңдешұлы Меңдешевтің құрметіне әкімшілік ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды.

FB508CD4-4F75-4C21-BB34-16552B0A9372

Айта кетсек, Меңдешев Сейітқали 1882 жылдың 16 маусымында Бөкей губерниясы, Жаңақала ауданыңда қарапайым орта шаруа отбасында дүниеге келген. Жоқшылықтың тауқыметін көріп өсіп, өзінің зеректігімен еңбекке ерте араласқан.

1903 жылы екі жылдық Қазан мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін Бөкей ордасындағы ауылдарда қазақ балаларына білім, тәрбие беріп, 13 жылдай мұғалім болып жұмыс істейді. Семинарияда оқып жүрген кезінде және кейіннен Астрахандағы озық ойлы демократиялық көзқарастағы азаматтармен байланыста болады. Оның өмір сүрген кезеңі елде саяси жағдай шиеленіскен уақыт болатын. Сол кездерде С.Меңдешев жергілікті жерде оқыған сауатты адамдардың басын қосып, 1911 жылы Ордада «Қазақстан» газетін шығаруды ұйымдастырады. Газетте патша үкіметінің еңбекші тапты қанап, надандықта ұстап отырғаны мәселе боп көтеріледі. С.Меңдешұлы 1916 жылы орыс патшасының «Бұратана халықтарды империалистік соғыстағы майданның қара жұмыстарына алу туралы» Жарлығына қарсы бас көтерулер ұйымдастырып, ұлт-азаттық қозғалысқа қосылғаны үшін патша үкіметінің қуғындауына ұшырап, Астрахань түрмесіне үш ай тұтқынға алынады. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Бөкей ордасында, Қазақстан көлемінде Кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысады. 1919 жылы таптық қарсылықтан туындаған Азамат соғысы кезінде РКФСР Кеңес халық комиссариаты жанындағы, әскери-революциялық комитетінің Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару ісінің мүшесі мен төрағасының орынбасары болады.

1926-1930 жылдары Москвада РСФСР экономикалық кеңесінің мүшесі болып қызмет атқарған кезеңде де республика экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.

1930 жылы С.Меңдешев елге оралып, өмірінің соңына дейін Қазақ оқу-ағарту халық комиссариаты төрағасы, ғылым комитеті төрағасы қызметін атқарып, елімізде оқу-білімнің өркендеуіне айрықша еңбек сіңірді.

Ұлтжанды ағамыз «Мұғалім» атты журналдың шығуын ұйымдастырады. Алматыдағы ҚазМУ, медициналық институт, Оралдағы педагогикалық институт сол кісінің ұсынысымен іргесі қаланып ашылса, Оралда Қазақ драма театрын ұйымдастыруға ұйытқы болған. Сонымен бірге ақпарат жүйесін қалыптастыруға ықпал жасады. Осындай қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу, елі үшін ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, биік тұлға, жерлесіміз Сейітқали Меңдешев екі қоғамда да қудалауға ұшырап, жазықсыз жапа шекті. Патша үкіметі абақтыға жапса, Кеңес үкіметі жаппай қуғын-сүргінге ұшыратты.1937 жылы С.Меңдешевті өзі құрған үкіметі «Халық жауы» деп тұтқындап, өлім жазасына кесті. Қуғын-сүргін зардабынан оның жанұясы да жаппа шекті. Алайда әділеттің ақ таңы атып, КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының шешімімен қайта қаралып, 1957 жылы ғана ақталады. Қазақ елінің тұңғыш басшысының есімі құрметпен аталып, еңбегі, өмірі келер ұрпаққа үлгі өнеге болуда. Қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметінен мәлімет беретін 20-дан астам тарихи еңбектер, мақалалар мен естеліктер бар.

Алматы қаласында бір көше С.Меңдешевтің есімімен аталса, жерлестері де қоғам және мемлекет қайраткері С.Меңдешевті келер ұрпақтың есінде мәңгі қалдыру үшін аянып қалмады. Бүгінгі таңда халық қамын ойлаған тұлға есімі берілген Жаңақала  ауданы, Мәстексай ауылында орта мектеп, 1984 жылы құрылған кеңшардың ізіндегі бір ауылдық округі бар.

Жасқайрат Төлеуғалиев,

С.Меңдешев ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы    

(Ескерту: мәліметтер басылымдардан алынды)

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале