14.12.2022, 15:00
Оқылды: 29

«Қайсар рухты қазағым»

Бүгін рухани орталықта Казталов аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен «Қайсар рухты қазағым» атты дөңгелек үстел өтті.

IMG-20221214-WA0083

Шараның мақсаты – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының болу себептерін және тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінуге тәрбиелеу. Отан-ананы құрметтеп, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте ұстауға, үлгі ете білуге шақыру.

IMG-20221214-WA0082

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, ақын, жазушы Закария Сисенғали, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Данял Танзенов, желтоқсан оқиғасының куәгерлері, ақсақалдарымыз, мұғалімдер, кітапханашылар, оқушылар қатынасты.

IMG-20221214-WA0079

Шара барысында А.Нұрғалиқызы барша қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ендіге кезде  бұл мейрам желтоқсан оқиғасы кезінде қаза тапқан жастарды еске алумен дөңгелек үстел бағытында өтетінін атап өтті. Одан соң З.Сисенғали желтоқсан оқиғасы дүние жүзін дүр сілкіндірген ерекше жағдай екенін айтып, КСРО халық депутаты болған Мұхтар Шаханов басқарған беделді комиссия: «Қазақ жастарының бой көтеруінде ешқандай ұлтшылдық жоқ, бұл олардың азаматтық және саяси көзқарасын емін-еркін білдіруі» -деген әділетті қорытындысын да тілге тиек етті. Сондай-ақ Д.Жұпмағамбетұлы «Тәуелсіздік – тұтастығым, тірегім!» атты баяндамасын оқып, халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке екенін жеткізді. Жаңақала аудандық сотының кеңсе меңгерушісі А.Искакова: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Еркіндік үшін күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады», -деп өз ойымен бөлісті.

Шара барысында желтоқсан оқиғасының куәгерлері, ұлт намысы үшін алаңға шыққан Батыр Таулин, Әлия Базарова және Роза Абуова көтеріліс туралы көрген, білгендерін айтып, қатысушылардың жүрегін елжіретті.

Сонымен қатар мектеп оқушылары да шара барысына ат салысып, оқиғаға байланысты «Желтоқсан ызғары» атты көрініс қойып, көркем сөздер оқыды. Шара соңы кітапхана ұжымының дайындаған «Желтоқсан – ерлік тарихы» атты кітап көрмесін тамашалап, естелік фотосуретке түсумен аяқталды.

Нұргүл Елтайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале