16.03.2023, 14:45
Оқылды: 21

Қаламына адал Анципрович

Переметный ауылында «Журналистика – өмір жолы іспеттес» атты кеш өтті. Ол Бәйтерек ауданының құрметті азаматы Николай Анципровичтің шығармашылық қызметіне жарты ғасыр толуына орай ұйымдастырылды.

f3b0a084-8216-4cac-87c0-7c0f60197986

1941 жылы Ресейде дүниеге келген Николай Антонович саналы ғұмырын білім саласына арнады. Мектеп қабырғасында еңбек ете жүріп, қаламды жанына серік етті. Оның алғашқы мақаласы 1973 жылдың 16 ақпанында Зеленов аудандық «За коммунизм» газетінде жарық көрді. Үш жылдан соң редакцияның штаттан тыс тілшісі атанды.

d7d641e4-44c1-40ab-994c-1a7f09c8bd43

         -Дәм-тұз бұйырып, Николай Антонович өңірімізге қоныс аударып, көп жылдан бері ауданымызда тұрады. Әлемдегі ең тамаша мамандықтың бірі – мұғалім болып қызмет атқарып, жас ұрпаққа сапалы білім мен сана тәрбие беруге өз үлесін қосты. Ол тек мектептегі жұмыспен шектеліп қалмай, аудандық, облыстық газеттерге мақала-материалдар жазды. Мақалаларына Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестерімізді, аудандағы еңбек адамдарын, олардың тағдырын арқау етті. Сөйтіп ұмытылып бара жатқан жандардың есімдерін жаңғыртуға септігін тигізді. Осы жерде бір айта кетер қызық жайт бар. Бүгінгі кештің иесі Ресейдің Чита қаласында дүниеге келсе, мен кезінде осы жерде әскери борышымды өтеген едім. Қазір де бір ауданда тұрып жатырмыз. Бізді жерлес деп атауға болады. Жалпы, жазу деген оңай нәрсе емес. Мақалаңды көпшлік оқу үшін жақсылап жаза білу керек. Ал бұл екінің бірінің қолынан келмейді. Сол себепті Николай Антоновичқа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз, - деген аудан әкімі Марат Тоқжанов ардагерге облыс әкімінің және өзінің Алғыс хаттарын табыс етіп, иығына шапан жапты.

72f5271a-50db-41de-98f9-f9f53162ef1d

 Өз кезегінде сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бөлім басшысы Сырымбек Тұяқов кеш иесін аталмыш серіктестіктің бас директоры Табылғали Сапаровтың атынан құттықтап, Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

 - Жарты ғасыр бұрын сіз қызықты да көп қырлы кәсіптің бірі – журналистикамен өміріңізді байланыстырып, соның нәтижесінде ел-жұртқа кеңінен танылып, көпшіліктің сый-құрметіне бөленіп отырсыз. Аудандық газет редакциясымен тығыз байланыста болып, басылымның дамуына сіз де көп тер төктіңіз.

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін журналист мамандығының ауыртпалығын кеңес заманында шахтердің еңбегіне теңеген еді. Біздің мына отырған ағамыз мұғалімдікпен бірге елу жыл бойы осындай тілшілік қызметпен де айналысқандығы қуантады. Оны облыстық «Приуралье» газетінде жарық көрген мақала-материалдары арқылы жақсы танимыз. Ақсақалдың қаламы қолынан түспесін деп тілейміз, - деді Сырымбек Жәрдемұлы.

Аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы Сәкен Әбілхалықов Николай Антонович әлі де белсенді автор екенін, жазылым кезінде де көмегін аямайтынын, редакция тапсырмасына жауапкершілікпен қарайтынын атап өтіп, иығына шапан жауып, оның зайыбы Әмина Ғабдолғалиқызына гүл шоғын табыс етті.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Переметный орта мектебінің директоры Мәлік Өтешев бүгінгі кештің бас кейіпкері 40 жыл бойы білім саласында да жемісті еңбек еткеніне тоқталды. Зейнеткерлікте болса да «Ұстаздың басты міндеті – бала тәрбиесі» деген қағидаттан айнымағанын айтты.

-Ол кісі біздің тірі архивіміз іспеттес. Өзінің қаламымен ауданымыздың тарихын түгендеуге, мұнда өмір сүрген тұлғалар туралы көп дүниелер жазды. Осы бағыттағы өзінің қызметін әлі де жалғастырып келе жатыр. Мен оны қырық жылдан аса уақыттан бері бері білемін. Қос дәуірдің адамы болып табылатын ол қай заманда ақиқаттан, әділдіктен айныған емес. Оның жазған дүниелері сонысымен құнды, - деді Мәлік Сейсенбайұлы.

 Шара барысында аудандық кітапхананың кітапханашысы Дина Мәмбеталиева Н.Анципорвичтің жарық көрген кітаптарына, басылым беттеріндегі мақалаларына шолу жасады.

 Жергілікті өнерпаздар әнмен әрлеген кеш соңында Николай Анципорвич сонау кеңес заманында бастаған редакциямен арадағы тығыз байланысын еске алып, қалам мен қағазға деген адалдық туралы ойын ортаға салып, осынау кешті ұйымдастырғандарға, арнайы келген қонақтарға алғысын айтты.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале