15.12.2020, 15:00
Оқылды: 74

«Қамқорлықтан» ерекше сый

Бүгін Теректі ауданы, Подстепный №1 орта білім беретін мектеп жанынан инклюзивті қолдау кабинеті салтанатты ашылды.

DE183338-7839-405B-BF23-CA47213A76AF

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ерекше білімді қажет ететін балаларымыз үшін ашылған бұл нысан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы «Қамқорлық» қорының бастамасымен жүзеге асырылды.

Кабинеттің ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Өтеғұлов, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева арнайы келді.

Карантин талаптарын сақтай отырып, жеке қорғаныс құралдарын қолдану, ара-қашықтық тәртібін орындаумен  өткен салатанатты жиынға инклюзивтік білім беру педагогтері, осы жерде білім алатын балалар мен олардың ата-анасы жиналды.

Аудан әкімі Арман Өтеғұлов, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, ата-ана Әсима Тілегенованың  құттықтау сөзінен соң кабинеттің салтанатты «тұсаукесер» рәсімін атқару осы кабинетте білім алатын Шыңғыс Ыбырайға берілді.

Есікке көлденең тартылған қызыл жолақты кескен Шыңғыс оқу кабинетіне бастап кірді.

Подстепное №1 мектебінің директоры Эльмира Өтепбергенова үш аймаққа – демалыс, жасыл және жұмыс аймақтарына бөлініп, білім алуға қажеттінің бәрімен жабдықталған кабинеттің қалай жұмыс жасайтыны жайлы баяндады.

Ерекше балаларға мереке қарсаңыгда ерекше жағдай туғызып, сый тартқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы «Қамқорлық» қорына ұстаздар да, ата-аналар да алғыс айтуда.

Елбасының инклюзивті қолдау кабинеттерін құру бойынша «Жол картасын» орындау мақсатында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жаңа кабинеттің аудандағы ірі елді мекен – Подстепное ауылында ашылуы тектен-текке емес. Осы ауылда жүзге тарта ерекше білім беруді қажет ететін балалар бар екен. Солардың ішінен 10 бала енді осы кабинетте  ерекше бағдарлама бойынша білім алуға, қоғамдағы қарым-қатынасқа бейімделуге мүмкіндік алады.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале