16.02.2021, 9:54
Оқылды: 109

Қайтарымсыз гранттың қайыры бар

Өткен жылы Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің №46 (8274) санында «Қайтарымсыз гранттың қайырын көріп жүрміз бе?» атты мақала жарық көрген болатын. Мақалада «Мемлекеттік қайтарымсыз грант – бұл құдалық шақыратын немесе үйдің шатырын жабатын қаржы ма? Әлде өзге де мақсаттарға мақсатсыз жұмсалатын сұрауы жоқ ақша ма? Жастарға кәсіп баста деп берілген қайтарымсыз ақшаға қаншалықты бақылау бар?» сияқты сұрақтар қойылды. Осы орайда қайтарымсыз гранттың жұмсалуын бақылауға алған аудандық жұмыспен қамту орталығы қаржыны кімдер және не үшін алғандығына жауап қайтарды.

гр2

- Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіпкерлікке тарту бағытында аудан бойынша біркелкі жұмыстар атқарылуда. Қайтарымсыз қаржының жұмсалуы 2019 жылы БҚО Кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалында болса, 2020 жылдан бастап бақылау біздің орталықтың назарында, - дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Миранбек Ибатов.

- Аталмыш бағдарламаға сай өткен жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грантқа 67 аз қамтылған, 16 көпбалалы отбасы, жастардан 50 адам, еңбек етуге қабілетті 2 мүмкіндігі шектеулі жан қол жеткізді.

Қазіргі уақытта өз кәсібін ашып, нәсібін тауып отырған кейбір жерлестерімізге тоқталуды жөн санадық.

Көпбалалы ана, Жәнібек ауылының тұрғыны Айнагүл Беғалиева 2017 жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы облыс орталығындағы «Орал «Сервис» технологиялық колледжінде 3 ай оқып, тігінші мамандығын алып шықты. 2018 жылы Орал қаласындағы технологиялық колледжінде 1 ай модельер-пішуші мамандығы бойынша оқыды. Одан кейін аудан орталығындағы «Алтын жіп» жеке кәсіпорнында жұмыс жасады. Былтыр көпбалалы ана санаты бойынша қайтарымсыз грант алып, өз алдына кәсібін бастап отыр. Кесте тігу машинасын сатып алып, қазір аудан тұрғындарынан тапсырыс қабылдауда.

- Кесте тігу машинасын сатып алу арманым еді. Жоба арқылы қайтарымсыз ақшаға ие болып, аппаратты сатып алдым. Көктеп тігу арқылы киімге, орамалдарға жазу жазып, суреттер салуға болады. Ауыл тұрғындары киімдерін әкеліп, есімдерін жазғызады немесе әдемі суреттер салдырады. Қазіргі таңда көп рет қолданылатын бетперделерге есімдерін жазғызуда. Сонымен қатар, ауылдың қыз-келіншектері Халықаралық әйелдер күніне арнап, үлкен және кішкене көлемдегі бет орамалдарға «Асыл ана» жазуын жаздырып, ана мен сәби бейнеленген суреттерді салдыруда. Бір киімге есім немесе басқа да сөз жаздыру үшін 24 минут уақыт кетеді. Ал үлкендеу сурет болса, одан да көбірек уақыт керек. Мысалы, мультфильмдегі қыздың суретін салу үшін 2 сағат уақыт кетті. Аллаға шүкір, тапсырыстар бар. Жұмыс істеп жатырмын, - деді ол өз сөзінде.

Сол сияқты Жәнібек ауылының тұрғыны Дәулетияр Амангелдиев жас болса да қазіргі таңда шаштараз қызметін көрсетіп жүр. Аудан орталығындағы М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжін бітіріп, Отан алдындағы әскери міндетін аткарып келді. Әскерден келген соң шаштараз мамандығы бойынша жұмыс жасауды қалап, «Бастау Бизнес» жобасының курсын оқыды. Аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшердегі қаражатты ұтып алу үшін өз жобасын ұсынып, қорғады. Қазіргі таңда кәсібі бойынша құрал-жабдықтарын сатып алып, «Kings man» шаштаразында тұрғындарға қызмет көрсетуде.

«Былтыр жазда грант ұтып алдым. Берілген қаражатқа қажет заттарды сатып алып, іске кірістім. Аудан орталығындағы «Саян+» супермаркетінің қасындағы ғимараттың бір бұрышын 15 мың теңгеге жалдап отырмын. Ерлердің шаш үлгісін жасаймын. Көбіне жастар келіп, заманауи шаш үлгілерін қидыртады. Өзім осы салаға қызығушылық танытқаннан кейін, былтыр оқып, білімімді шыңдап алдым. Әзірге жобаның сертификатының негізінде жұмыс істеудемін. Жеке кәсіпкерлік ашу ойда бар», - дейді Дәулетияр.

Сонымен қатар, Жәнібек ауылының тұрғыны Марина Жанапанова 2017 жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы «Орал Сервис» технологиялық колледжінде шаштараз мамандығы бойынша 3 ай оқыды. Былтыр «Бастау Бизнес» жобасының курсын тәмамдап, «Жас кәсіпкер» жобасына қатысты. 555 мың 600 теңге қайтарымсыз грант алған ол қазіргі уақытта аудан орталығындағы «Бекнұр» шаштаразында тұрғындарға өз қызметін көрсетуде. Марина Хасенқызы – әмбебап шаштараз.

Тігіншілік бағытында тағы бір аудан тұрғыны Айнұр Қарекенова Орал қаласындағы «ЮлАнИл» оқу орталығында тігінші мамандығы бойынша оқып алған. Өткен жылы «Жас кәсіпкер» санатымен 200 АЕК мөлшеріндегі қайтарымсыз грант алу мақсатында өз жобасын ұсынып қорғады. Қазіргі уақытта кәсібі бойынша құрал-жабдықтарын сатып алып, үйден жұмыс жасауда.

Аталған қайтарымсыз гранттарды ауданымыздың аз қамтылған отбасылары да алған болатын. Солардың бірі Аңсаған Нұрышов аз қамтылған отбасы санатымен мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша жобасын қорғап, екі ірі қара малын сатып алды. Қазіргі таңда мал басын көбейту мақсатында мал қора салып, азығын алды. Күні бүгінге аталған отбасы аз қамтылған отбасы қатарынан шықты. Сонымен қатар, Эльмира Машаева, Мейрамгүл Құрманғалиева, Айболат Есмағұлов, Дәурен Сұңғатов сынды ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысуда.

 

Г.Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале