26.09.2022, 15:17
Оқылды: 49

Қарағайға қарсы біткен бұтақтай...

Әдебиетіміздегі ірі құбылыс – Жұбан Молдағалиевтің ғасырлық мерейтойы аталып өткеніне екі жыл болып қалыпты. Ақжайық ауданында ауқымды шаралармен шеру тартып, атырап-аймағымызда жалғасқан, дүбірі алысқа естілген зерде күндері бұрынғы барлық мерейтойлары кезіндегідей, ауданымыздың жақсы атын шығарды. Жұбан бүкіл қазаққа ортақ болғанымен, оның әруағы алдында, әрине, жерлестерінің парызы, міндеті салмақтырақ. Азаматтарымыз, еңбек ұжымдары 100 жылдыққа белгіленген дайындыққа, ортақ істерге мүдделілікпен атсалысты. Тұрғындар, жастар поэзиямыздың аса көрнекті тұлғасының ақындық алымдылығы мен азаматтық келбетіне жан-жақты қаныға түсті. Чапаев ауылында жарқырап Жұбан орталығының бой көтергеніне республикадағы барша тілеулес қуанды. «Жұбан елінің жұрты, жарайсыңдар!» деген лебіздің өзі неге тұрады.

31

Осындай абыройға, ақжарма алғысқа әманда кенелуді айт. Өсер ел өткен мен бүгіннің байланысын, сабақтастығын өшірмейді. Өшірмеуге тиіс. Осы орайда бізге адамзат ойының жемісі – әдебиет қаусамайтын қорғандай мықты сүйеніш, көмекші екені сөзсіз. Рухани мешеулік қайсыбір елді де ауыртпалықтарға соқтыратыны, соқтырып та жатқаны жайында әңгіме, әрине, жайдан жай айтылмайды. Демек, мұндай тығырыққа тірейтін тақсыреттің қалай, қайдан, қайтіп қордаланарын әбден білуге тиіспіз. Міне, әдебиетіміз алыптарының алдыңғы легіндегі Жыр-Жұбанның, сөз өнерінде сойы бөлек Жыр-Жұбанның бізге керегі осындайда.

Қазақтың қатпар-қатпар тарихын қазып айтқан, атажұртын, Отанын, халқын сүюдің, сыйлаудың жарқын өнегесін соңғы тынысы үзілгенше көрсеткен сөз зергерін жақсы танып жүрміз бе? Жансарайына көкірек көзімен үңіле білеміз бе?

Осындай сұрақтармен өзімізді тексеріп көрсек, қалай өзі? Тіршілігіміз рухани байлыққа байлаулы екенін ұмыта беретініміз ащы бір шындық қой. Өзімізге қажеттіні сызып тастаймыз. Ой самарқау. Олпы-солпылаумыз, қол созым жердегі жақсы дүниеден өзімізді алыстатып жібереміз. Үзіп аламыз...

Жайық перзенті жұмыр бойы туған атырабына, Отанына тағзым етті. Ұлы Отан соғысының қан қасабында жүргенде «Шығыста туған жерім бар» деп еселеп жырлады. Жұртының асқақ арманын, қаһармандығын, қиыншылыққа қайсарлықпен қарсы тұруын жырлады. Қаруымен қатар ұстаған киелі қаламы оның атын алысқа әйгіледі. Қаһарлы жылдардан соң құлашты тіпті кең тастады. Табиғат-талбесік пен адам үйлесіміне соқпақ қалады. Сұлулық, қайырымдылық, еңбекқорлық дүниенің тұтқасы, ал безбүйректік, тоңмойындық, найсаптық тірліктің тұсауы екенін жеріне жеткізіп, өмірдің өзінен ойып алып айтты.

Түтіні де тәтті алтын бесік ауыл-аймақ, шалғынға малынған сағымды дала, сабырлы көл, үйірім-үйірім орман, жүздерін күн қақтаған еңбеккер қауым – осы бәрі жайында жырларында есетін хұш-әуез, шүпілдеген аппақ пейіл, қараңызшы, үңіліңізші, жаныңызды сауықтыратын самал сыйлайды Сізге. Балғын жас пен еңкейген кәрі де, ежелгі ән-күй де, меймілдеген бауырластық та оның туындыларынан тыс қалмады.

33

Уақыт жылжи келе ол поэма жанрын жаңа бір биікке көтеруімен алыс-жақын елдерге де танылды. Бәрі де ауқымдылығы, тереңнен жазылғаны өз алдына, тарихнамамызды тап көз алдымызға жайып салады. Ұлттық ділімізді жарқыратады.

Айталық, дастандары арасындағы тұңғышы «Нұрлы жолда» (1951 жыл) жас қазақ жұмысшысының қалыптасуы баяндалады. Бұл тақырып, сөйтіп, поэззиямызда алғаш рет көтерілді. Ал ең көлемдісі (3100 жол!) «Жесір тағдыры» (1959-1961 ж.ж.) – өз анасы Зеріпке ескерткіш. Дастанда ақын өзінің кіндік қаны тамған өлкедегі сонау тәркілеу, ұжымдастыру кезеңдеріндегі, яғни сол заманда бүкіл елімізге ортақ болған қырсық-қырқысуды, күйеуінен ерте айырылған Айша жесірдің бұл аласапырандағы азабын, ұл-қыздары үшін, жақсы күндерге жету үшін жанкешті күресін жырлаған. Кейіпкер тауқыметтерді, тағдыр талқысын жеңіп шығады да. Ұжымшар басшысы дәрежесіне дейін көтеріледі. Поэмада адалдықтың арамдықты ауыздықтауында әйел-аналарымыздың өрлігі өшпестей өрілген. Туынды бізге осындай өрлік зердеміздің өрінде болуын меңзейді.

Өзі де жылдар жүзінде алдынан шыққан небір ішмерездікке, аярлыққа, даңғойлыққа мойымауы титтей шағынан сол алдыңғы буынның жамандық атаулымен айқасын, зерек Зеріп ананың (поэмадағы Айша) қайтпас қайсарлығын көріп өскендіктен емес пе?! Иә, оның шығармашылықта алға тартқан көшін көреалмаушылық аз ұшырасқан жоқ. Лирикасынан да, көлемді толғауларынан да «Ұлтшылдықтың (кезінде Кеңес Одағы билігіндегілерді шошытып, шабына біз сұққандай күйге әкелетін сөз ғой) иісі шығады» дегендей домалақ арыздар жоғарыдағыларға жетіп жатты. Оның жең ұшынан жалғасқан әділетсіздіктерге, парақорлықтың өршуіне қарсы батыл сөздеріне де, өлеңдеріндегі сын жебесін де жақтырмағандар, қызметте өрлеуін де күндегендер болды. Ақыры сондайлар Жұбағаны республикалық әдеби «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметінен кетіруге «қол жеткізді». Бұл 1963 жыл еді.

Бірақ Жеңіс сарбазы, жыр сарбазы алған бетінен қайтар ма? Керісінше, күшейе түсті. Міне, дәлел: «Мен қазақпын» поэмасын (1963-1964 ж.ж.) дүниеге әкелді! Осылай асқақ пәрменді, отты айту көзсіз ерлік еді. Өйткені «кемелденген» социализмге бара жатқан елде бұлайша өзіңді «даралап» көрсетуге болмайтын, «Біз бір халықпыз – Кеңес халқымыз» дегенді тықпалап баққаны мәлім. Сондықтан мұндай поэма үшін қазақ біткен бір жағынан қанаттанып, екінші жағынан қаламгерге төнер қатерден қорықты. Несін айтасың, белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевтің естелігіндегі мына жолдар талай нәрсені аңғартады: «...қазақ «отыз жеті» немесе «қырық тоғыз» қайтіп келіп қалмасын деп, іштей Аллаға жалбарынумен күн кешті... Кеңес дәуірінде бұлай жырлау, өз ұлтыңды дәріптеу – қылмыспен парапар. Сондықтан да «Мен қазақпын» дегендей, ашық та айқын шабыттана, асқақ пафоспен бұрын-соңды орыс ақындарынан басқа, Одақ көлемінде ешкім жырлауға батылы жетпеген. Басқа ұлт өкілдері батыл ете қалса – Колымаға айдалатын. Сол себепті, Жұбан ақынның бұлай жырлауы, ең алдымен, өз өмірі үшін аса қауіпті еді. Бірақ, Құдай жар болып, қуғын-сүргіннен аман қалды. Халқы да үһ деп, демін бір алды».

Әлдебір қиял емес, нақты дерек, оқиғаларға негізделген бұл жосын жыр автордың жылдар бойғы ізденісінен, ой азабынан, ұлтының жазықсыз жапа шеккенін, анталаған жаумен арпалысын жалпақ дүниеге жеткізуге деген мақсаткерлік қуатынан жүрегін жарып шықты. «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген лейтмотивтен өрістеп, өзек тартатын туындыдан ғасырлардағы соғыс, сынақтардан сүріндірмеген мықтылықты, ерлеріміздің даналығын жер шарының талай түкпіріндегілер естіді. Ұлтымыздың рухы дүр серпілді, сілкінді.

... Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым.
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдей сан тіріліп,
«Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым...

Таңба-таңба тәнімнің тыртықтары
Қатпарына қаншама сыр тықпады?
Шежіренің беттерін ашар о да,
Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын.

Қайратты, тегеурінді, өткір осындай эпикалық шығарма сезімді неге сілкіндірмесін?! 1917 жылғы Ұлы Октябрь революциясынан кейін даламызда «Кіші октябрь» орнатып, үстімізден кемсіте қараушылық қайта-қайта ушығуынан езілген еңсе неге тіктелмесін?! Басқадан артық болмасақ, еш кемдігіміз жоғының тасқа терең таңбаланғаны төбеңді неге көкке жеткізгендей болмасын?!

Әрине, орыс патшасы өкіметінің байтағымызға шүйіліп, тырнағын батыруынан соң Ұлы Октябрьдің, Ленин көсемнің кедей-кепшікті жұбатып, қарнын тойғызып, иінін бүтіндеуге тырысып баққаны, «шет аймақтағылардың» орасан құрылыстарға тартылуы да дастанда айшықты суреттеледі. Автор азаматтық бітімге ауысып, шумақтарды құлпыртып, ширатып отырады. Ағайын-бауырдың кісіліктен аттауына сын жебесін қадайды. Мысалы, «Қазақтың да жоқ емес «жау шаптары», «Бабасын да сатады арамға олар» немесе «Жақсы ішінде кейде бір жылан тудым» деуі ақиқат көзіне тура қарай білуінің жарқын мысалы ғой.

Иірімі мол көп поэма жазған ірі эпик абызымыздың шығармашылығында көзге тап бірден байқала қоймайтын жіңішке бір тін бар.

«Ұлтшылдықтың иісі шыққан» туындыларын айтпағанда, оның социалистік құрылыстың бұлдыр келешегін сезбеуі мүмкін емес. Мәскеудің, Коммунистік партияның бағытындағы көзбояушылық, жасандылық, көпірген көпсөзділік, республикаларды әркез кіріптарлықта ұстайтын айлакерлік түбі баянды болмайтынын кезінде  ақылды, санасы ояу азаматтарымыздың білгені мәлім. Соны Молдағалидің ұңғыт ұлы өз шығармаларында астарлап, кейде қапелімде оқырман ұғына қоймайтын бір эпитеттермен қағып өтеді, сыналап қылаңдатады. «Жіңішке бір тін» деп отырғанымыз осы.

Саясат салқынына қаншама ұрынса да, қазаққа ақыры тасадан тепсініп шығатын сағаттың соққаны – 1986-да, желтоқсанда. Кремльдің басынуына, әділетсіздігіне қарсы көтерілген жастарымыздың шындық орнауына деген ақ адал сенімдері аяусыз тапалды. Өрімдерді таяққа жықты, ажал құштырды. Олар туралы жер жүзіне «маскүнемдер», «нашақорлар» деген өтірікті таратты биліктегілер мен жандайшаптары. Мұндайда Молдағалиұлы қалай үнсіз қалсын? Желтоқсанның 31-інде, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбиннің (Желтоқсан көтерілісінің тура алдында осы қызметке әкелінген) жазушылармен кездесуінде ол арының алдындағы нағыз адалдықты көрсетті. Яғни, жастарымызға сұмдық зұлмат жасалғанын, кейін қазаққа көшелерде, қоғамдық орындарда тіл тигізу, қоқанлоққы көрсету секілді арандату, сұрқиялық болғанын айта келіп, «Мен сондай ұят оқиға және оның арты не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім», – деп күйзелді.

Сілтідей тұнған залда сөзін одан әрі сабақтап, жылдар тасасында «ұмытылған», «ескірген», яғни Кеңес билігі қолдан жасаған ашаршылықтарды, қуғын-сүргін трагедиясын тірілтті. Тың көтеру кезінде республикамызға «көмекке» қылмыскерлер де, ақша десе анасын сатудан тайынбайтындар да жіберілгенін, солар жеріміздің түп иелерінің ұлттың намысына тиетін әрекеттер жасағанын, келімсектер елдегі ұлттық арасалмақты өзгерткенін, осының сөзсіз зардабын баяндай келіп, «...көп жерде қазақ мектебінің саны күрт кеміді, ал қалалардағы істің жайын айтпаса да болады. Тіпті Алматыдағы қазақ мектептерінің саны, егер қателеспесем, екеу, не үшеу. Ал балабақша мәселесі бұдан да өткір. Ана тілін меңгеру нақ осы балабақшадан басталатыны бізге белгілі... Қандай ұлтқа жатпайық, біз, жазушылар үшін өте бір кіді мәселе – ол өзіміз жазып жүрген, өзіміз оқып жүрген ана тілінің проблемасы. Онсыз біздің өмір сүруіміздің мәні жоқ».

Осылай азаматымыз Желтоқсан-86-ның ісініп, жарылған тамырының түбі тереңге тартатынын даусыз дәлелдеп берді, ашып берді. Бұл жан азабының жанартауы еді! Бұл отаршылдық озбырлығына, тоталитаризм тепкісіне қарсы арыстанша атылу еді! Сол бір ызғарлы күндерде қыз-жігіттерімізге, жұртымызға жала жабылып, «өзге ұлтты шетінен иттің етінен жек көреді» деген өсек өрттей өршігенде, талайлар айта алмаған сөз еді бұл!

Ұлы аманат етейік еркіндікті,

Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.

Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең

«Қазақ болу зор бақыт!» дер күн тіпті, – деп («Мен қазақпын»), Желтоқсан көтерілісінен жиырма екі жыл бұрын жырлағанының әзиз жүрегінде қайнай келіп, қайрала келіп, шындық шыңында жарқырауы еді.

Болашаққа аманат еді мұның бәрі.

Айдай әлемге «Мен – қазақпын» деп жар салуы және Желтоқсан – бұлар іштей үндес, сабақтас, тамырлас. Міне, таза діліміз, рухымыз үшін күресіп өткен Жыр-Жұбан, Жанартау-Жұбан тас бауыр тарихымыздың бойына азаттықты аңсап, айқасып өткен айбоздарымызбен қатар тұр. Езілумен талай есесі кеткен елінде ақыры Тәуелсіздік таңы атуының басында тұрған батыр ол.

Батырдың өзі көре алмай кеткен осы таңға аманатының біразы, әлбетте, нақты іске айналды. Мемлекеттік тілімізде оқытатын оқу орындары еселеп көбейді. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің де тіліне, мәдениетіне қатысты мәселелер оң шешімін тапты. Демографиялық жай-күй жақсылыққа ойысты. Қазақ көбеюде! Лайым, тіл-көзден сақтасын де. Сонау шақтағы идеология жадымызды жаңылдырып, өткенімізді бұлдыратып жібергенде, тағдырымызды, ерлігімізді, намысымызды тірілткен оның жолын кейінгі өршілдер, зерделілер жалғастырып, ұлттық тарихымызды түгендеп, олжа салуда.

Дос та, дұшпан да білетін жоталы жетістіктер аз емес. Не жетіспей жатыр? Осыны айтайық де.

Азаттығымыз жолында басын бәйгеге тіккендер, шыбын жанын шүберекке түйгендер бағымыз үшін не керектігін тастай қып айтып кетті емес пе?

Әуелде қып-қызыл тудың астында ұрандатып, ертең керемет-ақ гүлденеміз деген елеске алданып жүріп қалып, ал тәуелсіздік жеткен кезде оның идеясын сезіну, санаға сіңіру қайдан оп-оңай болсын. Бірақ бұл тер төкпей, өтірікпен, алдаумен жаныңды жалдап байы деген сөз емес қой. Мемлекеттің экономикалық мүмкіндігін жеке басыңның пайдасы үшін сат, шаш деген сөз емес қой. Қайтерсің, сондай шұбар ала топтар шықты. Олар азаттықты айналаға жалмаңдай қарап, тек асай берумен алмастырып алды. Еркіндікті жүген-құрықсыз еркінсумен шатастырып алды. «Геройлардан» қалмауға тырысып, құлқынына елдің қолда барын жұлып алып қылғыта беретіндер еселеп көбейді. Ауылдықтар барынша өндірген өнімді базарға апарғанша қыруар тосқауыл, т.с.с. ағайынның есін кетірді. Әрине, халықтың «шортандардан» да, «шабақтардан» да қиянаты құбылып, ернеуіне толып тұр қазір де. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ әлгілер қитұрқы қымбатшылықтың (азық-түлік, т.б. бағасы) небірін ойлап табуға да қабілетті-ақ. Рас, бүгінде жаңаруға ұмтылған Қазақстанда қарны тойса да, көзі тоймағандарға қарсы ашық майдан күшейтілуде. Қалтасы еңбексіз қалыңдап, жал біткендерге құрық тасталуда. Кезінде қайраткер Жұбағамыз қаперлеген, қауіптенген жең ұшынан жалғасқан жымысқылық, парақорлық, жасанды табыстар тып-типыл сүрілсе екен дейсің. Мұндай дерттерге шалдыққандар өздерімен қоймай, рухани азғындықпен, дүниетанымдағы миғұлалықпен маңайын да улайды. Төңірегін меңіреулікке, сілімтіктікке, қырттыққа жетелеуге ондайлар шебер-ақ.

Ендеше, бізге не жетіспей жатқаны аян. Рухсыздықтың, тексіздіктің алдын алу жетіспей келеді. Сөйтпесек, «болары болып, бояуы сіңген» қасіреттерден арылмаймыз. Мына даламыздан дарын дарыған Жұбағаңдай дарабозымыздың келешекке тапсырғаны да сол.

Алдын алу дегеннен шығады, ең алдымен сол ертеңіміздің иесі – жас ұрпақты дүниенің қорлығынан қорғау қажет, сақтау қажет. Тәрбие, білім салаларында жетістікті баянды ету, осалдықты түзеу жағы ойсырап көрініп тұр.

Мысалы, оқуын енді ғана бітірген мұғалімдер арасында міндетті тестілеуден өте алмаушылар елімізде соншама неге көп? О бастан-ақ өзінің өресін білмеуден, «бірдеңе етіп диплом алу» деген баяғы түсініктен емес пе? Ал оқытушы оқытты ма, әлде қоқытты ма? Егер сөйтсе, жеткен жерімізді де.

Қалайық, қаламайық, бұл таңда бәсекелестіктің кілті – білім ғасырындамыз. Қазір мектеп оқушылары арасындағы түрлі байқау, сынақтардың көптігі сондай, қапелімде санына жету қиын. Соның біразы бала қабілетін, ұмтылысын шыңдауға керегі сөзсіз. Ал гәп санда емес, сапада. Шәкірттер алған жүлделі орынға мәз болуы жеткіліксіз. Мектептер ісін бір-бірімен салыстырып, сараптау, таразылау жағын ұмытпаған жөн. Барлық құндылық білімге барып тіреледі.

Айт, айтпа, Алаштың ой-санасы, салт-дәстүрі – тәлімнің, білімнің, біліктіліктің құдіретті қазынасы. Ұл-қыздарымыз мұны біле ме? Осыны уайымдаймыз ба? Фольклор және ауыз әдебиетімен көзін ашқан, төл әдебиетіміз бен әлем әдебиеті жауһарларымен таныс, есейген сайын шағып оқитын бала топ жарады, жиған-терген, тоқып-түйгені ұшы-қиырсыз болады. Сұңғылалылық қайда жатқанын білуге тиіспіз. Осы құнарлы қуат қой қарымды қаламгер Жұбағамыздай жандарды қайсарлыққа, қайраткерлікке жеткізген, шығармашылығына шабыт үстеген.

Шабыт демекші, ол ғұмыр бойына туған топырағынан күш-қайрат алды. Атажұртының ажары, табиғаттың сұлулығы туралы әрдайым жігерлене толғады. Осы арқылы халқының еңбекқорлық, имандылық, адалдық, намысқорлық, яғни бүкіл құндылығын жарқыратып көрсетті. Әттең-ай, дейсің,

Жағаңда өстім, Жайығым,
Анау бір қайың жас талша.
Кешерсің көздің айыбын,
Еріксіз бірер жас тамса.
Мөлдіреп түскен сол шықта
Қаншама нала, сағыныш!
Мөлт еткен осы моншақта
Қанша жол, қанша сабылыс! –

деп («Жағаңда тұрмын, Жайығым») ағынан жарыла сырын ақтарған өзеннің қазіргі жағдайы балаға да мәлім. Қос жағасынан жан-жағына соншама көбейтіп арна тартудан не ұттық? Орман-нуының шығар-шықпас жаны болуына апарған өзіміздің сауатсыздық емес пе? Ластап, сай-саланы бітеу Құдайдың жаратқанына ойсыздықпен қарау емей, немене? Осылайша, өзенді өкіретін күйге тап келтірдік. Әне, бар жасыл желекті мал тапауда. Ағаш сүрегін дайындайтын кәсіпкерлер тарапынан тоғайда заңсыз кесу ұшырасып қалатын көрінеді. Бизнестің қай түрі бұл?

«Орманды отағаның, өзіңе ор қазғаның» деген емес пе? Келер күнге ұялмай, қалай қараймыз?

Айнала ортаны бүлдірмек түгілі, Күнге, Айға қол шошайтып көрмеген алаштың ұрпағы емеспіз бе?

«Біз – Жұбанның еліміз!» дейміз сөз реті түскенде. Дұрыс. Соған лайықтылыққа ұмтылуды айт. Бір сұрақ қылтияды мына бір шеттен: «Осы біздің ауыл әкімдері, мекемелер жетекшілері Жұбанды біле ме екен?» деген. «Неге білмесін» дейсің. «Басшы болғандықтан, керек қой, оқысын, зейінін шоғырландырсын, ұғынсын, айтып жүрсін» дейді тағы бір ішкі үнің.

Айтқандайын, аталған ғасырлық мерейтойға байланысты «Жұбан Молдағалиев. Естеліктер. Тарихи-ғұмырнамалық анықтамалық» атты ауданымыз шығарған басылымның өзінде-ақ қаншама ағыл-тегіл дүние бар.

Әдебиет заманның, мемлекеттің, қоғамның қозғаушы, қанаттандырушы күші екенін Жұбан еліндегілерге ұғыну бек жарасады.

Өлең сыйлап, сөз тыңдаушы үшін ұлттық тұлғамыздың өркештене түсері анық. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі». Қара дауылда теңселмес бәйтерек ол.

«Алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін» деген майырылмас, мұқалмас жүзді наркескен.

Ақын көп, қаһарман Жұбан бір бөлек.

Адамдықтың арзандамауына, ұяттың ұйықтамауына, рухтың қалғымауына үндеп тұр.

Жанымызда жүрсін, жадымызда жүрсін әманда.

Заман – жастардікі. Жастық қайратқа үміт зор. Жұбандық жастар жарқырап жүргей.

32

Ерлеріміздің, естілеріміздің, еректеріміздің аманатына, өсиетіне, ескерткеніне құлақ асып жүрсек, өзімізді танимыз, азбаймыз, сүрінбейміз, қайыспаймыз. Мынау алатопалаңы бұрқ-сарқ қайнап, асып-тасқан әлемнің қитұрқылықтарынан арандап қалмаймыз.

Ақжайықтан түлеп ұшып, нағыз қазақ атанған, қарағайға қарсы біткен бұтақтай абызымыз бірге қоңыр даусымен үн қатып тұр...

Парасат Пайым,

еңбек ардагері

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале