28.05.2022, 12:04
Оқылды: 130

Қарағашта дүбірлі көкпар ойыны өтті

Жуырда Қарағаш ауылдық округінде ұлттық спортты дамытып, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында ауыл жастарының бастамасымен көкпар ойыны өтті. 

2

Биыл құрылған «Дарабоз» құрама командасына осы жерде туып-өскен 1980-2000 жылғы азаматтар 700 мың көлемінде қаржы жинап, шабандоздарға арнайы киім-кешек тіктіріп берді және ат әбзелдерін сыйға тартып, командаға қолдау көрсетті. Жомарт жүректі ағаларының сыйына риза болған жігіттер өз тараптарынан Алғыс айту көкпарын ұйымдастырды.

IMG-20220528-WA0014

Жарысты Қарағаш ауылдық округінің әкімі Мерхан Жүмиев құттықтау сөзбен ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» демекші, шабандоздарға ауыл азаматы Жантілеш Мұхамбетов ақ батасын берді.

IMG-20220528-WA0012

Аталмыш шараның демеушісі Саят Досаевтың ортаға тастаған серкесін «Атаман» және «Дарабоз» құрама командаларының жігіттері лезде іліп алып, дүбірлі доданы бастап кетті.

Жиналған көпшілік дала төсін ат тұяғының дүбіріне бөлеген жігіттердің батылдығына, ептілігіне тәнті болып, салым салған шабандоздарды қаржылай көтермелеп отырды. Жарыс нәтижесінде 8-11 есебімен «Дарабоз» командасы алға шықты. Команда капитаны Исанов Асхат үздік ойыншы болып танылды.

IMG-20220528-WA0013

- Ауа райының қолайсыздығына байланысты екі команда қатысқанымен, ойын өте тартысты өтті. Қос команда да айшықты ойын өрнегін көрсете білді. Алдағы уақытта бұл бастаманы дәстүрге айналдырсақ деген мақсатымыз бар. Бізге арнайы шабандоз киімін тіктіріп, ат әбзелдерін сыйға тартқан ауыл азаматтарына, әрдайым спорттық шараларда демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлер Аслан Жанатаровқа, Санат Құмашевқа, Бекет Тұрсыновқа және жарыс алаңын әзірлеуге атсалысқан Жантілеш Мұхамбетов пен Қайыржан  Әбуов, т.б. ауылдас ағаларымызға командамыздың атынан шынайы ризашылығымызды білдіремін, - дейді «Дарабоз» көкпар командасының жетекшісі Нұрқанат Бекберлиев.

Бірлігі бекем "дарабоздықтардың" дара шығар аламаны көп болсын!

Б.Баймағамбетова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале