7.09.2020, 11:43
Оқылды: 124

Қайырымды жандар «Мектепке жол» салды

Жыл сайын шілде-қыркүйек айларында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының ұйымдастырылатыны белгілі. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бұл акция жыл бойы жүргізілетін болды.

Mektepke jol (3)

«Атамекенім» қоғамдық қорының қолдауымен «www.atamekenim.kz» порталында көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтінімдерін қалдыра алатын «Мектепке жол» платформасы құрылды. Содан бері балалардың білім алуына жағдай жасаймын деген демеушілер мен меценаттар қаражаттарын онлайн аударып,  ізгі ниеттерін жүзеге асырып келеді.

Биыл еліміздегі жағдайға байланысты акция «Компьютер сыйла», «Планшет сыйла», «Ноутбук сыйла» тақырыбымен өтуде. Жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларды қолдау, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға нақты көмек көрсету мақсатын көздеген акцияға теректіліктер де демеушілік танытып, қатысуда.

Mektepke jol (2)

 Шолпан Какижанова, Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, мәслихат депутаты:

– Біздің мектебімізде көп жылдар бойы мектеп директоры қызметін атқарған Әсия Майранованы ұстаздар қауымы мен оқушыларымыз мақтан етеді. Өзі зейнеткерлікке шықса да, жыл сайын соңғы қоңырау мерекесінде аз қамтылған, көпбалалы жанұядан шыққан оқушыларға қаржылай көмек көрсетіп келген еді. Қазіргі таңда Әсия ұстазымыздың осы ізгі ісін жолдасы мен қызы жалғастырып жүр. Таяуда Әсия Қонарқызының  жолдасы Нұрболат Майранов ағамыз 10 оқушыға сөмкелерін алып берсе, мектебімізде бірнеше жылдар бойы математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарған Мәруа Молдағалиева сол шәкірттерді оқу құралдарымен толық қамтыды. Оқушыларымыздан қамқорлығын аямайтын, мектебімізге үнемі қолдаушы болып жүрген жүрегі жомарт жандарға алғысымыз шексіз. Олардың еңбек жолдары мен мейірімге толы шапағатты істері жас ұрпаққа үлгі.

Максим Энгелов, Ақсуат ауылдық округінің әкімі:

Республикалық «Мектепке жол» акциясы бойынша жыл сайын ақсуаттық кәсіпкерлер оқушыларды демеп келеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты. «Ақсуат» шаруа қожалығының ұжымы 7 баласы бар көпбалалы жанұяға 80 мың теңгенің планшетін сыйға тартты. «Теректі май комбинаты» және «Тәуекел» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 39 шәкіртті (15-і Пойма ауылынан, 14-і – Ақсуат) оқу құралымен толық қамтыды. Оқу жылына дайындалып жүрген ата-аналар кәсіпкерлерге дән риза. Елім, жұртым дейтін осындай азаматтарымыз аман болсын.

Айтұрсын Абуева, Федоров ауылының тұрғыны, зейнеткер:

- «Мектепке жол» акциясы – өте керемет шара. Берері мол. Үлкендердің қамқорлығын көрген балалар өскенде өздерінен кішілерді әрдайым қолдап жүреді. Халқымыз «Көп түкірсе, көл» деп бекер айтпаған. Жағдайы жақсы азаматтардың жерлестеріне қолұшын бергенін көріп қуанамын. Қызмет жасап жүрген кезімде, 10 жыл бойы осы акцияға өз үлесімді қостым. Жалпы, балалардың барлығына «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсетуді ата-анасы мен ұстаздары жиі айтуы тиіс. Абай атамыз кезінде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» жырлады емес пе? Әр баланың санасына «Жан-жағыңнан қамқорлығыңды аяма» деп құйсақ, ата-бабаларымыз секілді жетім жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ұрпақ тәрбиелейміз деп ойлаймын.

Шынар Төлегенова, Ақжайық ауылының тұрғыны:

– Мен көпбалалы анамын. Құдайға шүкір, 5 баламыз бар. Соның 4-еуі мектепте білім алуда. Кенжем балабақшада. Балаларым өте жақсы оқиды. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында қолдау көріп жүрміз. Бұл акцияны ойлап тапқан жандарға алғысым шексіз. Президентіміздің акцияның мерзімін жол бойына ұзартқанын естіп қуанып жатырмыз. Биыл балалар қашықтан оқитын болған соң, кейбір жанұялардың ноутбук, планшет алып жатқанын көріп, ризамын. Ең керек дүниелерді тарту етіп жүрген жандардың отбасына амандық тілеймін. Қазір қашықтан оқуға толық дайындалдық. Мектеп уақытша пайдалануға компьютер берді. Жолдасым екеуміз балаларымыз білім алып жатқан мектептің түлегіміз. Ақжайық мектебіне демеушілік танытып жүрген ардагер ұстаздарға алғысымыз шексіз.

Жанна Әлдібаева, Федоров ауылының тұрғыны:

Көпбалалы ана ретінде «Мектепке жол» акциясы аясында қолдау көрсетіп жүрген жерлестеріме көп-көп рахмет. Біреу емес, біз сияқты бірнеше баласы қатар-қатар мектепке баратын ата-аналарға үлкен қолдау. Бір баланың өзін оқуға дайындау кәдімгідей қаражатты талап етеді. Әр ата-ана баласын қатардан қалдырғысы келмейді. Сондықтан акцияны жүзеге асыруға атсалысып жүрген азаматтар мен азаматшаларға рахмет. Бізбен үнемі байланыс жасап, бар көмегін аямайтын Федоров қазақ мектебінің директоры Галина Құрматова мен аудандық білім беру бөлімінің қызметкерлеріне ризашылығымды білдіргім келеді.

Ата-аналармен сөйлескен кезде, бәрінің «Мектепке жол» акциясына риза екеніне көз жеткіздік. Тек, бір мәселе көңілдеріне қаяу салады екен. Олар көмек қолын созып, оқу құралдарын әкелген жандардың есеп үшін балаларын суретке түсіруіне қарсы. Рұқсат сұрап, алдарынан өтетіндер де, бір сөз айтпастан, жаһанға жариялайтындар да барын айтып өтті.

Ата-аналардың пікірімен санаспасқа болмайды. Қазір әлеуметтік желіде балалардың бәрі тіркелген. Олар замандастарының суретін көріп, жағдайларының төмендігін мазаққа айналдыруы әбден мүмкін ғой. Психолог мамандар әлеуметтік теңсіздік балалардың жүрегіне ауыр соғатынын жасырмайды. Тіпті, жасөспірімдердің суицидке баруына да ең бірінші себеп – сыныптастарының кемсітуі, келеке қылуы. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін бірыңғай мектеп формасын енгізгені жақсы болды.

Жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі:

«Мектептегі бар компьютерлер де, жергілікті әкімдіктер қосымша сатып алып жатқан шамамен 500 мың компьютерлік техника да қашықтан оқитын табысы төмен отбасындағы балаларға, ата-анасынан айырылған, ерекше білімді қажет ететін оқушыларға уақытша пайдалануға беріліп жатқаны белгілі.

Компьютерлерді сатып алу процесін жергілікті әкімдіктер жүзеге асырып жатыр.

Сатып алу процедурасының ашықтығы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жұмысты министрліктің өтініші бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобы мен «Adaldyq alańy» жобалық офисінің өкілдері қатаң бақылдауда ұстап отыр.

Айта кетерлігі, министрлікке және жергілікті әкімдіктерге кәсіпкерлер, түрлі сала өкілдері, тіпті телеарна ұжымдары хабарласып, оқушыларға компьютер ұсынғысы келетінін жеткізді. Өз көмегін ұсынғысы келетін жандар жетерлік.

Осы мақсатта жылсайынғы «Мектепке барар жол» қайырымдылық акциясы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі «Оқушыны қолда» жобасын жүзеге асыруға атсалысуда. Бұл ретте басымдылық компьютерлік техникаға берілуде. Сіз де qoldau.edu.kz сайтына кіріп, оқушыларға қолдау көрсете аласыз», –  деп жариялады.

Жоба сәтті жүзеге асатынына сеніміміз мол. Сіз де қалыс қалмаңыз, оқырман! Бабаларымыз «Берсең, балаға бер» деп тегін айтпаған ғой.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале