29.05.2024, 16:00
Оқылды: 72

Кандидаттар пікірсайыста бас қосты

Биыл Тасқала ауданы Достық ауылдық округі әкімінің өкілеттілік мерзімі аяқталуына байланысты аталмыш округте 2 маусымға сайлау бекітілген болатын.

IMG_6232

Оған үш үміткер тіркелді. Оның бірі Хафиз Ахметов «AMANAT» партиясының атынан түссе, Асхат Сапаров пен Алмаз Тұрқаев өзін-өзі ұсынғандар қатарында. Олардың барлығы да мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтап үлгерген жандар.

Достық ауылдық округі әкімі лауазымына үміткер кандидаттар арасында пікірсайыс өтіп, оған БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері А. Ғұбашев пен Ф. Хайретдинов, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.

Алдымен іс-шараны ашқан Тасқала ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Баишева сөз сөйлеп, сайлаудың маңызына тоқталды. Ауданда тоғыз округ болса, соның алтауында тікелей халық сайлауы арқылы сайланған әкімдер, ал Достық ауылы жетінші округ екенін тілге тиек етіп, атқарылған жұмысты бір шолып өтті. Кандидаттарға сәттілік тіледі.

IMG_6238

Одан әрі үміткерлер реті жеребе суыру арқылы анықталып, төрт кезең бойынша өткен дебатта сынға түсті. Бірінші кезекте әр кандидат өзінің өмірбаяны және сайлауалды бағдарламасын таныстырса, екінші кезеңде бір-біріне сұрақ қойып, оған нақты жауап берді. Ал үшінші кезеңде тұрғындар тарапынан қойылған жол жөндеу мен абаттандыру, жарық мәселесі сынды бірнеше сұраққа жауап беріп, жұмыс барысында кездескен кейбір мәселелерді шешу, яғни тығырықтан шығу жолдарын өз ойымен жеткізді. Төртінші бөлімде тұрғындарды сайлауға келіп қатысып, өз таңдауын жасауға шақырды. Жалпы, пікірсайыс жоғары деңгейде өтті. Кандидаттардың жақсы дайындықпен келгені көрініп тұр. Пікірсайыс облыстық аумақтық сайлау комиссиясының Facebook парақшасындағы тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале