25.09.2020, 10:21
Оқылды: 309

Қаңғыған иттер қаптады

Жергілікті халықтың жиі талқысына түсіп жүрген өзекті мәселенің бірі - азу тісі ақсиып, өткен-кеткенге қарап сілекейі шұбырып, көшені емін-еркін кезіп жүрген қаңғыбас «құтжолдардың» жайы. Бүгінде Жаңақала ауданының қай түкпіріне бара қалсаңыз да алдыңыздан азу тісі ақсиған иттер атып шығады. Тіптен өріп жүр. Көшедегі олай-бұлай өткен адамдарға шабуылдап, ойда-жоқта арсылдай атылып, балағына жабысып, өміріне қауіп төндіретіні қорқынышты. «Ит жеті қазынаның бірі» деп әсірелеп баққанымызбен, тегі жыртқыш хайуанның адамзат баласына келтіретін залалы да аз емес.

IMG_0420

Төртаяқтылардың көшелерде толып жүретінін, күндіз-түні адамдардың иттерді бос жіберетінін айтып, редакцияға арыз-шағымын айтушы тұрғындар соңғы уақытта көптеп келуде. Халық көтерген мәселені біз де назардан тыс қалдырмадық.

- Ауданда иттер қаптап кетті. Тек жүрсе ештеңе емес, көлденең адамға шауып, қабатындары көбейді. Әсіресе, балаларға қауіпті. Балаларымызды иттің ауызына береміз бе? Жағдайды ушықтырмау үшін бұралқы иттерді аулап, көзін жою керек, - дейді тұрғындар.

Тұрғындардың наразылығы орынды. Соңғы уақытта «үйірімен» жүретін иттерден бала тұрмақ, үлкендердің өзі қорқатын болды. Әсіресе, таңертеңгі мезгілде балаңды сабаққа немесе балабақшаға апарсаң, сол аулаларда қаптап жүрген иттерді көріп, бала түгілі, өзің мектепке, балабақшаға әзер кіресің. Мектеп аулаларында жүрген төрт аяқтылар бір-бір үйдің асыранды иттері. Ата-ана мен оқушы балаларға еріп келген иттер, қожайыны мектепке кіріп кеткендіктен, оны күтіп, аула ішінде қалып, басқа адамдарға қауіп төндіруде. Ата-аналар перзенттерінің өмірі үшін қауіптенеді. Қабаған иттер жалғыз жүрген балаларға, тіпті ересектерге шабуыл жасап, денсаулығына зақым келтіріп, өлтіріп қоюы да мүмкін.

Көз үйренгендіктен бе, бейқамбыз. Оқыс оқиға болса ғана қимылдаймыз. Шабуыл жасаса ғана бас көтереміз. Олардың қауіпті екеніне мән бермейтініміздің белгісі осы. Ит асырамасын деген заң жоқ. Бірақ оны серуендетудің де тәртібі мен ережелері бар. Итті күндізгі уақытта бос жіберуге болмайды. Адамдардан алшақ болуы тиіс. Жылына бір рет құтырма ауруына қарсы дәрі егіліп, денсаулығы тексерілуі шарт. Бірақ осы айтылғандардың көбі жасалмайды. Тексерту былай тұрсын, иелері есігінің алдындағы төбеттің қайда жүргеніне мән бермейтін кездері де кездеседі.

IMG_0413

Қазір қаңғыбас иттер тұрмақ, аулада күні бойы ұйқыдан бас көтермей жататын жалқау төбеттердің өздері күйлеген бір топ серіктеріне қосылып, төбесін көрсетпей тентіреп кететін беймаза мезгіл туды. Айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүретін тәртіпті төбеттердің өздері осындай кезде көздері қанталап, жүйкелері жұқарып, тіпті шақырып, қайтармақ болған қожайындарының өзіне бағынбай, қарсы шабуылдаудан тайынбайды. Осындай қауырт кезеңде қызғаншақ иттер алдына келсе ешкімді де аямасы даусыз. Бір жағынан қаңғыбас иттердің көбеюіне адамдардың өздері де себепкер ме дерсің. Өйткені, күшік кезінде асырап, бағып-қағып, кейін өскен соң бос жібере салады. Осыдан келіп қаңғыбас итке айналады. Міне, осындай иесіз қалған көше кезбелері Жаңақала ауданы бойынша бүгінде көбейіп, күнкөрістің қамы үшін берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан алып, тамақтанып, жабайы жыртқыштарға айналып бара жатқаны да жасырын емес. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей, сөзіміз дәлелді болуы үшін санға жүгінейік. Жаңақала аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа, қауіпсіздігін бақылау басқармасының маманы Светлана Иманғалиеваның айтуынша, әртүрлі себеппен жануарларға тістеліп, тырналып жарақаттанғандар немесе сілекейі арқылы жанасқан адамдар арасында қазіргі таңда 2020 жылдың қыркүйек айының 16-шы жұлдызына дейін 47 жағдай тіркелген. Соның ішінде итке жарақаттанғандар саны 26. Екі ит құтыру ауруына оң нәтиже беріп, аса қауіпті ауру қоздырғышы анықталып отыр. Иттер арасында тіркелген 26 жағдай адам денесіндегі аяқтың балтыры, жоғары бөлігін, қолды жарақаттаған. 6-7 жасар балалардың беті мен маңдай тұсынан жарақат түсірген екі жағдай бар. Ит тістеген жарақаттанушылардың жетеуі 14 жасқа толмаған балалар. Тіркелген 26 иттің бесеуі иесі белгісіз, қаңғыбас иттер екен. Сонда қалған 21 иттің иесі бар болса, неге қадағаламайды?

«Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген қисынға салсақ, ит адам досына қастық жасайтын дәрежеге жеткен. Соның салдарынан адамдар айықпас ауруға шалдығып, өліп кетіп жатыр. Тіпті, жұқпалы ауруларды тарату, аудан тазалығына нұқсан келтіру, адамдарды қауып алу, талап тастау сияқты мәселелердің қаңғыбас иттерден туындап жататыны жалған емес. Қысқасы, ит иттігін жасайды. Осы ретте Абай хакімнің «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген нақылы ойға оралады. Көше кезген иттен зардап шеккен адамдардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаяр емес. Мыңдаған бұралқы иттің көзі жойылды деген жалаң цифр мен статистикаға сүйеніп, мәселені тек сонымен түйіндеудің жөні жоқ сияқты. Сол себепті қаңғыбас иттермен күресті осы бастан мықтап қолға алған дұрыс. Себебі оның артында адамның өмірі мен денсаулығы тұр...

 

Анаргүл Ислямқызы, Жаңақала аудандық ауруханасының психолог маманы:

- Таңертең күнделікті әдетпен жаяу жүргіншілерге арналған жол бойымен ертелетіп жұмысқа барамын. Жұмысқа барар жолда анадайдан иттердің тобырымен жүргенін күнде көремін. Жанына жақындасам, жалғыз жүрген мені көздей жүгіретіндей. Тобырдың маған қарай тілдері салақтап, көздері алақтап келе жатқандай қорқып, жүрісімді жылдамдатып, дымымды шығармай қастарынан өтіп кетемін. Құдай сақтап маған қарсы жолыққан қаңғыбас иттердің менімен шаруасы болмай, жанымнан шұбырған күйі өте шығады. Дегенмен де, кейбір дәніккендерінің көзі қарауытып, көшеде ойын ойнап, бейқам жүрген бүлдіршінге немесе ағаш таяққа сүйеніп, екі аяғын тең басуға икемі келмей, сүйретіліп бара жатқан қарияларды қаппасына кім кепіл?!

 

Жасұлан Бекмұқанов, ауыл тұрғыны:

- Қазір көше кезген ит толып кетті. Ауыл тұрғындары күндіз-түні иттерін босатып қояды. Ішінде арсалаңдаған алабай иттер де бар. Бұрын ит атушы еді. Соңғы уақытта ит атылып жатыр дегенді естімеппін. Сонымен жұмыстануын сұраймын.

 

Марат Досмағамбетов, «Жаңақала аудандық ветеринариялық станция» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының директоры:

- Үй жануарларын аулау туралы ереже бар. Енгізілген ережеге сай итті аулап оның тұқымын көбейтпейтін жолдарын жасап, оны кері жіберіп қою керек. Бірақ бұл ереже біздің ауданға сай келмей тұр. Осы уақытқа дейін тендрді ұтып алған адамдарды күттік, ол болмағасын басшылық әр ауданға ит атуды бөліп берді. Тұрғындардан ит атылсын деп келіп түскен арыз өте көп. Сол арызға сүйеніп ит атуға шығайын деп отырмыз. Сонымен қатар, мұндай шаралар кішкентай балалардың көз алдында жасалмауы керек. Өйткені, бұл ұл-қыздардың психологиясына кері әсер етеді. Малға да адамға да сес көрсететін көше кезген иттердің көпшілігінің иелері бар, олар иттерін бос жіберіп, қараусыз қалдырады. Жалпы, жануарларды күтіп ұстау ережесіне сәйкес, қолдағы иттер міндетті түрде байлаулы тұруы тиіс. Сондай-ақ төрт аяқты жануарлардың жеке паспорты болуы қажет. Бірақ қожайындардың бәрі бұл талаптарды сақтай бермейді. Паспорты бар иттер ауданда жоқтың қасы десем де болады. Қазір иттердің көбі бос жүреді. Ауыздары да ашық. Сондай-ақ, иттердің дені дұрыс шынжырлары да болмайды. Үйлерінің қоршауы дұрыс емес, маңайының бәрі ашық-шашық жататын қожайындар бар. Мұндай көшелермен жүру қауіпті. Осы орайда тұрғындарға айта кетейік, көшеде қарғыбаусыз жүрген үй жануары қаңғыбас болып саналады. Заң бойынша біз оларды сол жерде аулай аламыз. Ал үйдің ауласындағы иттерге тиіспейміз.

 Ақсәуле Сексенбайқызы,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале