21.04.2020, 16:13
Оқылды: 167

Қайырымды жандар қамқорлық танытуда

Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округінің «Ғазим» шаруа қожалығының жетекшісі Арман Хайретденов «Біз біргеміз!» акциясы аясында Қаратөбе ауылында тұратын 10 отбасына және Ақтай-сай ауылын мекен еткен 10 отбасыға азық-түлік таратты.

86FDF13C-4AA3-48FF-BA10-3091B66AACC1

  Әрине, мемлекет әлеуметтік аз қамтылғандарға, жағдайы төмен отбасыларға мүмкіндігінше көмектесіп-ақ жатыр. Десек те, бүгінгі таңда бізде ауқатты адамдар көп. Тіпті кейбіреулері көлігін ай сайын ауыстырып жатады. Бұл жерде, біріншіден, кімде-кім жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып қайырымдылық жасаса, оның сауабы көп болатынын жан-жақты түсіндіруіміз керек. Қайырымдылық акцияларына қаржы бөлген кәсіпкерлерді БАҚ құралдарында насихаттап, басқаларға үлгі ретінде көрсетуіміз керек. Бұл жерде кәсіпкерді жарнамалау емес, тек басқа кәсіпкерлерге ой салатындай етіп жазсақ жақсы болар еді. Мәселен, шетелдік тәжірибені қарап отырсақ, онда бай-манаптар ғана емес, тұрмыс жағдайы орташа азаматтар да арбамен базардан азық-түлікті толтырып алып, мұқтаж адамдарға тегін таратып береді.

– Біз де осы жүйені қоғамдық қор құру арқылы енгізуімізге болады. Мәселен, қазір әрбір үйде ескірген, кимейтін киімдер үйіліп жатыр. Неге оларды үкіметтік емес ұйымдар арқылы мұқтаж адамдарға таратып бермеске? Сондықтан облыс-қалаларда осындай қоғамдық қорлар құрылып, олар әкімдікпен бірігіп жұмыс істеп, демеушілер тартып мұқтаж жандарға көмектессе, олардың жұмыстарын жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бөлімдері қадағалап отырса жақсы-ақ болар еді, - дейді «Ғазим» қожалығының жетекшісі Арман Ғазимұлы. Қорыта келгенде қазақ халқы қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз ізгі істі үлкен-кішіге бөлмей, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақ орнауына ерекше назар аударған. Сондай-ақ қайырымдылық жасаған адам ешқашан кедейленіп қалмайды «қолы ашықтың – жолы ашық» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Сондықтан да Алланың берген рызығынан аз да болса бір бөлігін Хақ Тағаланың разылығы үшін қайырлы істерге жұмсасақ, қоғамға тиер пайдасы мол болатыны сөзсіз.

Эльдар Амантаев

Қаракөл ауылдық округінің әкімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале