27.10.2017, 11:44
Оқылды: 27

Қаладағы бөкейліктер кездесті

 

Б-14-2Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласынан туындаған  «Туған жер»  бағдарламасына орай аудан әкімдігі Орал қаласында тұратын бөкейлік  ардагерлер мен  зиялы қауым өкілдерінің басын қосты.

Бұл шараның көзі ашық оқырман үшін мағынасы өте тереңде.  «Туған жерге байлап қойған кіндігін» демекші, туып-өскен  ата жұртың қай кезде де ыстық қой. Бөкей ордасы  жөнінде көп нәрсе айтуға болады. Бұрынғы өткен кезде ауқымды істердің басында жүрген, халқына суықта пана, ыстықта сая болған біртуар перзенттеріміздің кейбірі  арамызда жоқ болса, енді бірі әлі тұғырынан түспей келе жатқаны көңілге медеу.

Менің айтпағым, қаладағы бөкейлік  ардагерлер қауымдастығы бұдан екі-үш жыл бұрын қоғамдық негізде құрылған еді. Бір-бірімізбен әрдайым хабарласып, қалада өтетін мәдени шаралардан, мерекелік жиындардан тыс қалмаймыз. Өткен наурыз тойында 107 ардагер бірігіп, ұлық мерекені ойдағыдай атап өттік.

Мемлекет тарапынан  көрсетіліп жатқан медициналық, әлеуметтік  көмекті аз деп айтуға болмайды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасына орай, аға-буын өкілдері де бұл шараға белсене араласуды құп көріп отыр. Елім деп соққан жүрегі бар әр қазақты бұл бағдарлама бей-жай қалдырмасы айқын. «Туған жерге туың тік» дегендей, ел қамын ойлаған билік басындағы азаматтардың елеп-ескеріп жатқаны үлкен өнеге. Аудан басшысы Н.Рахымжановтың бастамасымен өткен бұл  кездесу кешінде бірталай мәселелер сөз болды.

Аудан өмірінен бейнеролик көрсетіліп, алда тұрған міндеттер хақында әсерлі әңгіме өрбіді. Жүз шақты бөкейліктің басын біріктірген осынау жиын маңыздылығымен  жерлестер рухын көтергені анық.  Менің де  еңбегімді бағалап, «Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы» атағын беруі көңілімді қуанышқа кенелтті. «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» дегендей,   бұл кездесу  нағыз елдік туын жоғары көтеріп, ертеңге үміт сыйлағаны анық. Аудан көркемөнерпаздарының концерті де жанымызды сергітті.

Мұқас СПАНДИЯРОВ,

бөкейлік ардагерлер ұйымының төрағасы

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале