21.10.2021, 11:38
Оқылды: 55

Қалтаны қаға, шарықтаған баға

Қымбатшылық желкеден алып, бүйірден қысты. Сұрауы бар суымыз, көлік сусыны – жанар-жағармай, құрылыс жабдықтары, жарық, көгілдір отын да қымбаттады. Көндік. Бірақ азық-түлік бағасының өсуі жанға батары сөзсіз. Оның қымбаттауы сансыз сауал мен жауапты қажет етіп тұр.

1621660030_produkty

Алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының көрсеткішіне тоқталсақ. Казталов аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі өз деректерінде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын көрсетті. Тауар түрлері мынадай: бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны, макарон өнімдері, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, асханалық сәбіз, басты пияз, ақ қауданды қырыққабат, ақ қант, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік), пастерленген сүт (майлылығы 2,5 пайыз, жұмсақ қаптамада), айран (майлылығы 2,5 пайыз, жұмсақ қаптамада), сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5 пайыз, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ), тауық жұмыртқасы (I санатты), аc тұзы («Экстра»-дан басқа), сүзбе (майлылығы 5-9 пайыз). Төмендегі кестеде азық-түлік бағалары арасындағы айырмашылық айқын байқалып-ақ тұр. Дегенмен кестеде тұрақты баға жазылғанына куә болғанымызбен, бағаның бұрынғыдан әлдеқайда өскенін аңғарамыз.

Хош. Баға анық. Сол әлеуметтік маңызы бар өнімдеріміз халыққа қаншалықты ауыр салмақ салатынын есептелік. Елімізде төменгі жалақы мөшері – 45 000 теңге. Тізімдегі халық көп тұтынатын 11 тағамды есепке алдық. Бірінші сортты бидай ұны (50 келі) – 7400 тг, нан – 135 тг, макарон өнімдері (5 келі) – 1570 тг, тазартылған күріш (5 келі) – 1500 тг, картоп (10 кг) – 1990 тг, басты пияз (5 келі) – 680 тг, ақ қант (25 келі) – 8075 тг, күнбағыс майы (5 л) – 3675 тг, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік (5 кг) – 10 000 тг, пастерленген сүт (майлылығы 2,5 пайыз, жұмсақ қаптамада) – 239 тг, сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5 пайыз, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ, 5 кг) – 3820 тг. Біздің шамалаған есебіміз бойынша азық-түлікке кеткен шығын – 39 084 теңге. Әлгі 45 мыңнан ұсталатын алым-салықты есептегенде қолыңызға алатын қаражат – 37 000 теңге. Сонда азық-түлік аламыз деп 2000 теңге қарызға кіріп кетеміз десек, коммуналдық төлемдерді төлеу үшін тағы да туыс жағалайтынымыз анық. Олардың да бағасы 2-3 тиынға қымбаттаған. Тиыннан теңге құралатынын осыдан-ақ аңғаруға болатындай...

Бағаның қымбатшылығына қатысты маман пікірін алға тартсақ. Азық-түлік бағасының қымбаттауы мен алдын алу шараларын экономист Мақсат Халық былайша тарқатып берді: «Азық-түліктің қымбаттауына негізгі фактор – ақша массасының ұлғаюы. Өткен жылы пандемия салдарымен күресу үшін Ұлттық қордан 4,7 трлн. теңге аударылған болатын. Биыл да індетпен күреске 3 трлн. теңге қаржы бөлініп отыр. Бұдан бөлек, бюджет тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынған жұмыстар және Ұлттық Банктің ақшаны басып шығаруы орын алған жағдайы бар. Ұлттық банктің ақша массасы жөнінде статистикасын алып қарасақ, өткен жылдың қазан айында ақша массасы 24 трлн. 180 млрд. теңге болған. Ал қазір 28 трлн. теңгеден асып жығылады. Бір жылда қосымша 4 трлн. теңге айналымда ұлғайды. Экономикада «өндірілген тауарлар мен айналымдағы ақша массасының арасында теңгерім сақталуы керек» деген қарапайым заңдылық бар. Егер тауарлардың бағасы сол күйінде қалып немесе азайса, ал ақша массасы ұлғаятын болса, екеуінің арасындағы теңгерімдікке қол жеткізу тек тауарлардың бағасын көтерумен ғана жүзеге асады. Нәтижесінде ақша құнсызданады. Құнсыздануға негізгі себеп осы. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі халықтың төлем қабілеттілігіне кері әсерін тигізіп, азаматтардың табысын ортайтып, кедей санаттағы азаматтардың қатарын ұлғайтады.

Бұның соңы түптеп келгенде әлеуметтік шиеленіске әкеп соғады. Нарықтық экономика заңдылығына сүйенсек, баға тұрақты бақылануда ұсталынбай, тиісті сұраныс пен ұсыныс нәтижесінде берілуі керек. Бірақ жергілікті атқарушы органдар келіссөздер арқылы әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың бағасын тұрақты ұстап тұр. Бұл өз кезегінде халық үшін тиімді. Олай болмаса, баға әлі де шарықтап кетер еді. Осы мәселені, яғни азық-түліктің қымбаттауы төңірегінде бір ғана шешім бар. Ол инфляцияны индексациялап, азаматтардың табысын арттыру мәселесін алға тарту керек. Нақтырақ айтсақ, инфляция 10 пайызға өссе, азаматтардың табысы 10 пайызға артуға тиіс. Сонда ғана халықтың төлем қабілеттілігі сақталады».

Біздің де түптеп келгенде ұсынарымыз – табысты арттыру мәселесі. Бұны Үкімет назарға алады деп сенеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында азық-түлік тауарларының бағасын сынға алып, Үкіметке тиісті міндет жүктеген болатын.

Бағаның қымбаттауы – бүгін қозғалған тақырып емес. Кейбір ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты аудан әкімі Альберт Есалиев те өз пікірін айтып жүр. Ол халық тұтынатын азық-түлік тауарларын ауданымызда өсіруді қолға алу жұмысын зерттеп, тұрғындарды ішкі нарықпен қамтамасыз ету жолын ұсынған еді. Сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік ахуалын ескере отырып, ауданымызда бау-бақша егуді қолға алған және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді өз өнімдерін неғұрлым арзан бағада сатуға шақырған болатын. Бұған қоса, әр сенбіде ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарықтағы бағадан арзанға сатылатыны да бар. Бұл аудан халқын ішкі өніммен қамтамасыз ете отырып, бағаның қымбатшылығын сездірмеуде бірден-бір амал болса керек.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале