5.11.2021, 16:02
Оқылды: 42

Қайтарымсыз гранттың қызығын көруде

Қазақстанның тәуелсіздік жылдары элеуметтік - экономикалық дамуда айтарлықтай прогреске қол жеткізіп, кедейлік деңгейін едәуір төмендетуге, тұрғындардың біршама бөлігін анағұрлым нәтижелі жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, адамдардың әл-ауқатын жақсартуға, еңбек өнімділігінің артуына және жұмыссыздар мен нәтижесіз еңбекпен айналысатын адамдардың әсіресе ауылдық жерлердегі санын азайту мақсатында ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысымен Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Қайтарымсыз гранттарды ұтып алып, өз кәсібін бастап жатқан жандар ауданымызда баршылық. Осы жөнінде аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Жания Бақтыгерейқызымен пікірлескен едік.

4

«Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу  және  азаматтарды кәсіпкерлікке тарту бағдарламаның негізгі бағыты болып табылады. Осы орайда, бағдарламаның ІІ бағыты «Жаппай  кәсіпкерлікті дамыту» аясында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттар беру мақсатында 82 адамға 47,8 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Есепті кезеңге 107 адам 200 АЕК көлемінде грантқа қол жеткізді. Олар үш көп балалы отбасы, төрт аз қамтылған отбасылар мен екі жұмысқа жарамды мүгедектерге берілді. Олар қазіргі таңда ірі қара және ұсақ мал шаруашылығы, құс шаруашылығын дамыту, сонымен қатар дәнекерлеу ісі, СТО, кондитерлік ісі бойынша  жұмыстануда. Сонымен қатар, балаларға арналған түрлі ойын-сауық құрылғылары бар орталықты ашуды қолға алған жандар бар. Ол кәсіпті дамытуға ниеттенген нәзік жандылардың бірі – Тасқала ауданының тұрғыны Мүсіралиева Сания Кенжегұлқызы. Аудандағы қараусыз қалған мекемелердің бірін толықтай жөндеп, барлық қажетті жабдықтарын алып, жазғы демалыс кезінде студенттерді жұмыспен қамтып, балаларды қызықтырудың түрлі тәсілдерін іске асыру жолында еңбектеніп, халықтың алғысына бөленуде. Қазіргі таңда аудан орталығындағы бірден бір керемет ғимараттардың біріне айналды. Жалпы елімізде ауыл шаруашылығының басты саласы – мал шаруашылығы болып табылады. Жыл өткен сайын мал шаруашылығы өнімдерінің ұлғаюынан ел экономикасының қарқынды өсуі байқалады. Осы орайда қажетті өнімді тұтыну үшін алдымен мал ауруларын алдын алу, оның таралып кетуін жою – бұл ветеринарлық медицина тақырыбы болып табылады.

2

Осындай бағытты қолға алған Айдана Бекмашева білімді ветиринар ретінде жақсы таныс. Аудан орталығындағы үлкен ғимараттың бір бөлмесін жалға алып, бүгінгі күнде мал ауруының басын қайтару бағытындағы дәрі-дәрмектен бөлек,  ит-мысықтарға арналған азығы, жылқы жануарының ноқта-жүгені секілді жалпы мал шаруашылығы мен үй жануарларына қажетті заттармен халықты қамтамасыз етіп отырған жан. Аудан орталығы, қала берді ауылдық елді мекендердің сұраныстарын, керек жабдықтарын уақытылы жеткізіп ел ризашылығына бөленуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда автокөліктер тек тасымалдаушы құрал ғана емес, қоғамда үлкен бір маңызды факторға айналып үлгергені белгілі. Оның қуаты, жылдамдығы, сырт бейнесі, бағасы, нөмірі – иесінің беделінің көрінісі іспеттес. Күн өткен сайын автокөліктердің жаңа нұсқалары шығарылып, кезінде тек фантастикалық фильмдерде көріп жүрген мүмкіндіктері бүгінде ақиқатқа айналып отыр. Көлігіміздің қозғалысы баяуласа, алдымен көмекке жүгінеттін жеріміз – көлік жөндеуші шеберлер немесе СТО болып табылатыны сөзсіз. Ауданымызда осындай бағытты қолға алған мемлекеттік қайтарымсыз грант иегерлері – Бауыржан Бисенғалиев және Жарас Ажғалиев. Бұл екі азамат та бүгінгі күні көліктің жарамсыздығын жою және шығындалған ресурстарын қалпына келтіру жолдарымен машинаның не құрылғының жұмысқа жарамдылық күйін қалпына келтіру бағытында жұмыстар атқарады»,-дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы басшысының міндетін атқарушы Жания Абдрахманова.

Қайтарымсыз гранттың қызығын көріп, қолға алған кәсібін әріқарай дамытуға бел буып отырған жандардың қарасы жыл өткен сайын көбеюде. Әрине оның бәрі қуантарлық жағдай. Мемлекеттің қолдауына ие болып, ойда жүрген шаруаларын іске асырып жатқан жерлестер үшін неге қуанбасқа. Оның үстіне жас кәсіпкерлердің бастап жатқан істері халық игілігіне жарауда. Кәсіптің қай түрі болса да бәрі қажет. Тіпті қалтаңыздағы байланыс телефоныңыз істен шықса да, кішкентай ғана дүнгіршекте отырған жөндеушіге барып жүгінесіз. Өмір болғасын одан да басқа мәселелер туындап жатады. Сондықтан қолға алған кәсіптің үлкен-кішісі жоқ. Тек елдің игілігіне жараса дейміз...

Темірболат Тоқмамбетов.

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале