19.09.2022, 11:46
Оқылды: 77

Қайырымды жандар баспана сыйлады

Кеше Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылдық округінің орталығында «Жанашырлыққа жан риза» атты қайырымдылық іс-шарасы аясында ауыл тұрғыны Жаңылсын Әбілқасымоваға баспана кілтін табыстау рәсімі өтті. Аталған қайырымдылық шарасына аудан әкімі Рүстем Зұлқашев, Бостандық ауылдық округінің әкімі Асыланбек Сармалаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов қатысты.

307125383_485284243607806_6644477012281902344_n

Ауданымызда мектеп түлектерінің бастамасымен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, бірқатар игі жұмыстар атқарылуда. Бұл жолы аудан орталығындағы А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің 1984 жылғы түлектері тағдыр тауқыметін тартқан жан, сыныптастары Жаңылсын Әбілқасымованың баспаналы болуына ықпал етті. Қайырымды істері жөнінде сыныптасы Клара Жұмағазиева баяндап берді.

- Сыныптасымыз Жаңылсын өте мейірімді, қамқор, жанашыр жан болды. Ол тағдыр тауқыметін тартқанымен, мойымай күресе білген қайсар жан. Оның тұрмысы жайлы хабардар болып, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап оған баспана алып беру мақсатында қаражат жинай бастадық. Бостандық ауылы тұрғындарының, әр өңірдегі сыныптастарымыздың, Казталов ауылдық округі кәсіпкерлерінің қолдауымен сыныптасымызға баспана кілтін табыстаудың реті келді. Тек үймен қамтамасыз етіп қана қоймай, қолына қармақ беріп, 4 қой, 4 ешкі, 5 тауық алып бердік. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімі сыныптасымыздың қорадағы малын мал азығымен қамтамасыз етуге ықпал ететіндігі жөнінде уәдесін берді, - дейді сыныптасы Клара Жұмағазиева.

306966443_485284283607802_8896274435282886760_n

Қайырымдылық акциясында сөз алған аудан әкімі Рүстем Мүлкайұлы мектеп түлектерінің игі бастамасына ризашылығын білдіріп алғыс хат пен Жаңылсын анамызға естелік сыйлық табыс етті. Мектеп түлектерінің алғашқы ұстазы Гүлжиян Табылдықызы да шәкірттерінің қуанышына ортақтасып, жылы лебізін білдірді. Акция аясында ән айтылып, шашу шашылып, қуанышқа жиылған халық ақтан ауыз тиді.

307547708_485273350275562_6482975219737835403_n

307372408_485284396941124_8528603833325165971_n

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале